Сайт жасау
Home » Тарих қоржыны » БІР ӘН-МЫҢ КӨШТІҢ ТАҒДЫРЫ …

БІР ӘН-МЫҢ КӨШТІҢ ТАҒДЫРЫ …

Ардақты ағайын Алтайдың теріскей бетіндегі Монғолия елінің Баян-Өлгий аймағындағы аз ғана қазақтардың байырғы қарамекенін тастап, атажұртқа Қазақ еліне көшкен тағдырын Мұрат Пұшатайұлы ағамыз жүрегімен сезініп керемет шабытпен «Ел көшкенде» өлеңін жазып, талантты компазитор Бержан Файзулла ағамыз ән жазған еді. Қос ағамыз да көп жасамай жастай дүниеден озды. Бірақ артына өлмес мұрасы, тарихи сәттің куәсі, жалпы Алтайдың арғы-бергі бетіне түгел тараған «Ел көшкенде» әні қалды. Мұнда кейбір рулар ренжіп жүр дейді… Не Алтайдан Керей, Уақ, Наймандар ғана көшкен жоқ ғой деп… Бұл жерде Баян-Өлгийде негізгі көп шоғырланған рулар осылар болғандықтан ағамыз өлеңіне арқау еткен болар. Сынап сөкпей жақсы ән, елін-жерін қимай-қимай көшкен көшпенділер тағдыры, көңіліндегі сағынышы мен туған жерге деген адалдықтың ән баяны деп түсініңіздер. Осы әнді Меруеш Башайқызы және тағы басқа әншілер орындап жүр. Өркеш-өркеш тауларын, шалқар-шалқар көлдерін, қора-қора қойларын, өзен, бұлақ ойларын тастап, туған-туыс ағайынынан жырақтанып көшкендегі ең басты мақсаты ұрпағының кемел болашығын ойлағаны. Туған жерден қыспақ көріп көштік деуден аулақпыз. Мұрат ағам ән қайырмасында жырлағандай ол жердегі жергілікті мұңғыл халқы «урианхай», «дөрбет» , «тыва», ұлыстармен де тату-тәтті өмір сүрдік. Әлі ол жерде қазақтар монғол жұртымен береке-бірлікте тұрмыс кешуде. Баян-Өлгий аймағы — қазақтар көп тұратын ұлттық аймақ. Қазақ тілінде мектебі бар, мәдениет, өнер ошақтары, радиосы, теледидары бар және Қазақ елінің, Шыңжанның телеканалдарын түгел көріп отыр. Қалай болғанда мемлекет қазақтікі деп айта алмаймыз… Ағайындар болашаққа алаңдап, қазақтың қара шаңырағына үкілі үмітпен ұрпағын шұбыртып келген соңғы көші болар… Марқұм қос ағамыздың жандары жәннатта, топырақтары торқа болсын!

ЕЛ КӨШКЕНДЕ
Сөзі: Мұрат Пұшатайұлы
әні: Бержан Файзуллаұлы

Үш Ойғырдың басынан ел көшкенін-ай,
Қара желі Қобданың желдеткенін-ай.
Бейбіт күнде бөлініп ағайыннан,
Бойы күдік, ойды мұң меңдеткенін-ай.

Қайырмасы:
Керей, Уақ, Найманым,
Бұзылмаған қаймағым.
Кімге тастап барасың,
Баян- Өлгей аймағын.

Қия алмайсың, қимайсың сүйікті елді-ай,
Мөлдір бастау қарлы тау биіктерді-ай.
Неге ғана мен ылғи көше берем-ай,
Көше беру еншіме тиіппеді-ай.

Қайырмасы:
Керей, Найман, Уағым,
Күнгей, бетім шуағым.
Тілім, салтым байлығым,
Мөлдір бастау-ей бұлағым.

Жер ұйығы Ойғырдың, Жебеті, Усай-ай,
Жылқым өріп барады-ай жусай-жусай-ай.
Жаны жомарт Мұңғылдар бауырларым-ай,
Тумасақта болып-ек туысқандай-ай

Қайырмасы:
Урианхай менен Дөрбетім,
Дөңгеленген келбетің,
Ел көшкенде жер жетім,
Мен көшкенде-ей, сен жетім.

Ешкім кесіп кетпейді ат кекілін-ай,
Ата жұртым шақырды ашты есігін-ай.
Көшкеніңде кінә жоқ қалғаныңда-ай,
Сен аман бол туған жер бақ бесігім-ай.

Қайырмасы
Найман, Уақ, Керейім,
Арта берсін мерейің.
Түтініңді түзерсің
Бұдан артық-ей не дейін!

Көшуге бел байлаған,
Көліктерін сайлаған.
Ағайынға мың алғыс,
Ұрпақ қамын-ей ойлаған.

Алыс кетіп жүдеген,
Сағынышы үдеген.
Ағайынның бұл әнім,
Амандығын-ей тілеген!

Авторы: Бақытбол Берімбайұлы
Астана қаласы

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*