Сайт жасау
Home » Жаңалықтар » Сексен мыңға жуық сөздік қоры бар «Қытайша-қазақша үлкен сөздік»  жарық көрді

Сексен мыңға жуық сөздік қоры бар «Қытайша-қазақша үлкен сөздік»  жарық көрді

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы,  көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі дипломат, қытайтанушы-ғалым Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей қолдауымен қазіргі қытай тілінің қолданысындағы 80 мыңға таяу сөз бен сөз тіркесі қамтылған «Қытайша-қазақша үлкен сөздік»  жарық көрді. Бұл туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, белгілі ақын, аудармашы, Қытайтанушы ғалым Дүкен Мәсімханұлы өзінің фейсбук парақшасында сүйіншілей хабарлады.

Сөздікті құрастырған Қытайтанушы ғалым Дүкен Мәсімханұлы мен оның жұбайы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қытай филологиясы кафедрасының доценті Айнұр Әбиденқызы. Автордың жазуынша бұл сөздікті құрастыруға он жылдан астам уақыт кеткен. Кітап Алматы қаласындағы «Эксклюзив-КА» баспасынан 2000 дана, көлемі 120 баспа табақ болып жарық көрген. Дүкен Мәсімханұлының әлеуметтік желідегі жазбасына қарасақ:

Қазақстан мен ҚХР елдері арасындағы сан-салалы қарым-қатынастың қарқын алуы, өз кезегінде еліміздің еңбек нарығында қытай тілінің мамандарына деген сұранысты күшейте түскені белгілі. Алайда, ширек ғасырдан бері еліміздегі қытай тілін үйренушілер мен ұстаздар, аудармашылар мен дипломаттар негізінен «қытайша-орысша сөзіктердің» көмегіне жүгініп келгені ащы да болса ақиқат. Бұл жағдай, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде, Қазақ-Қытай қарым-қатынасында өз деңгейінде көрінуіне көлеңкесін де түсіріп келді. Еліміздің ғылым-білім саласындағы осынау ақтаңдақтың орнын толтыруға септігі тиер деген ниетпен қолға алған шаруа еді, 2017 жылдың күзінде соңғы нүктесін қойып, баспаға тапсырғанбыз. Бірінші Алланың арқасында, екінші тікелей ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қ.К.Тоқаевтың қолдауымен «Сөздігіміз» қалық қазақ оқырманына жол тартты.

Осыған байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы қабылдап, шынайы құттықтады. «Сөздікті» қолына ұстап тұрып: «Бұндай тілді қос көлемді сөздік құрастыру жұмысымен әдетте, тұтас бір институт ондаған жылдар айналысады. Сіздердікі нағыз ерлік!» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Шынында да біз, ерлі-зайыпты екеуміздікі көзсіз ерлік болғанын құрастыру жұмысы барысында сәт сайын сезініп отырдық. Әйтеу әупіріммен соңына шыққан болдық….
Осы орайда «Сөздіктің» еліміз үшін маңызы мен қажеттігін ескеріп, бізге жақыннан жәрдемде болған, қол ұшын берген, көмектескен, жарық көруіне тікелей ат салысқан ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қ.К.Тоқаевқа, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлына, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Е.Б.Сыдықовқа, сондай-ақ «Эксклюзив КА» баспасының басшылығы мен ұжымына шын жүректен һәм борышкер көңілмен алғысымызды айтамыз!!!
«Сөздік» жасау тәжібибеміз бен уақыттың тапшылығы, қабілет-қарым, күш-қуатымыздың шектеулігі салдарынан «сөздікте» қателік-кемшіліктердің болуы әбден мүмкін…
Еліміздің іші-сыртындағы қытай тілі мамандары кездескен қателік-кемшіліктерге түсіністікпен қарай отырып, шынайы жанашыр, достық сын-пікір береді деп үміттенеміз.

Алдағы күндерде Астана қаласында аталмыш «сөздіктіктің» тұсаукесері өтпек.

 

«Atazhurt2050.kz»

 

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*