Сайт жасау
Home » Тарих қоржыны » Он үш үйлі жанның аштықтан құтылуы

Он үш үйлі жанның аштықтан құтылуы

Ақын, ауыз әдебиетін жинаушы Бидолда Байсалаңұлы

Бидолда Байсалаңұлы 1933 – жылы 11- айда ҚХР ШҰАР-ның Жеменей ауданының Маскөз (Ласты өзені) деген жерінде дүниеге келген. 1941-1944-жылдары Бурылтоғай ауданының Жетіарал өңірінде 1944- 1947-жыл діни дәріс алған. 1947-1950-жылдары  орталау мектепті бітірген. 1950-1951-жылдары Алтай аймақтық кадрлар мектебін бітіріп, 1951- 1954-жылдары Бурылтоғай аудандық, райондық-ауылдық үкімет құру қызметімен шұғылданған. 1955 жылы Шынжаң өлкелік кадрлар мектебінің заң класын бітірген. 1955- 1958-жылдары автономиялы райондық заң университетінде оқытушы болып істеді.

1958 -1960 жылдары Бейжің орталық заң институтында оқыды. 1960 -1962 жыдары автономиялы райондық заң университетінде оқытушы болды. 1963-965 жылдары Дөрбілжін аудандық шануйде (Парткомда) қызмет істеді. 1966 жылдан мәдениет төңкерісінің дүйшаңы, 1976- 1993 жылдар аралығында Дөрбілжін аудандық сотттың алқа мүшесі, қылмысты істер коллегия бастығы, адвокат сияқты қызметтер атқарып  саналы ғұмырын заң, әділет саласына арнаған. Бірақ жас шағында жетімдіктің, жоқшылықтың азабын көп көрген, басынан бір кісідей қиыншылық, бейнетті өмір де өткізген.

Ұзақ жылдар бойы заң, құқық саласында мемлекеттік қызмет атқарса да ұлттық сөз өнерімізді пір тұтқан Бидолла Байсалаңұлы өмірінің соңына дейін қолынан қаламын тастамай өлең-жыр жазудың сыртында көгентүп тарихымызға қатысты көнекөз қариялардан естіген шежіре үзінділерін, бұрын баспа бетіне жарияланбаған ауыз әдебиеті үлгілерін қағазға түсіріп отырған. Ғибратты мысал әңгімелер, Абай өміріне қатысты естігендері, әсіресе Отарбай ақынның (өзі сол ауылда өскен) оның ұлы ақын Әпсадықтың өмірі, шығармашылығы жайлы деректері аса құнды.Сондай-ақ  осы өлкеде өмір сүрген әзілкеш Ескендір Сыйлыбайұлының әзілдерін де қағаз бетіне түсірген.

Ақынның  қытай қазақтарының өткен ғасыры бастан кешкен тауқыметінің бір парасындай  өзінің  қиындықтарға толы өмір жолы жайлы естеліктері де  жан тебірентеді. Өкініштісі өз өлеңдерімен қатар жиған-терген әдеби қазыналарын көзінің тірісінде кітап етіп шығара алмай  2009 жылы дүниеден өткен. Әдебиет пен тарихқа қатысты асыл дүниелерге толы қолжазбасын Астана қаласында тұратын ұлы Дәурен бұл күндері баспаға  әзірлеуде.

Біз әуелгі  кезекте Байсалаңұлы Бидолданың өз өмірбаянына қатысты естелігінен үзінді ұсынып отырмыз.

 

                Он үш үйлі жанның аштықтан құтылуы

    1945 жылы Бурылтоғай ауданының Жетіарал ауылынан бір топ ауыл гоминдаңның қырғыншылығынан, тағы бір жағынан банды құйыршықтарының талан-таражысынан аман болу үшін үш аймақ төңкерісінің нұсқауы бойынша Сауыр тауыннан асып, Жеменей шекарасынан Қазақстан жеріне көшіп барып, сол жылы 7-айдан келер жылғы 5-айға дейін Сайқан тауының солтүстік жағындағы Көртерек деген жерге қыстадық. Қазақстан даласының шөптесін болғаны мен шөбі нәрсіз болғанынан ба немесе төрт түлік Алтай малының жерсінбеуінен бе, көшіп барған елдің малы қыстың 11- айынан бастап, арықтап қырыла бастады да, біз қыстаған маңдағы елдің әр үйінде бірден-екіден ғана мал тірі қалды.

Совет- Герман соғысы жүріп жатқан жылдар болғандықтан астық дәні табылмай қолымыздағы тірі малды сойып жеп күнелттік. Еттен басқа қорегіміз жоқ болды. Үнемі жегенде адам тіршілігінің азығы үшін, мал етінің де кенеуі болмайды екен.

Осындай жағдайда 2-айда әкем жарықтық үйімізде жұттан тірі қалған екі сиырдың біреуі 5 жастағы қызыл сиырды коректік дәнге сату үшін,  өзі жетектеп, маған айдатып, бір жарым күн жол басып, екінші күні бір қалашықтағы мал алушыға өткізді. Сиырдың бодауын алу үшін үш күн тосып жатып, үшінші күні барсақ, сол бір жуан сиыр үшін бізге бір бұт бидай, бір бұт картоп, бір қапшық цейлон шайын берді. Мен әкеме сиырымыздың құны осы ғана болды ма десем, әкем «қарағым, мынадай ашаршылықта  бір сиырдың етінен бір пұт бидай артық болады. Мен бір пұт бидай алғанымызға қуанып келемін»,– деді.

Үйге келген соң, шешем жарықтық әр күні бір уақыт үйдегі төрт жанға бір уыс бидайды қуырып, дастарқанның бетіне шашып, теріп жегізетін. Қазір бір уыс бидайды дастарқанға төгіп қойса, озбырлау екі ерке бала бірақ жей саламыз емес пе, аштан өлмейтін ауыз, толтырып тоймайтын орта құрсақ күн өткіздік.

Қазақстан жеріне біздің үй үш жүздей қой, он неше ірі қарамен барып еді. Жерімізге қайтарда (5-айда) жалғыз сұр төбел атқа бір туырлық, бірер сырмақ, бірнеше көрпені теңдеп, екі жастағы Күміс деген қарындасымды жүктің үстіне отырғызып, басқамыз жаяу шұбырып, Жеменейдегі шекарадан өтуге бет алдық.

 

                         Аштық азабы

Бір адамның өмірі бір топ адамды әрлендірді. 1946 жылы жазғытұрым ұлттық үкіметтің нұсқауы бойынша қалың ауыл Жеменей шекарасынан мекенімізге келу үшін Жетіаралдан барған жеті семия (бірінші біздің үй, екінші Қабдыкарім, әйелі Күлай, үшінші Құнияз әйелі Жібек, төртінші Дәуіт әйелі Жамал, бесінші Данияр шешесі Айсұлу, алтыншы Зуқай әйелі Нұрғайын, жетінші Каслақын әйелі Зібиқа) жаяу-жалпы сыбайлас болып, шұбырып қайттық.

Осы бір топ семия барлығы да ішіп жейтіні жоқ, күн-түні жүріп, екінші күні түсте бір бұлақтың бойында дамылдап жатқанымызда алдымыздан шыққан бір адам шұбырып келе жатқан қалың елді аралай атпен шауып, айғайлап – «молда бар ма… молда бар ма? Бір адам жаназасыз кететін болды-ау…» деп айқайлады. Сонда біздің ауылдың адамдары:  «Бар,… мұнда молда бар» деп шақырып алды да, «міне, мынау молда» деп мені  әлгі адамға мінгестіріп жіберді.

Ауылға барсақ, өлім болған үйдің алдында адамдар топталып жүр екен. Әлгі адам мені көрсетіп, «мына бала молда…» екен деп таныстырды да, өлген әйелдің табытын шығарып, менің айтуым бойынша өлікті күн батыс жаққа, бетін қыбылаға қаратып қойды. Жиналған жұрт жаназа шығаруға сапқа тұрды.

Бұрын қалың топтың алдында тұрып, ұлағатты адам болып көрмегендіктен біраз қорғаншақтасам да әйтеуір жаназа шығарған болдым. Жаназаны дұрыс шығардым ба, жоқ па, күні бүгінге дейін анық біле  алмадым. Сөйтіп, мен үйіме қайттым. Арада бір мезгіл өткенде үш қой айдаған бір адам «молда баланың үйі қайсы?» деп айғайлап жүріп, қойды біздің үйге тапсырып берді.

Ата-анам ауылдағы жігіттерге «мына қойларды сойып, етін осы оншақты семияға бөліп беріңдер. Осы еттің күшімен жерімізге жетіп қалармыз» деп үлестіріп бергізді. Ауызға салар ас жоқ, бұралып әрең келе жатқанда етпен коректеніп, әл жинап, оңтүстікке қарай шұбырып, ертеңінде таңертең  шекарадан өтіп, әркім өз алдына тартты.

Артынан естісек, қайтыс болған Ақжон деген жерде қыстап, малы жұттан аман қалған бір байдың әйелі екен.

      

        Сарымсақ сорпа жанды алып қалды

Шекарадан өткен соң тау ішімен жүріп, орынқты елге жетпекші болсақ та екі күн аш жүріп, үшінші күні бір сайға келіп дамылдадық. Біраз жатып ұйықтаған соң, атам мен апам мені күнгей беттен сарымсақ жұлып келуге жіберді де өздері сай-сайды аралап, далада қалған ку сүйектерді теріп әкелді. Сүйекті ұсақтап, онан соң мен жұлып әкелген сарымсақты турады.

Сүйекті қазанға су құйып қайнатып, алғашқы қайнаған суды төгіп тастап, таза су құйып, қайтадан қайнатты. Ұзақ уақыт қайнаған соң, сүйекті сүзіп тастап, ұсақталған сарымсақты салып, оны да ұзақ уақыт қайнатты. Күміс, мен, атам үшеуіміз аштықтан бұралып, күнге мажаурап ұйықтап қалған екенбіз. Апам бізді түгел оятып, бір-бір тостаған сорпа құйып беріп,  «көп ішсеңдер ашөзектеріңе түсесіңдер» деп ұйықтауға жатқызды да, түн ортасы болу керек, қайтадан оятып, екі тостағаннан сорпа ішкізді.

Үш күндік аштығымыз ұмытылғандай, тіпті, көбеңсіп қалғандай жырғап қалдық. Атам «жяу шұбырмайық. Мен атқа мініп (жұттан қалған жалғыз атымыз) кімдердің ауылы бар екен біліп келейін…» деп аттанып кетіп, бір қонып,  қайтып келді. Бір қоржын сүрі ет, құрт-ірімшік сияқты жейтін дән алып келді.

Атамның айтуынша орынықты елдің шетіне барып сұрастырып, бір белдің астында бұрын өзінің шәкірті болған Дамбалбай – Шұнақ деген ауқатты ауылдар отырғанын естиді. Атам қуанып, өзінің қайда барып, қайда келе жатқанын айтыпты. Әлгі ауылдағы шәкірттері кезекпен шақырып, сыйлапты да жеңгеміздің сыбағасы деп шәкірттерінің семиялары кебежедегі сүрі еттерінен, құрт-майларынан апама арнап дән  салып беріпті.

Біз атамның шәкірттері ұсынған дәндерін жеп, Жеменейддегі Ласты бойында отырған әкемнің әкесінің күйеу балсы Сарыбайдың ауылына Дәрмен деген кісіге қара тартып, сол ауылдың іргесіне келіп, қос тігіп көрші болдық.

 

Сайтқа әзірлеген  Бодаухан Тоқанұлы

 

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*