Сайт жасау
Home » Жаңалықтар » Қазақтың «Көкжалы» Шиандағы жарыста бас жүлдені жеңіп алды

Қазақтың «Көкжалы» Шиандағы жарыста бас жүлдені жеңіп алды

Қазақтың «Көкжалы» Шиандағы жарыста бас жүлдені жеңіп алды — kazakcnr.com   Шианда ережесіз жекпе-жектен 84 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Естай Темірұлы (лақап аты «Көкжал») іріктеу турнирінде бас жүлдені жеңіп алды.

Ол осылайша ақпанның 5-8 күндері Қытайда өтетін әлемдік жекпе-жекке жолдаманы қанжығалап отыр. «Біздің батырымыз Естай додада шешесі тіккен ұлттық киімді киіп, салауатын асырып, дұшпанның сағын сындырардай айбармен шаршы алаңға көтерілген еді», — деп жазады қытайлық kazakcnr.com әлеуметтік желісінде.

Бұл әлеуметтік желінің мәліметінше, Естай 2017 жылы туған жері Алтайдан  Шиан қаласына келіп ережесіз жекпе-жек өнерін үйреніп бастаған. 2010 жылдан 2013 жылға дейін Естай Шынжаң Спорт институтынан білім алып, 2011 жылы Шынжаңда өткен еркін күрестен, 2012 жылы тағы да Шынжаңда дәстүрлі күрес жарысынан бас жүлдені жеңіп алады. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін үйіне қайтып, біраз уақыт спорттан шеттеп қалады. Ол әр жолы теледидардан өзі қызығатын ережесіз жекпе-жекті көрген кезде үйінде байыздап отыра алмай кетеді екен. Бір күні әке-шешесіне өзінің осындай спорт түрімен шұғылданғысы келетінін айтады. Бірақ ата-анасы оны қолдамайды.

Таудай арман арқалаған жас ұлан ғаламтордан ережесіз жекпе-жекке қатысты материалдар көріп, өз бетінше машықтана бастайды. Кейін арманына жетуге бел байлап, достарынан қарыз ақша алып, Шианға аттанады. Шиандағы күндері өз ойлағанындай бірден сәтіне баспайды, жаттығудан тыс уақыттарында қосымша кәсіп істеп, ақша тауып, жеке тәрбиешіге ұсыныс жасаған. Тәрбиешісі Естайға рухани да, экономикалық жақтан да көп көмек көрсетіп, қолынан келгенше жәрдем берген. «Мен қатты намысшыл болдым, кей кездері тамақ ішуге ақша жоқ, аш қарын жаттығу жасайтын едім.

Ондайда тәрбиешім бірден сезе қоятын да «ақшаң бар ма, тамақ іштің бе?» деп сұрайтын-ды. Сол кезде басқа әріптестерімнің көз жанары маған қадалғандай сезінетінмін де, ізінше ақшам бар, тамақ іштім дей салатын едім. Солай айтамын деп неше күн аш қалған да кездерім болды» деп ағынан ақтарылған спортшының ішкі сырымен бөліседі аталған ақпарат көзі. «2017 жылы ақпанның соңы, Шиандағы кезім, қалтамда 800 юань ақшам ғана  бар еді, салмағым 107 келі, сәуірдің соңында ақшам таусылып, аш қалдым, соның әсерінен салмағым бірден 84 келіге түсті, сонда екі айда 23 келі салмақ тастаған екенмін. Онан да қызығы, спорттық мансабымдағы алғашқы айқасым сол кезге тура келмесі бар ма. Сөйтіп, шешуші жекпе-жекте екінші орынды  місе тұттым. Одан кейінгі 8 ай ішінде 3 рет жарысқа қатысып, 3 ретінде де бас жүлдені алдым. Осындай нәтижемді көргенде әке-шешем қатты қуанды, қолдау көрсете бастады.

Аяулы анам маған арнап ұлттық киім тігіп берді. Сол анам тігіп берген киімді киіп, қытай чемпионатына шыққанда бойымды бір түрлі күш билеп тұрғандай сезіндім», — дейді өткенін еске алған Естай. «Қазір Шынжаңға қайтсам, маңайымдағы адамдар өзгеріп кеткендей сеземін. Іс-жүзінде олар емес, мен өзгеріп кетіппін. Бұрынғыдай күндіз жылқы бағып, кеш болса бірнеше достарыммен бірге қыдырып, құр қиялға салынып жүретін күндеріме қош айттым. Себебі қазір мен кәсіби спортшымын, менде арман бар, арманыма жету үшін тынбай талаптанамын!» деген «Көкжалдың» қорытынды ойымен түйіндейді мақалланы ақпарат көзі.

 

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*