Сайт жасау
Home » Көші-қон » Ұлан-Батырдағы апалы-сіңлілі полковниктер

Ұлан-Батырдағы апалы-сіңлілі полковниктер

Екі жыл бұрын шетелдегі қазақ диаспорасы үшін елең етерлік ерекше оқиға орын алды. Мәселенің мәнісін ашып айтар болсақ, Ұлан-Батыр қаласындағы бір қазақ отбасының қыздары, апалы-сіңлілі Жеңісгүл мен Анаргүл әскери саладағы үздік қызметтері үшін полковник шеніне ие болды.

«Бір шаңырақ астында өсіп-өніп, білдей шенге бірдей қол жеткізген ағайынды қыздар Шыңғыс хан жұртының тарихында бұрын-соңды болмаған» деп жазып жатыр моңғолиялық ақпарат құралдары.

Полковниктердің әкесі Қаусыл­ғазы Мұса­байұлы педагогика ғылым­дарының докторы, ғалым адам. Жазған еңбектері дәл қазір құрлық асып, сонау Америка мектептерінде оқытылып жүр. Анасының есімі – Қайырниса Жәлелқызы. Отбасында – төрт ұл, екі қыз.

Үйдің үлкені – Анаргүл Қаусылғазықызы 70-жылдардың соңында Петербордағы С.М. Киров атындағы әскери-медицина академиясын бітірген екен. Мамандығы әскери дәрігер. Ұзақ жыл әскери медицина саласында қызмет атқарып, 1987 жылы өзі оқыған академияда кандидаттық диссертациясын қорғап, соңынан Ұлан-Батырдағы Қорғаныс университетінде меди­цина ғылымдарының докторы ғы­лы­ми атағын алыпты. Сонымен қатар өткен жылы Анаргүлге «Еңбек сіңірген дәрігер» атағы да беріл­­ген екен.

Ал екінші полковник Анаргүл­дің туған сіңілісі Жеңісгүл  Ұлан-Батырда Кеңес Одағы офицерлерінің балалары оқитын  №8 орыс орта мектебін бітірген.  Жиырма жасында Моңғолия Ішкі істер ми­нистр­лігінің қатардағы бөліміне хат­шылық қызметке іліккен қыз үш жыл ішінде офицерлік құрамға өтіп,  «хатшылықтан бастап полковникке жеткен» аңыз адам ретінде тарихта аты қалды.

Жеңісгүл 1998 жылы Ресей Феде­ра­циясының байырғы оқу орын­дарының бірі –  Ресей Ішкі істер министрлігіне қарасты Петербор университетінде докторлық диссертация қорғапты. Ж.Қаусылғазықызы өзі қызмет еткен саланың жедел тергеу-тексеру ісі бойынша  ұзақ жыл абыройлы еңбек етіп, соңғы жылдары қазақтар көп қоныстанған Бай-Өлке аймақтық ішкі істер бас­қармасын басқарды. Қазір зейнет демалысында.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*