Сайт жасау
Home » Жаңалықтар » «АТАЖҰРТҚА АРНАДЫМ» АШЫҚ БАЙҚАУЫ ЖАРИЯЛАНДЫ

«АТАЖҰРТҚА АРНАДЫМ» АШЫҚ БАЙҚАУЫ ЖАРИЯЛАНДЫ

Республикалық «Тарихи Атажұрт» қоғамдық бірлестігі, Ақмола облысы Ақкөл ауданы әкімдігінің Ішкі саясат, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері, «Ақкөл-ақпарат» ЖШС бірлесе отырған, Ақкөл ауданы мен Ақмола облысының кез-келген азаматы ғана емес, Республиканың өзге өңірлерінің тұрғындары да қатыса алатын ашық байқау өткізеді. Байқаудың мақсаты – аңсаған ата жұртына оралып, бар білімін, біліктілігін, іскерлік қасиеттерін, қабілет-қарымын, ниет-пиғылын қазақ елі мен жерін көркейтуге, отандастарының рухын көтеруге жұмсаған азаматтарды анықтап, олардың ізгі істерін үлгі-өнеге ету, ел қошаметін көрсету.

Ел алдында елеулі еңбегімен көрініп жүрген Үміткерді 7 адамның қолы қойылған қолдау мәтінімен, кез-келген бастамашы топ ұсына алады. Үміткердің фотосуреті, өмір дерегі, толық мекен-жайы мен байланыс телефоны – А4 форматты, 14 қаріптік өлшем бойынша 5 беттен аспаған альбом түріндегі, дәйекті ұсыным 2018 жылдың 15 ақпанына дейін мына мекен-жайға жолдануы тиіс: Ақмола облысы Ақкөл қаласы Нұрмағамбетов көшесі 57 үй.  Элпошта: akkol.media@mail.com.

Ақпан, наурыз айларында үміткерлер жайлы деректер және бастамашы топ әзірлеген қолдау мәтіндері Ақкөл ауданының «Ақкөл өмірі» газетінде және www.atazhurt2050kz сайтында жарияланады. Сәуір айында үміткерлер деректерімен танысу жұмыстары жүргізіледі.

Үміткер жайлы деректер негізінде байқау қазылары мынадай бағаларды ұсына алады:

а) үміткер атқарған жұмыстың (жұмыстардың) әлеуметтік, экономикалық маңызы, перспективалық мәні – 7 балл;

ә) үміткер атқарған жұмыстың (жұмыстардың) ауқымдылығы – 7 балл;

б) үміткер атқарған жұмыстың (жұмыстардың) күрделілігі (басқа үміткерлер жұмыстарымен салыстырмалы түрде) – 7 балл;

г) үміткер жұмысы (жұмыстары) барысында құрылған жұмыс орындары, дайындалған шәкірттері, ізбасарлары – 7 балл;

Бұдан басқа үміткердің байқауды ұйымдастыру комитетінен (8-775-727-07-56) әрқайсысының құны 1 (бір) мың теңгеден қолдау бетшелерін сатып алып, өзінің ұпай қорын молайтуына мүмкіндігі бар. Әр 10 (он) қолдау бетшесіне үміткерге қосымша 1(бір) балл қосылады. Қолдау бетшелерінен жиналған қаражат байқауды өткізуге, байқау нәтижелері басылатын кітапшаны (кітапты) шығаруға және әр қатысушының жүлде қорын арттыруға жұмсалады.

Байқау қорытындысы 2018 жылдың 3 мамыры күні Ақкөл қаласында өтетін Тіл және Рух мерекесінде шығарылады.

Барлық сауал-ұсыныстарыңызды akkol.media@mail.com электронды пошта жәшігіне салу арқылы жауап ала аласыздар. Тікелей +7-775-727-08-56 телефоны арқылы да хабарласуға болады.

 

Қуаныш Нұрсадықов,

«Ақкөл-ақпарат» ЖШС директоры,

жоба жетекшісі.

 

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*