Сайт жасау
Home » Сыр-сұхбат » Шетелдегі әр қазақ Қазақстанды ат байлар түп қазығы санайды — Токиодағы профессор Әбдібек Қалибекұлы

Шетелдегі әр қазақ Қазақстанды ат байлар түп қазығы санайды — Токиодағы профессор Әбдібек Қалибекұлы

ХХ ғасырдың басында алаш арыстары болашақ Қазақ мемлекетін құруда, шығыстағы Жапон елін үлгі етуді мұрат тұтқан болатын. Сол Жапония бүгінде әлемнің дамыған елдерінің көшін бастап жүр.

Қазіргі заманда Алаштың мұратын арқалаған, өнер-білім бар жұрттан ғылым іздеген қазақ баласы әлемнің әр түкпірінде кездеседі. Міне сондай талапты азаматтардың бірі —  Жапонияның беделді университетінде жұмыс жасайтын, медицина ғылымдарының докторы, білікті профессор Әбдібек Қалибекұлы. Жапондарды білім-білігімен мойындатып жүрген азаматпен, Астанаға жолы түскен сапары кезінде сұхбаттасып қалудың сәті келді.

— Әбдібек Қалибекұлы, өскен ортаңыз туралы айтып берсеңіз?
— Мен  Қытайдың Шыңжаң өлкесінің орталығы Үрімжі қаласында туып-өстім. Отбасында 7 ағайындымыз, өзімнен үлкен 5 аға-әпкем бар. Алғаш мектеп табалдырығын аттап, 1-сыныпқа барғанымда оқуға осы аға-әпкелерім жетектеп апаратыны есімде. Мектептегі білімді Үрімжі қалалық №17 бастауыш және қалалық №36 қазақ орта мектептерінде жүріп алдым. Ал 1998-2004 жылдары Шынжаң медицина университетінде клиникалық медицина мамандығы бойынша оқып шықтым.

— Жапонияға қалай жолыңыз түсті?
— Осы жоғары оқу орнында оқып жүрген кезде Жапонияға барып оқысам деген арманым болды. Жапон медицинасы әлемде жоғары деңгейде дамыған. Сондықтан, дамыған елден білім алуға ынталандым. Олардың ғалымдары 60-70 жылдардың өзінде отаның көптеген  жаңа түрлерін тауып жататын. Ал жапон ұлтының жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын, қажырлы, ізденімпаз халық болуы да мені қызықтырды. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін осы армандарды орындауға талпындым. Жапонияның медицина университеттеріне түсу үшін біраз сатыдан өту керек екен. Қойылатын шарттары да көп. Мен ішкі Қытайдың Чаңчүн қаласында бір жыл дайындық курстарын оқыдым. Осыдан кейін барып жүрек-қантамырлары ауруларын зерттеу бойынша Токио университетінде бір жылдық тағылымдамадан өтудің мүмкіндігіне қол жеткіздім.

Алғаш келгенде Жапонияда жүріп профессорлық атақ алам деген ой мүлдем болған жоқ. Бір жыл шыдап, оқуымды бітірсем болды деп ойлаппын. Кейіннен Жапонияда тұрған бір жыл ішінде бұл ойым өзгерді. Оқуымды әрі қарай жалғастырып, білім деңгейімді көтерудің жақсы мүмкіндіктері бар екенін білдім. Оқу орнындағы мықты профессорлар мен білікті ғалымдарға кездесіп, пікірлесудің сәті түсті. Жапон тілін жақсы меңгере отырып, олармен еркін тілдесіп, өзімнің ой-арманымды айтуға мүмкіндік алдым.  Менің қазіргі ұстазым, Жапониядағы ең білікті балалар дәрігері Ямата Кансингоға алғаш жолыққан сәтім ерекше есте қалыпты. Мен профессорға алдын ала хабарласып, рұхсатын алып кездесуге келгенімде, ол кісі жануарларға тәжірибе жасап жатыр екен. Жылы жүзбен қарсы алды, маған бірден келіп көмектес деді де, қолыма құралдарды ұстатып қойды, өзі отаға кірісіп кетті.

Сол уақытта менің санамды «атақты ғалым өзіне шәкірттікке қабылдай ма, жоқ па» деген сұрақ мазалай берді. Алты сағат тұрдым. Тәжірибе сәтті болды деді. Басқа артық сөз болған жоқ, маған бұрылып, ертең құжаттарыңды оқу орнына әкеліп тапсыр деді. Осылайша, аспирантураға құжат өткізіп,сынақтарынан сүрінбей өтіп, оқуға қабылдандым. Кейіннен осы ұстазымның жетекшілігімен докторлық та (2007-2011 жылдары) қорғадым. 2013 жылы Дзюнтэндо университеті балалар хирургиясы ғылымы бойынша профессорлық атақ берді.

— Дзюнтэндо университеті туралы айтып берсеңіз…
— Дзюнтэндо (juntendo university) университеті Жапонияның астанасы Токиода орналасқан. Университет жанынан ашылған жеке клиникалық ауруханасы бар. Сонымен бірге басқа қалаларда тағы 5 емдеу орталығы жұмыс істейді. Орталықтың 175 жылдық тарихы бар. Әсіресе, соңғы 20 жылда қарқынды дамып, Жапониядағы медициналық орталықтардың үздік ондығына кіріп отыр. Жапонияда мұндай орталықтар өзіндік ерекшеліктерімен, салалық бағыттарымен, білікті мамандарымен бағаланады. Дзюнтэндоның клиникалық ауруханасы Балалар аурулары, нейрохирургия, Кардиология салаларын жоғары деңгейде зерттеп, дамыта отырып, басымдық беріп емдейді. Кезінде осы  клиникалық орталықта Жапон императорының жүрегіне операция жасалған. Патша әулетінің басқа да мүшелері осында келіп қаралып, ем қабылдап тұрады. Сондай-ақ, Жапон елінің атынан Олимпиадаға қатысатын спортшылардың денсаулығы да біздің орталықтың бақылауында болады.

— Балалар хирургы мамандығын таңдауыңызға не себеп болды? 
— Осы мамандықты таңдағанда балалар хирургінің көп жерде сұрансқа ие болатын назарда ұстадым. Адам баласының сапалы өсіп-жетілуі үшін, денсаулығы ақаусыз ұрпақ тәрбиелеу үшін бұл мамандықтың маңызы айырықша. Балалар дәргерінің жұмысы күрделі, жауапкершілігі ауыр. Ересек адамдарға қарағанда құрсақтағы балаға немесе жаңа туған нәрестеге ем жасау ерекше мұқияттылықты, ептілікті, біліктілікті қажет етеді. Шала туған 500 граммдық шақалақтан бастап, 15 жасқа дейінгі жасөспірім біздің дәргерлердің еміне жүгінеді. Осы кезеңдердегі барлық денсаулық тарихы жазылған кітапша әрі қарай дәргерлердің науқасқа ем жасауына көмектеседі. Ал мұндай мүмкіндік өмір есігін енді ашқан, жаңа туған балада болмайтыны белгілі. Біз жас, нәзік ағзаны тыңнан, жаңадан бастап зерттеп, бақылап қана емдеуге алып барамыз

— Жұмысыңыздың басым бағыты, негізгі зерттеу нысаналарыңыз қандай?
— Қазіргі жұмысым Университеттің 5 курстарына сыртқы аурулардың негізі туралы сабақ беремін. Университет жанында құрылған менің атымдағы зертхана жұмыс істейді. 30-ға жуық шәкіртім бар және доктор тәрбиелеймін. Шәкірттеріммен бірге зертханада жануарларды бағып, оларға тәжірибе жасаймыз. Бұл клиникалық аурухананың балалар хирургиясы әлемнің ең дамыған орталықтарының көшін бастап тұр. Мұнда баланың құрсақтағы кезінде жетілмей кемістікпен, шала тууының себептерін, оның алдын алу, емдеу жолдарын зерттейді. Өңеші, өті жоқ болып туу немесе өт, ішек жолдарының тұйықталып қалуы, өкпенің жетілмеуі секілді күрделі ауру түрлерін жан-жақты емдейді. Менің де зерттеу нысанам, қарайтын науқастарым осындай аурулар. Сапалы ұрық жетілдіру, эмбрионның қалыпты дамуы, оған қалай күтім жасап, неден сақтану керек деген мәселелерді қараймыз. Балаларда болатын түрлі аурулардың себебін зерттейміз. Бұл ауру әкесінен немесе шешесі тарабынан келді ме? Құрсақта жүргенде анасының дұрыс тамақтанбай, өзін күтпеуінен туындады ма? Тіптен, ана өзіне артық күтім жасап балаға зиян келді ме, деген түйткілді сұрақтардың барлығын назарға аламыз. Құрсақтағы баланың 3-4 ай кезінде вирустар, бактериялар жылдам әсер етіп жатады. Оған қазіргі дамыған замандағы күнделікті қолданыстағы техниканың әсері болатыны сөзсіз.

Әрине, оны нақты ғылыми дәлелдермен анықтау керек. Денсаулық — адам өмірінің бағалы байлығы. Денсаулықты сақтау мен нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға ақпарат құралдары да  көбірек атсалысуы қажет деп ойлаймын. Жапония телеарналарында денсаулықты қалай күту, түрлі аурулардан қалай сақтану туралы хабарлар күн сайын беріліп отырады. Қазақстан үшін әр адам басты байлық. Ал ауырған адамды емдеуге мемлекеттің қаншама қаржысы шығындалады. Сол қаржының бір бөлігін салауатты өмір салтын ұстануды қоғамға насихаттауға жұмсаса пайдалы болар еді.

— Жапондар өз мамандарын шетелден оқыта ма?
— Әрине, оқытады. Біздің орталықтың шетелден тағылымдамадан өтуге бағыттаған арнайы бағдарламасы бар. Бұрындары Австралия, Ұлыбритания, АҚШ, Германия елдеріне шығып білім алатын. Соңғы жылдары  тек АҚШ пен Ұлыбританияға ғана барып тағылымдамадан өтіп келіп жүр. Басқа елдерге бару тиімсіз деп тапқан сыңайлы. Ол жақтан негізінен тіл үйренеді, зерттеулерге қатысып, тәжірибе алмасады. Шетелге шыққан маман 1 жылдан 3 жылға дейін тұрып келеді.

— Жапон жұрты Қазақ елін қаншалықты таниды? Жапонияда білім алып жатқан қазақтар туралы айтсаңыз.
— Жапондықтардың басым көпшілігі Қазақстан туралы ақпаратқа қанық емес. Арасында әртүрлі байланыспен Қазақстанға келіп-кетіп жүрген адамдар білуі мүмкін. Олардың ішінде түбіміз бір туыспыз дейтіндер де бар. Жапонияға шетелден келіп оқитындар көп. Ал медицина ғылымын таңдаған қазақ  жастары Жапонияға енді-енді келіп оқып жатыр. Токио университетінде Қытайдан келген үш қазақ азаматы білім алып жүр. Оларға кеңес беріп, өзім ертіп келгем. Моңғолия, Ресей елдерінде тұратын қандастарымыздың арасынан келіп оқып, жұмыс істеп жүрген қазақтар бар. Қазақстан азаматтары «Болашақ» бағдарламасымен келіп магистратурада оқып жүр. Болашақта осы азаматтардың ғылыми атақтарын қорғап, білікті ғалым болып жетіліп шығуына тілектеспін.

— Мемлекетін озық ғылымға арқа сүйеп өркендетіп отырған елдің білім беру жүйесінен қандай артықшылық аңғардыңыз?
— Арнайы зерделеп талдасаң, бізге ұқсамайтын заңдары мен өзіндік кемелденген жүйелері көп шығар. Жалпы халық, қоғам, билік болып барлығы ұзақ тарих бойы қалай оқысақ озық боламыз, білімді боламыз дегенге ден қойған сыңайлы. Сол ізденіс, талпыныс, тәжірибе жинақтала келіп, белгілі дәрежеде кемелді оқыту жүйесін әзірлеген деп санаймын. Ең бастысы, халық тәртіпке бағынғыш, білім үйренуге ынталы. Үкімет те өз тарабынан білім алуға барлық жағдайды жасап қойған. Мысалы, жапондықтарға бір жұмыс тапсырсаңыз, оны соңына дейін тыңғылықты істеп шығады. Сіз оны бақыламасаңыз да болады. Бүгін осы үйді тазалап қойыңыз десеңіз, олар екі сағатта тазалап тастап, демалып жатпайды, қайта-қайта қадағалап, жұмысын пысықтайды.

— Қазақстаннан Жапонияға қандай науқастар емделуге барады?
— Науқастар Жапонияға қатерлі ісік ауруларын емдетуге жиі келеді.  Ал, Астанадағы «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» секілді медициналық орталықтар менімен және біздің клиникалық орталықпен байланысқа шығып жүр. Олар өздеріне келген ерекше науқастың ауру деректерін онлайн желі арқылы маған жібереді, мен соған қарап өз кеңесімді беремін. Ауыр науқас болса орталықтағы білікті мамандардың басын қосып, ақылдасып шешім қабылдаймыз. Жапонияға барып емделем деп, маған жеке өздері хабарласатын науқастар да бар. Олардың да ауру тарихын қарап, келу-келмеуді айтам. Қанша қаражат, қанша уақыт кететінін, қандай сатымен ем қабылдайтынын, мүмкіндігінше ауруынан толық немесе қандай дәрежеде жазылатынын айтып, түсіндіремін. Менің қазірше қолымнан келгені, қазақ еліне жасап жатқан көмегім осы.

— Қазақ елі Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Қазақ жұртына айтар ақ тілегіңізді білсек. Атажұртқа сіздің ауылдың көші қашан келіп қонар екен?
— Алыстағы Жапонияда, Тынық мұхиттың аралдарында тұрып қазақ ұлтының тәуелсіз мемлекетіне сағынышпен, мақтанышпен, тілектес көңілмен, ықылас пейілмен елжірей қараймын. Елдің әр басқан қадамын бақылаймыз, жақсы жаңалығы болса, қуанамыз. Қазақстанның болашағы жарқын, дамыған ел болатынына сенемін. Шетелде жүрген әр қазақ Қазақстан мемлекетін ат байлар түп қазығы, қамқоршысы санайды. Мен де болашақта Токиодан Астанаға көштің басын бұратын шығармын. Елге келсем деген ниетім бар.

Автор: Бақытжол Кәкеш

 

 

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*