Сайт жасау
Home » Әдебиет арнасы » От тілді Отарбай ақын жайлы

От тілді Отарбай ақын жайлы

(Жыр құмар балалық шағымнан есте қалғандар)

 

«Мекенім Сайқан, Сәуір, Бурылтоғай,

Керейдің басқаруымен жүрміз Жанай.

Салбырты  мен Жетіарал құт мекенім,

Жаз жаннатым жап-жасыл Орта Алтай»,- деп өзі жырға қосқандай Өр Алтайдың қасиетті  топырағынан жаралып, өз заманында ақындығымен бүкіл қазақ халқына белгілі болып, аты тарихқа қалған Отарбай Дүйсенбіұлы 1864-жылы туылып, 1924-жылы алпыс жасында қайтыс болған.       Отарбайдың ең алғаш ақын болып танылуына жайлақ өгізге өздігінен қарғып міне алмағандығы себеп болыпты. Бұл уақиға былай болған: Оның әкесі шағын дәулетті адам екен.  Азғана малын ең кіші ұлы 11 жастағы  Отарбайға өгіз мінгізіп бақтырады. Бір күні түсте Отарбай қарттардың өз ара құрған әңгімесіне құлақ салып отырғанда қойың өріп кеткенін,  Дүйсенбінің 3-ұлы Садақ келіп айтады.  Мұны естіген әкесі малсақ Дүйсенбі Отарбайға зіркілдеп ұрсып, үйден  қуып шығады да: »Әй, қой артынан тез бар» дейді. Бірақ қой жаюға мінетін өгізінің мұрындығын қазықтан шешіп алып, бірнеше ұмтылса да бойы шарғы болғандықтан өгізге қарғып міне алмайды. Сонда әкесі онан ары ашуланып, Отарбайды ұрмақшы болып ұмтылғанда, Отарбай әкесіне:

»Отарбайдың ойы емес бойы қысқа,

Өгізге міне алмадым асығыста,

Ұрғанменен қолыңыз қатты тиер,

Онан да өгізімнің басын ұста» депті. Ұлының жөпелдемеде айтқан өлеңіне тәнті болған әкесі Отарбайды аяғынан көтеріп өгізге мінгізген екен.       Сыртта Дүйсекеңнің баласына зекігенін, Отарбайдың әкесіне айтқан өлеңін естіп отырған үйдегі адамдар: «Япырым-ау, мына Отарбай ақын болғалы тұр екен. Алдыңғы жылы шешесі »быдық» деп ұрысқанда:

«Құдайым жаратыпты »быдық» қылып,

Әкеміз таптырыпты қызық қылып,

Намыстансаң несіне бала дейсің,

Не үшін таптың мені былықтырып» депті деп естіп едік, мына балаға ақындық дарыған болды ғой»  дескен екен.

Отарбай өз тұсында ұлықтардың зәрінен қорықпайтын, байларға жағымпазданбайтын турашыл ақын болған екен.  Оның бір өлеңінде өзінің турашылдығын, өлеңге алғырлығын былай жырлайды:

 

Атымды әкем қойған Отарбаймын,

Өлеңдетпей тып-тыныш жата алмаймын.

Бай мен манап берсе де алтын күміс,

Арымды, намысымды сата алмаймын.

 

Мойныма қажаз қылыш тақалса да,

Тілімді әділеттен тарта алмаймын.

Алдау менен арбауға сатқын болып,

Жалған сөзді шұбыртып айта алмаймын.

 

Өлеңнің сарқылмайтын бұлағымын,

Қазаққа өлеңменен сыралғымын.

Анамнан туылғам жоқ сақау болып,

Жел сөздің ақиығы, қыранымын.

 

Өлеңді екпіндеттім ескен желдей,

Ұлықтар өштесер деп еш сескенбей.

Ешкімнен тайсалмадым тар кезеңде,

Бәрін де жеңіп келем есе бермей.

 

Тұқырттым ақынсыған сатқындарды,

Алтайдың таудан түскен көшкініндей

Талайларын қақтадым от пен шоққа,

Арықтан өлген қойдың төстігіндей.

Отарбай ақын сол заманда билеуші таптан қымсынбай ғасырлар бойы өзгенің боданы болып, теңдік көрмеген қазақ халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған  көптеген өлең шығарған. Сол өлеңдерінің бірінде:

Азырақ аялдайын қазағыма,

Қазағым өміріне разыма.

Азды-тозды ұзақ жыл қайран елім,

Жолығып жауларының мазағына.

Аяусыз қырғындады, сүргіндеді,

Момақан болғанына жазалы ма?

Жаулары қырғындапты тыным бермей,

Себеп боп қазағымның тозарына,

Жаулары бауыздапты аталарды,

Күңдікке олжалапты аналарды.

Қойды қырған қасқырдай, қан жосағып,

Мылжалапты нәресте балаларды.

Осылай азап тартып тозды қазақ,

Ақтабан шұбырынды болды қазақ.

Жұдырыктай жұмылу керектігін,

Енді ғана түсініп білді қазақ.

Екі рет айырылған мекеніне,

Мінеки, Алтайына келді қазақ.

Отарбайдың ақындық дарын таланты оның ұрпақтарына да дарыды. Әйгілі ақынның Сақыпжамал, Шүгірбай, Садық, Әпсадық дейтін төрт баласының ішінде Әпсадық сылтыңшыл ақын және Елтоқ руының залыңы (Үкірдайдың орынбасары) болған. Әпсадық дүбірлі арысқа түсіп, айтпаса да әзіл-қалжың, сықақ өлеңдерді көп айтқан. Отарбай төрт ұлының кенжесі Әпсадықты өзіме ізбасар бола ма деп үміттенеді екен. Сондықтан Әпсадыққа арнап:

Кенже ұлым тентегім-Әпсадығым,

Ешкімге болған емес қастандығым.

Сен де ержетіп боларсың бір азамат,

Болмасын еш адамға қастандығың.

 

Үміттенем жақсы адам бола ма деп,

Ақылың үмітімдей тола ма деп.

Көңілім разы боп тоғаяр ед,

Шаттанар ем ұйқыдан ояна кеп.

 

Әкеңіз бала кезде қойшы болды,

Есейгенде өлеңші, тойшы болды.

Өз еліне қадірі кеткені жоқ,

Ақылға сап талдарсың дұрыс жолды,- деп өлең арнаған. Әпсадық жайлы жеке әңгімелеймін.

 

Бидолда Байсалаңұлы

 

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*