Сайт жасау
Home » Көші-қон » АЛЫСТАН ОРАЛҒАН АҒАЙЫН – ҰЛТҚА ҚОСЫЛҒАН ҮЛКЕН ЖАҢҒЫРУ

АЛЫСТАН ОРАЛҒАН АҒАЙЫН – ҰЛТҚА ҚОСЫЛҒАН ҮЛКЕН ЖАҢҒЫРУ

Рухани жаңғыру – халықтың қайта түлеу кезеңі десек, алыстан оралған ағайын осы елдің рухани әлеміне келіп қосылған каусар бұлақ болды.

1955-1956 жылдан басталған көш керуені 1962 жылға келгенде бір толқып, 300 мың шамалы қазақ қазақстанға қоныс аударып еді. Бүгінде олардан аты белгілі Балқаш Бапин, Жағда Бабалық, Дәнеш Рақышев, Бұқара Тышқанбаев, Ахмет Жүнісов, Жолдасбай Тұрлыбаев, Қабдеш Жұмаділов, Құрманбай Толыбаев, Уақап Қыдырханұлы, Абылай Түгелбаев, Фарида Шарипова, Әмина Нұғыманова, Әлімғазы Дәулетхан, Нұрқасым Қазыбек, Нүкеш Бәдіғұлов, Жәркен Бөдешұлы, Қажытай Ілиясұлы, Айтан Нүсіпханұлы, Ғалым Нөкіш, Жанат Ахмәди, Несіпбек Айтұлы, Марфуға Айтқожина, Құныпия Алпысбаев, Зұфар Сейітжан, Оразақын Асқар, Кеңесжан Шалқар, Қазыхан Әше, Жабайыл Бейсенов, Қазтай Әбішұлы сынды талай-талай тұлғалар әр қырнан тарих бетіне із қалдырды. Сол топырқата туып келген Мұхтар Құл-Мұхаммед саяси сахнада көрнекті тұлғаға айналса, Секен Тұрысбеков күй болып төгілді, Майра Ілиясқызы ән болып шырқалды.

Мұндай мысалдарды тізе берсек, талай адамды атауға болады. Олар толып толысып, үрім-бұтағымен милионға жетті.

1991 жылғы тәуелсіздіктен кейін оралған бір миллион бауырлар да екі милионға өсті. Сөйтіп, тағдыр тәлкегіне ұшыраған ағайынның жыртығы жамалып, осы отан топырағын 3 миллион қазақпен толықтырды.

Кешегі күнгі Абылай заманы қазақтың туын қалай асқақтатса, сол бабаларымыздың ақ найзаның ұшымен, ақ сойылдың күшімен қорғаған байтақ даласының бағына туған  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алыстағы ағайынды отан құшағына оралтып, қазақ тарихында алтын парақтар ашты. Бүгінгі тәуелсіз қазақ елі Нұрсұлтандай дана басшысының арқасында айдай әлемге танылды.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев 1991 жылдың  31 желтоқсанында радиодан сөз сөйлеп, алыста жүрген қандастарға арнап, «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» атты әйгілі хатын жариялады.

Аталған хат «Егеменді Қазақстан» 1992 жыл 1 қаңтардағы санында жарық көріп, онда Елбасы: «Қымбатты отандастар! Қандас бауырлар! Ағайындар! Ата-мекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық! – деп ағынан ақтыралған еді. 

1992 жылы қыркүйек айында сол кездегі ел астанасы Алматы қала­сында Елбасының тікелей тапсырмасымен Дүниежүзі қазақтары­ның тұңғыш құрылтайы шақы­рыл­ды. Әлем қазақтары ыстық сағыншыпен, толқыған көңілмен бас қосып, атажұртқа аңсары ауды.

Осы толқында алғашқылардың бірі болып отан құшағына оралған әйгілі тұлға, көрнекті қайраткер Халифа Алтай Ғақыпұлы болды. Сол атамыздың 80 жасқа толған торқалы тойында арнайы құттықтау білдірген Елбасымыз:

«…Өзімен кеткір кешегі зобалаң заманда Отанымыздан еріксіз айырылып, алыс жерде жүргенмен, бүкіл саналы өміріңіз бойы – қайран Елім, Жерім, Халқым деп қабырғаңыз қайысып, армандап-аңсаған тілегіңізге жетіп, туған Қазақстанымыздың егеменді Ел, тәуелсіз Мемлекет екені әлемге әйгілі болғанда, Алатау бөктеріндегі әсем Алматыға асыға жетіп, қасиетті қара топырағымызды тізе бүге құшақтап, емірене сүйіп, жүрегіңіз қобалжып, көзіңізге жас алғаныңыз, алыстан қайтып оралған ағайындарымыздың арасында бірінші болып Қазақ Республикасының азаматы атағына иегер болғаныңыз есімізде»деп толқыған, толғамды ойларын білдірген болатын.

Ендігі жерде, Елбасының: «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан» деген сөзі әр бір көкірекке шам болып жағылды.

Сол көштің алғашқы легімен келген Халифа Алтай ағамыз Дүниежүзі қазақтарының бірінші  құрылтайында сөйлеген сөзінде: «…Әрине, туған жерден қол үзіп, ана-отаннан  айырылып, ұзақта жүрген адамның көңілі қашанда қаяулы болады. Бүгінгі мына Қазақстанның тәуелсіздік алғандығы және осы салтанатты құрылтай сол мұңымызды тарқатып, мақтаныш сезімін тудырды.

Дегенмен тағдырмен бетпе-бет келіп, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың сонау зар замандар, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаның» тауқыметтері ойға оралып, «Елім-айлап» ән салып зарлаған елдің қайғылы дауысы құлаққа естілмей, қамықтырмай қоймайды» деп тебіреніп еді.

Осылайша ендігі жерде алыстан оралған ағайынның осы ел мен жерге деген рухани жаңғыруы басталды. Өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Кеетігіміз толып, кетігімз жамалды. Халифа Алтай Атажұртына бір милион Құран Кәрімді тегін таратып, діліміз, дініміз жаңғырды. Хасан Оралтай «Азаттықта» «Елім-ай» деп толғанса, Дәлелхан Жаналтай «қилы заман, қиын күндерін» жеткізді. Мұстафа Өзтүрік қара белбеуімен бізді әлемдік деңгейге көтерді. Майра Мұхаметқызы ән болып шалқыса, Шұғыла Сапарғалықызы би болып толқыды. Абдуақап Қара «Мұстафа Шоқайға» жан бітірді, «Нұрғожай батыр»-ды сөйлетті. Ғылым саласында Қаржаубай Сартқожа Күлтегін болып қара тасқа жан бітірсе, Зардыхан Қинаят, Нәбижан Мұхаметхан, Ислам Жеменей, Тұрсынхан Зәкен, Мұртаза Бұлұтай, Дукен Мәсімхан, Зиябек Қабулдин, Бақыт Еженхан, Жәнімхан Ошан, т.б. толып жатқан ғалымдар тарихтың арғы-бергі бетін ақтарды. Ақтаңдақтарды толықтырды. Қанат Ислам қазақ ұлының сом жұдырығы арқылы талайды тізерлетті. Бүін міне, Бахаргүл Төлегенқызы «жүз жаңа есімге» кіріп жақсы жаңалығмен сүйіншілетті.

Жеке кәсіпкерлерден – Жеңіс Түркияұлы, Рахат Әбдіқадырұлдары, Мақсат Әбдіқадырұлдары, Азат Кәрімұлы, Жасан Зекейұлы, Шағанбек Қанжарбайұлы, Бахаргүл Төлегенқызы, Фарида Мерхамитқызы, Асқар Жакулин, Қайрат Айдарханұлы, Толқын Ақанұлы, Ғалым Пернебаев, Үйренішбек Әбеу, т.б. көптеген азаматтар өсіп жетіліп, осы елдің қаржылық айналымына өз әлінше қызмет етіп келеді.

Осының бәрі қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, рухани дүниемізді байытып, қазақ шаңрыағына алтын уықтар болып қаланды. Демек сөзіміздің басында айтқан ұлт руханиятына қосылған үлкен жаңғыру деп осыларды айтуға болады. Олар таза ділімен, тілімен, жүрегімен отанныа қызмет етуді абырой санап, халқымыздың заттық және рухани әлемін байыту жолында еңбек етіп келеді.

Олардың еңбегі ат басындай алтынға бергісіз толағай табыстар. Бүгінгі рухан жаңғыру тақырыбына тірі жан ретінде, сатып алуға болмайтын байлық ретінде қорсылған жан бауырларамыз. Ендеше, тәуелсіздіктің 26 жылында олар осы елдің ажырамас бөлшегіне айналып, тек қана халқым деп қана қызмет етеді.

Әрине, әрқандай елдің даму, өсу барысы толқынды кезеңдерді бастан кешеді. Қазақ көшінің басынан да осындай бірде биік, бірде төмен дегендей өзгерісшеңдікке толы күндер өтті. Соңғы жылдары көш саябырсығанмен алыстағы ағайынның атажұртқа деген ыстық махаббаты еш суынбады.

Біз шетелде 5 миллион қазақ бар дейміз. Шын мәнінде шетелде әлі де болса бес милионнан артық қандасымыз отыр. Олар үрім-бұтағымен бүгіндері қайта толып, толқысып 6 миллионға өсіп отыр. Оларға рухани жақтан көмек көрсету, олардың қазақы болмысын жоғалтып алмау – осы елдегі әр бір қазақ қанды азаматтың бұлжымас борышы.

«Баласы атқа мінсе, атасы тақымын қысады» демекші, қазақ елінің дамуын ақпарат құралдарынан әр күні бақылап отырған алыстағы ағайын тілектес, ниеттес көңілмен дұға жасаудан жаңылған емес. Демек, қазақ баласы елдерге шашылғанмен рухани бірлігінен айрылған жоқ. Елбасының алыстағы ағайын үшін, қазақ үшін айтқан әр бір жылы сөзінің өзі оларды қанаттандырып, желпіндіріп отырады.

Қалай дегенменде 1991-1992 жылдардан басталған қазақ көші осы жылдарға дейін жалғасып келеді. Жалғаса береді де. «Елге ел қосылса құт» дегенді қазекем осындайға қаратып айтса керек. Әсіресе, бүгінгі күнгі Елбасының саясатына орай Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының солтүстік өңірлерді қазақтандыру бастамасынан да күтетін үміт көп. «Бар қазақ бір қазақты, бір қазақ бар қазақты көтеру»-ді басты бағыт етсек, жер бетінде жесірлеріміз бен жетімдеріміз жыламас еді

Елбасының сарапдал саясатына үміт, сенім артқан алыстағы ағайын қашанда атамекен – Қазақстанды өздеріне арқа тірек санап, кеудесіне отан өрденін таққандай марқайып жүреді. Н.Ә.Назарбаевтың «ЕҢ БАСТЫ ЖОЛ  – ОТАНҒА БАСТАЙТЫН ЖОЛ» деген сөзі олардың санасында шамдай жарқырайды. Олар біздің жоғалтып алмауға, қорғауға тиісті асыл қазынамыз.  «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегендей осы топырақ барда олар ешқашан жетімдік көрмеуі тиіс!

 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ
    жазушы
Қазақстан жазушылар одағының,
Еуразия жазушылар одағының мүшесі
Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*