Сайт жасау
Home » Атажұрт-арнасы, отандастар ойы » Көптің көңілінен шығатын үндеу

Көптің көңілінен шығатын үндеу

Қазақ «келісіп пішкен тон келте болмас» дейді. Әр іске ақылмен байыппен қарап, көпшілік пікірімен санасып істеген іс шаруаның нәтижелі болары сөзсіз. Мен «Тарихи атажұрт» қоғамдық бірлестігінің алғашқы құрылтайына бастан аяқ қатысып, көтерілген мәселелерге, сөз алған адамдардың ой пікірлеріне мұқият зер салдым. Менің басты түйген ойым; Елбасы үнемі айтып ескертіп келе жатқан тәуелсіздігімізді қорғау, халықтың ынтымақ-берекесін арттыру сияқты маңызды іске  жеке адамның, қарапайым халықтың назар аударуы тым кемшін екендігін, жоғардан тапсырма, бұйрық, ұйымдастыру күтпей-ақ, халық өз ортасынан, төменнен бастама көтерудің маңызы зор екендігін біз ескере бермейміз. «Тарихи атажұрт» қоғамдық бірлестігінің құрылтайы  осы мәселені көтере білуімен ерекшеленді. Құрылтайға қатысқан зал толы жұрттың үндеуге мұқият назар бөліп, пікір ұсыныстарын ортаға салуы, тіпті бір азаматтың осы үндеуге «қазақ қазақпен тек қазақ тілінде сөйлессін» деген сөйлем кіргізейік деген ұсыныс айтуы біз халыққа қозғау сала білсек, белсенділігі артатынын аңғару қиын емес деген ойға жетеледі.

Қазіргі таңда сепаративтік, лаңкестік топтар әлем тыныштығына қауіп төндіріп, дүниежүзін алаңдатып тұрғанда біздің халық бейғамдықтан, қаперсіздіктен әлі арыла алған жоқ. Тәуелсіздігімізді алдық, бәрі болып жатыр деп тоқмейілдік танытамыз. Елбасы, мемлекет, билік тарапынан айтылып, ұйымдастып жатқан дүниелерге үн қосып, белсенді ат салыспаймыз. Аталған құрылтайға қатысқан қоғам, Мемлекет қайраткердері Мырзатай Жолдасбеков, Өмірзақ Озғанбаев сынды ағаларымыз осы қоғамдық бірлестікті құрып,құрылтай өткізіп, алыстан келген ағайындардың атажұртының тәуелсіздігін сақтауға, экономикалық дамуына қосар үлесін арттырсам деп жүгіріп жүрген Үзбен ініміздің, басқа да  азаматтардың адал ниетіне, қоғамдық белседілігіне жоғары баға берді. Орынды баға деп ойлаймын. Жоғарда айтқанымыздай бейғам халықты береке-бірлікке, саяси сергектікке шақыру, әрине, маңызды іс. Халықтың арасында серпіліс туғызу керек. Бұл тұрғыда құрылтайға қатысушылардың жалпы Қазақстан халқына жолдаған үндеуі тіпті де маңызды. Сыртқы дұшпандар бүгінгі таңда қай елді, қай ұлтты болмасын өткен дәуірлердегідей қарулы күшпен, атой салып, басып кіріп жаулап алмайды. Елдің өз ішінен алауыздық, көралмастық, бақталастық туындатып, іріткі салу арқылы діттеген мақсаттарына жетеді. «Тарихи атажұрт» қоғамдық білестігінің құрылтайынан Қазақстан халқына  жолданған үндеуінің тобықтай түйіні осы. Үндеу мәтінімен айтсақ, халықты «бір отан, бір ел, бар қазақ – бір қазақ» идеясын тереңдетуге; әр қазақ қазақ елінің тағдырына  жауапты болу» сынды ортақ идеяға жүгінуге, қаны қазақтың бәрін бауырымызға тартуға»  шақырып отыр.

Бұл бір қарағанда ұдайы айтылып келе жатқан жаттанды болған ұран сияқты көрінуі мүмкін. Мәселе сол идеяны жүзеге асыруға жалпы халықты жұмылдырсақ деген ниетте жатыр. Енді осы бастаманы халық болып қолдауымыз қажет. Бәрін де билік реттейді деп, соларға қарап, жалтақтап отырмай Қазақстанның тәуелсіздігін баянды етуге, елімізді «Мәңгілік ел» болдыруға әркім атсалысуы керек. Ол үшін осы үндеуге үн қосайық. Елімізде не көп, мемлекеттік емес ұйым көп деп жатамыз. Сол ұйымдар жоғардағы үндеуді қолдап, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы пікір ұсыныстарын халық талқысына салса, маңызын түсіндірсе, нұр үстіне нұр болары анық.

Тәуелсіздігіміз баянды болсын, береке-бірлікте болсақ, бақуатты тірлікте боламыз, ағайндар!

 

Амангелді Құсайынов

Қоғам қайраткері, Ақмола облысы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы

 

 

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*