Сайт жасау
Home » Тарих қоржыны » Алматыдағы алғашқы халықаралық ақындар айтысы жайлы естелік

Алматыдағы алғашқы халықаралық ақындар айтысы жайлы естелік

Алматыға сапар

1989 жылы Қазақ Совет Республикасы тұңғыш рет халықаралық айтыс өткіземіз деп «Социалистік Қазақстан» /қазіргі Егемен Қазақстан/ газетіне хабарландыру берді. Айтысқа шетелдегі қазақтарды да шақырып сауын айтты. Бізге шақыруды Сілам Қабышұлынан беріп жіберіпті. Сәкең ол кезде МХРП-ның орталық комитетінің бас газеті «Үнэн»-нің /Ақиқат/ Баян-Өлгий аймағындағы меншікті тілшісі болатын.

Айтысқа кімдерді апару керектігі, оларды дайындау жұмысы Монголия жазушылар Одағына қарасты аймақтық жазушылар бөлімінің жанында құрылған «Мұрагер» фольклорлық ансамбеліне жүктелді. Мен осы ансамбельдің бастығы әрі көркемдік жетекшісі едім. Бөлім бастығы Кәкей Жаңжұңұлы екеміз ақылдаса келе әрі жазба, әрі айтыскер ақын Егеухан Мұқамәдиқызы мен айтыскер ақын Қабдыжәлел Сахарияұлына тоқайластық. Егештің басқа ақындардан сауаттылығы басым болса, Қабаң айтысқа қатысқалы бірер жыл болған, ысылған және домбырамен айтатын-ды. Монголияда осыған дейін ешкім домбыра ұстап айтыспайтын.

Сөйтіп шақыру орысшадан монголшаға аударылып Айпарткомның бұйрасынан (бюро) бекітілп, екі ақынды бастап баруға мені тағайындады.

Телеграммада айтыс болатын мерзім қазанның 25-інен 30-ына дейін. Жатын орын «Қазақстан» қонақ үйі, барлық қаражатты шақыру беруші ел өзіміз көтереміз депті.

Алматыға барамыз, Қазақстанды көреміз дегенде қуанышымызда шек болмады. Айтысқа қатысушылар мен ұйымдастырушыларды құттықтауды Кәкей өлеңмен жазып оны оқып тапсыруды маған жүктеді. Жалпы дайындық пысықталып, жолға шықтық.

МХР-ның шекарасынан өтіп Совет Одағының шекарасына келген кезде бізді өткізбей қойды. Застава бастығы якут ұлтының өкілі екен: «Бізге осындай адамдарды өткіз деген нұсқау берілген жоқ» деп екі күн қамады. Үшінші күн шекарашы қырғыз солдатын тілмаш етіп ертіп келіп, отырған залдан шығуымызды талап етті.

— Біз Совет-Монгол дос елміз, жау емеспіз, қолыңнан келсе атып таста деп, бара жатқан сапарымыз жайлы айтып-ақ бақтым.

Кетіп қалып қайта келгенде. автомат асынған бір солдатты ертіп келіп, сыртқа шығуымызды талап етіп тұрып алды. Қабаң қопаңдап еді, «Отыр мықты болса атып тастасын» деп ақырдым. Солдат не ата алмады, не кете алмады, аздан соң қайта шығып кетті. Застава бастығы түтігіп сөйлеп бара жатты. Егеш тарығып, кетсек қайтеді деген сыңай танытты…

Бұл жолы Алматыға бара алмасақ өмір бойы өкініш болары анық еді. Бір сағаттай уақыт өткенде бағанағы тілмаш болған қырғыз солдатты ертіп бір орыс солдат келді. Олар еріп жүріңдер деген соң сүйретіліп тұрып соңынан ердік. Сыртқа шыққан соң өткелектен өткізіп отырып, екі қабат ағаш үйдің үстіңгі қабатына алып шықты. Ана екеуін қалдырып мені ішке кіргізді. Екі орыс офицері отыр екен. Қайдан, қайда бара жатқанымызды сұрады. Мен Алматыда өтететін халықаралық айтысқа кетіп бара жатқанымызды айтып шақыртудың орысша нұсқасын көрсеттім. Көрген офицер рациямен сөйлесті де:

— Егер қайтарда Наушк жағымен кетсеңдер қазір өткіземін, — деп қадап айтты.

Келіспейтін шама қайда, аман-есен Алматыға жетіп айтысқа қатыса алсақ, қайтқанда мейлі тескен тау өткізіп жіберсін. Наушк кедені Монголияның солтүстік жағынан Буряд монгол елі арқылы өтетін шекара ғой. Өте қиыр алыс жол.

Дереу застава бастығын шақыртып алды да, бірдеме деп қолын сілтеп еді, ол ертіп келіп паспортымызға виза бастырып берді де, бұл жолмен қайта келсеңдер өткізбейміз деп ол да қайталады.

Содан итке қос артқандай товар артқан машиналарға отырып «Жаңа ауыл» совхозындағы менің жамағайын туысым Соңғыбай Қабдырақпанұлының үйіне келіп жан шақырдық.

Соқаң ағай көп жылдар совхоздың партком секраторы болып істеген, әртүрлі делегаттар құрамында болып біздің аймаққа келіп жүрген, қазақша таза сөйлейтін кісі еді. Жай-күйімізбен танысқан соң жақсы күтіп, демалғызып ертеңінде Горно-Алтайға самолетке отырғызып жіберді.

Сонда келіп әуежайда тарығып отырғанда қырғыз тымақ киген біреуді көріп, жабыса кетіп бізге көмектесуін сұрадым. Оның да орысшасы мәз емес екен. Інісі екеуі осындағы армиядағы ұлына хабарласуға келіпті. Билет таба алмай жүр екен. Бәріміз жабылып жүріп, өлдік-талдық дегенде Алматыға билет алдық-ау. «Өлмегенге өлі балық» деген осы шығар. Егеш бір бұрышта сумка олпылымызды жастанып алаңсыз ұйықтап жатыр. Қабаң кірпік қақпай күзетте. Мен Алматының ұшу рейісін аңдып екі қырғыздан көз жазбаймын. Бір кездері Алматыға ұшатын жолаушылар сыртқа шығыңдар деген жаңғырықтырған әйел даусы естілді. Таласып-тармасып екі өткелектен өтіп, «Як-40» ұшағына отыруға кезекке тұрдық. Екі қырғыз көрінбейді. Жүгіміз қолымызда. Алдымен Егеш баспалдақтан көтеріле бергенде билет тексеруші: «Какой Алматы, это – Архангельск» деп бақырып жіберді. Ал керек болса, қалғып-шұлғып жүріп Солтүстік мұзды мұхитқа кетіп қала жаздадық. Содан соң түртінектеп жүріп таңға жақын Алматы ұшағына отырып «үһ» дедік.

Алматыға таңертең келіп қондық. Ығы-жығы халық. Бір-бірімізден адаспау жағын ойладық. Сібер жауын. Әуежайда шұбырған жолаушыларға таласқан таксишілер. Жолдастарыма тек қазақ таксишіге отырамыз деп ескерттім. Барлық жауапкершілік менің мойнымда болған соң, шешім менен болатыны белгілі ғой. Мұндай адам нөпірі көп үлкен орталықты алғаш көргендіктен сақтанбасқа болама. Әр нәрсені тамашалап та қоямыз. Біреулер айырылыса алмай жылап тұрса, біреулер сүйісіп дегендей өліп-өшеді. Олар көпшіліктің ішінде қалай ұялмайтынына таңқаласың. Кәдімгі советтік кинофильмдегі секілді. Сөйтіп жүріп әрең дегенде сыртқа шығып шофері қазақ көлікке отырып едік, үстімізге бір орыс жігітін қоса отырғызып орысша сөйлей жөнелді. Мен дереу сыртқа шығып мынаған отырмаймыз деп басқа такси іздедік. Қазақша зуылдаған бір қазақ жігітін таптық. Мен оған:

— Бірінші – бізді Қазақстан қонақ үйіне дейін апарасың, екінші – өзге адам қосып отырғызбайсың, үшінші – ақшаңды бізді тиісті адамдардың қолына тапсырған соң аласың, төртінші – біз шетел азаматымыз, қандай бір оқыс жағдай болса басыңмен жауап бересің, — деп сапарымыздың мән-жайын түсіндірдім. Он бес рубльге келістік.

Қонақ үйге келдік. Шофер:

— Мен асығыс едім, — деді. Мен:

— Қазір мен бір адамға телефон шаламын. Сен сол кісі келген соң ғана ақшаңды аласың деп, сыртағы телефонмен Тұяқбаевқа осында келіп күтіп тұрғанымды айттым. Ол:

— Мен қазір барамын, — деді. Содан кейін ғана таксишіге он бес рублімізді төлеп ішке кіріп отырдық.

Тұяқбаев та дереу келді. Ол Абай атындағы опера-балет театрының бас суретшісі еді. Өлгейге өткен жазда барып жеке көрмесін ашып, театрдың артистеріне, және мұрагерліктерге арнайы киім тіктіруді мойынына алып келісім шарт жасасқан азамат еді.

Мейманханада біздің келуімізді күтіп Қабидаш Қалиасқарұлы мен ақын Қажым Жұмалиев жүр екен. Қуанышымызда шек жоқ. Қажым осы айтыс біткенше Монголиядан келгендерді жауаптанатын болыпты. Кейін Жүрсін Ерманов, Сәкен Жүнісов үшеуі Жүрсіннің үйінде қонақ еткенде, маған «Құланиек» деген жыр жинағын арнайы қолтаңбасымен сыйлап еді. Қайта кездесуді бізге бұйыртпапты. Қазақстан күндердің күндерінде тәуелсіз ел болатынына сенімді еді. Оңаша бір әңгімелесіп отырғанда:

— Балтық елінің кейбір азаматтары бізге, қазақтарға құрметпен бас иеді. Сендердің арқаларыңда Советтің езгісінен босап, бостандыққа жеттік дейді, — деген еді.

Қажымның дүниеден озғанын кейін теледидардан естідім. Омар Хаям айтқандай, құдайдың аманаттап берген жанын уақыты келгенде бәрімізде тапсырамыз ғой …

Сонымен айтыс басталардан бір күн бұрын кешке Қажым Егеш, Қабаң үшеуімізге Әбдікәрім Манапов пен Әсия Беркенова қосып Алматына аралауға жіберді. Медеуге тағы басқа жерлерге барып тамашаладық. Қабаң тынышсызданып Әсияны өлеңмен қағытумен болды. Әбдікәрім Егешті қажалап көріп еді, шаршап жүргендікі ме ол кісі ұйқыдан бас көтермеді. Әбең де осыдан ештеңе шықпас деп тоқырағандай болды. бір бастауға келгенде Әбең: «Көрдің бе Алматының арасанын» дегенде,

Қабаң: «Сипай көрме жеңгемнің қарасанын» деген қағытпалары әлі күнге есімде қалыпты.

Ертеңінде айтыс ақындарын сол кездегі күн көсем атындағы сарайға апарып сахнадағы отыратын орнын көрсетіп, барлық тәртіптің реттілігін таныстырып репетиция жасады. Кешке айтыстың ресми беташары жасалып үш мың орынды кең сарайға адамдар лық толды. Көрермендердің де екі қапталында да қаншама адамдар орын жетпей түрегеп тұрды. Айтыс басталар алдында сол кездегі Алматы қаласының әкімінің орынбасары Жібек Әмірханова құттықтау сөз сөйлеп, айтысқа Қарақалпақстаннан, Монголиядан ақындар келгенін, әдейі шақырту жіберсе де Қытай қазақтарынан айтыскерлер келмегеніне өкініш білдірді. Қазақ ССР-нің Компартиясы орталық комитетінің идеалогия жағын басқарған хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков қазақ халқының айтыс өнері оның сыр сипаты, мәні жөнінде сөз сөйлеп, айтысқа қатысушылар мен жалпы көрермендерге құттықтау жолдады. Сондай-ақ осы айтысқа қатысушылар мен ұйымдастырушыларға Монголия жазушылар одағының қазақ бөлімінің құттықтауын жеткізу маған жүктелді. Жүрсін Ерманов атымды атап микрофонға шақырды. Мен Кәкей Жаңжұңұлы жазған құттықтау өлеңді оқып Жүрсінге тапасырдым. Оған қоса «Монголия қазақтарының халық әндері» және «Сыбызғы күйлерінің жинағы» деген екі кітапты сыйға тарттым. Құттықтау өлең төмендегідей еді.

Елімнің елдігінен бұл бір белгі,

Шақырған шар тараптан білгірлерді,

Төріне Алматының тоғыстырдың,

Шаң жұқпас шашасына дүлділдерді.

Жиылып жырау іні, ақын аға,

Мәшһүр боп жақынға да, жатына да.

Ғаршыты қайта құру заманында,

Айтысым шықты әлемдік сахнаға.

Айтылман тіл мен көмей безенді енді,

Сапырып саумал көлмен өзендерді,

Құрлықты құрлықтарға жалғастырып,

Жақ болса жырлап қалар кезең келді.

Төгілсін ақындардан саулаған сөз,

Жарқ еткен алдыаспаннан аумаған сөз,

Аунасын аруағы бабалардың,

Көрсетсін құдіретін қаулаған сөз.

Жаңару жол сап берді еркіндетіп,

Айтысты алты әлемнен төркіндетіп,

Бабамның төл өнері түлесін бір,

Түңлігін Алатаудың желпілдетіп,

Ассалаумағалайкум, дүлдүлдерім!

Жаңғыртты дүниені дүбірлерің,

Қабыл ал Монголия отаныннан,

Құттықтап шын ниетін білдірді елім!

Айтыстың алғашқы күні Егеухан Әбдікәрім Манаповпен айтысты. Ертеңінде «Алматы ақшамы» газеті мен «Біздің Отан» деген қоғамның «Шалқар» газетіне құттықтау өлең мен Егештің айтысы басылыпты. Сол күнгі біздің сахнадағы суреттеріміз бен екі газеттің бір-бір данасын көрнекті ақын Марфуға Айтхожина апай әкеліп берді. Құшақтап бетімнен сүйіп сәт сапар тіледі. Суреттің астына төте жазумен аты-жөнін жазыпты. Бұл кісі

1960 жылдары Алтайдан келгенін кейінрек естідім. Беу, дүние-ай деші!

Түнімен ұйқы жоқ. Келесі айтысқа Қабидаш екеуіміз Қабдіжәлелді дайындап, өзімізше семинарладық. Өйткені Егештен Манаповтың жеңіліп қалуы бізге мұнан да зор талап қойылғаны белгілі еді.

Ертеңінде жалпы айтысқа қатысушыларды Абайдың ескерткішіне апарып, еркін әңгімелестіріп, киноға түсірді. Түстен кейін «Біздің Отан» қоғамының жігіттері түстік қонақ ас беріп, кездесу өткізді. «Шалқар» газетінің редакторы Қыдырхан ағай, «Біздің Отанның» хатшысы Әбен Омаровпен әңгімелесіп отырғанда кенет, аңырап-боздап толық денелі, орта жастан асқан адам кіріп келді де: « Осында бауырларым келгенін естіп, амандасуға келдім» — деп Егеуханды құшақтап, одан менің бетімнен сүйіп амандасты. Шіркін, қандас сағыныш-ай десеңші! Әлгі кісі өзін Сара Тышқанбаева деген апайларың боламын деп таныстырды. Алматыдағы мұндай кездесулерге соңында жеке тоқталайын.

Бұл күні Қабаң (Қабдыжәлел) Қазақстан Республикасының халық ақыны Әсия Беркенова және Жадыра Құтжановалармен жақсы айтыс өткізді. Қостанайлық ақын Жадыра Қабдыжәлелмен айтысқанда былай дегені бар:

Сахна ақындарды қосқан айдын,

Саған ммен көрсетпеспін босқа айбын,

Өзің де шын бақытты жігітсің ғой,

Кезіктің қос қызына Қостанайдың.

Қазақстан Республикасының халық ақыны Әсия Беркенова да Қостанайдың тумасы екен.

Егеуқан екінші кезекте Атыраулық Хатимолда Бердіғалиевпен айтысқа түсті. Айтыс барысында Хатимолда ақын Егешке өз домбырасын сыйға тартқаны естен кетпес оқиға болды.

Қысқасы Алматыда өткен алғашқы халықаралық ақындар айтысында 3-орын иеленіп елге де аман-сау жеттік. Осы айтысқа қатысып қайтқанымыздың өзі нағыз жеңіс еді.

Даңқымыз елге өзімізден апта бұрын жетіп Аймақтық Жастар Комитетінің екінші хатшысы Галбаа есімді монгол жігіті жастарға қазақ тілінде хабарлама жасап, біздің табысымыз жайлы құлақтандырып құттықтау жеткізіпті. Келсек гу-гу әңгіме. Халықпен кездескен кезде Алматыда өткен айтыс, кездесулер жайлы әңгімелеп, радиодан сұхбаттар бердім. Аймақ «Жаңа өмір» газетіне осы сапар туралы көлемді мақала жарияланды. Дінмұхамед Қонаевпен кездескенім туралы естігендер сол туралы сұрап мазамды алатын болды. Бір күні көшеде келе жатсам аймақтық бастығы Қызырхан ағай қарсы жолығып, менімен еріп жүр, сен Қонаевпен кездесіпсің ғой, кеңсеге барған соң асықпай айтып бересің деп ертіп алды. Бастық болса да пенде ғой, өз аузымнан естігісі келген болар. Ол оқиғаны асықпай естіп болған соң Қызың ағай: «Қазақстанға неше рет барғанымда ол кісіге жолығудың сәті бір түспеп еді, расында ғажап болған екен», — деді.

Бұл кездесулер туралы келесі материалда айтатын боламын.

Естен кетпес кездесулер

Сазгер- әнші Сапарәлімен кездесу. Алматыға келген алғашқы күннен бастап күтпеген кездеслер көп болды. Бүгіндері Шымкент облысында тұратын сазгер-әнші Сапарәлімен «Қазақстан» қонақ үйінде кездесіп сұхбаттастық. Сапакең айтыстың алғашқы күнін көріп барған ауылдасынан ести сала бізге кездесуге әдейі келіпті. Міне, ұлттық санасы жоғары, рухы биік те асқақ қазақ деп осындай азаматтарды айту керек. Сұхбат арасында Сапекеңнің «Ақ босаға» әнін таспаға жазып алдым. Қайта аймаққа барған кезде аймақ радиосына кездесу сұхбат берген кезде арасында осы кездесу туралы әңгімелеп әнді радиодан бергіздім. Солай «Ақ босаға» әні Монголия қазақтарының арасына тарап, өзінің орындаушыларын тапты. Сапекеңді Соңғы бір жылы «Айтуға оңай» бағдарламасының «Тасадағы таланттар» деген хабарынан көрдім.

Сара Тышқанбаевамен кездесу.

Басында айттым, бауырлар келіпті дегенді естіп сәлем бергелі келгенін. Сара Тышқанбаевамен кездесуіміз көптеген оқиғалардың тиегін ағытып жіберді. Бұл кісі Қытай

қазақтарына ғана емес Монголия қазақтарына да белгілі Бұхара Тышқанбаев ағамыздың жары, ақын Таңжарық Жолдыұлының қызы болып шықты. Міне, кездейсоқ болса да керемет оқиға деп осыны айт.

Ол апай бізден Монгол елінде қанша қазақ тұратынын, олардың тұрмыс-тіршілігін сұрап отырды. Сөз арасында келесі, 1990 жылы Бұхара ағамыздың 90 жасқа толғанын белгілеп өткізу шарасы болатынын айтты. Мен Улаанбаатарда жоғарғы оқу орнында оқып жүрген 1962 жылдары қытай тілінен монголшаға аударылып Монголияның «Цог» / «Жалын»/ деген әдеби журналына басылған «Ахмет пен Бағила» әңгімесін қазақшаға аударғанымды, аударма Бай-Өлкеде шығатын «Жаңа талап» әдеби журналының екі санына бөлініп басылғанын айтқанымда қуанышында шек болмады. Сол кезде «Қасен-Жамила» киносының оқиғасы Ахмет пен Бағила есімді жігіт пен қыздың басынан кешкендері екен деп еститінбіз. Аударуымның басты себебі де сол әсерден болар.

— Шамаң келсе Бұқара ағаңның тойына кел, соларды ала кел — деді. Мен елге барған соң көрейін, бұл жаққа келу қияметтің ісі екен деп, осы жолғы сапарымызда көрген қиыншылықтарымызды жасырмадым.

Ертеректе Ылайық Шалдыбаев деген азамат бұрынғы ақындрдың таңдамалы өлеңдер жинағын сыйлап еді. Сол кітаптан Таңжарықтың «Жас шама» деген сексен жолға жуық толғауын жатқа айтатынмын. Қазірде үйде отырғанда домбырамен қосылып айтып отырамын.

Осы толғаудан үзінді айтыпқанымда көзіне жас алып:

— Менің әкемді сендер де біледі екенсіңдер ғой, — деді. Қоштасарда маған телефон номерін, мекен-жайын берді. Өкініштісі біз қайта кезіге алмадық. «Жаңа талап» журналына басылған «Қасен-Жамила» әңгімесінің қағазы сарғайған әлі сақтаулы. Содан бері 56 жыл болыпты.

Мансұр тәйжімен кездесу.

Осы айтысты тамашалап көріп қайтуға Түркиядан келген Мансұр тәйжі деген азаматпен кездесіп таныстым. Сүйегі /руы/ найман, Құсайын тәйжінің ұлы екен. Өзінің айтуынша Өр Алтайдан Халибек, Халифа Алтай, Хасен Оралтайлармен бірге Анадолыға бала кезінде барыпты. Қазір Германияның Бонн қаласында екен. Қытайда тағы бірнеше елде тері илеп онан әртүрлі бұйым жасайтын шағын өндірісі барын, сәті келсе Қазақстанда да қолға алу ниеті барын айтты. Әртүрлі кездесулерде бірге болдық. Қоштасарда қазақ дәстүрімен шапан жаба алмасамда сахнаға киетін жағасы мен өңірін кестелеп тіккен жейдемнің біреуін беріп; — Апайыңның өз қолымен тіккені еді, көзіндей көріп жүр, — дедім.

Осы кездесудің жалғасы сияқты бір қызықты айта кетейін. Кейінрек «Мұрагер» ансамбелінің жетекшісі кезімде айтыс ақындарымды ертіп өнерлік сапармен көршілес Қобда аймағына барып айтыс, концерт ұйымдастырып жүргенде бір күні қобдалық Нұрдолда ақын мені бейтаныс қазақ азаматтың үйіне ертіп апарды. Қысы-жазы киіз үйде тұрады екен. Мынау Жөндел деген Қытайдан қашып келген азамат. Маған туған ағадай болып кетті. Екеуімізде аймақтық жастар комитетінде істейміз. Бұл аға – темір ұстасы. Қолынан бәрі келеді. Шеберліктің сан түрін меңгерген деп таныстырды. Әңгімелесе келе Жөкең әкесімен бірге туған Хұсайын тәйжі деген кісі Қытайдан Түркияға қашып кеткенін, олардан еш хабарсыз шерменде өмір кешіп жүргенін айтқанда, менің есіме Мансұр тәйжімен кездескенім орала кетті. Оған мен: — Туысыңның ұлы Мансұр тәйжімен Алматыда кездескенімді, қазір Германияның Бонн қаласында тұратынын айтқанда еңіреп жыласын келіп.

1992-93 жылдары Жөкең атажұртқа көшіп келіп, мен берген адреспен Мансұр інісіне кезігіпті. Кәдімгі ертегінің оқиғасы сияқты.

Тәуелсіздіктің арқасында қаншама қандастарымыз бір-бірімен табысқанын, қайтадан бір шаңырақ астына жиналғанына оқушы қауым сіздерде куәсіздер деп ойлаймын. Монголдарда: «Адасып жүріп ағайынға жолығады», — деген мақал бар. Сол осы.

Мардан Байділдаев ағамызбен кездесу.

Ағамыз айтыстың басынан аяғына дейін бірге болды. Талай әңгімелер айтты. 1944 жылы үлкен аламан айтыс өтеді. Айтыста Нартай ақын бас жүлденге ие болады. Ағамыз сонда Нартайға ақбоз ат мінгізіпті. Осы жолы тағы солай жасаймыз. Жоғарыдағыларды көндіріп қойдым деді. Жамбыл облысының циркісінен түйедей биік ақ боз атты тік ұшақпен жеткіздіртті. Айтыстың соңғы күні сахнаның түпкі бұрышына байлап қойғызды. Айтыста бас жүлдені иеленген Жадыра Құтжанованы сол атқа өзі көтеріп мінгізді. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігін» қазақша сөйлеткен ұлтшыл ағамыз бізді Алматы әуежайында өзі келіп шығарып салып еді. Қазіргідей алмағайып заманда ондай тұлғалардың орны ойсырап-ақ тұр.

 

 

Тайф Тәукейұлы
Монголияның еңбек сіңірген өнер қайраткері,
Монголия мен Қазақстанның театр қайраткерлері одағының мүшесі,
Монголияның әлде неше мерекелік орден-медалдарының иегері.

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*