Сайт жасау
Home » Жаңалықтар » Кореяда тұратын қандасымыз атажұртынан келген спортшыларға жанкүйер болатынын айтты

Кореяда тұратын қандасымыз атажұртынан келген спортшыларға жанкүйер болатынын айтты

Ертең Пхенчханда қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Осы орайда Оңтүстік Кореядағы Сонгюнгван университінің саясаттану және дипломатия мамандығының магистранты Бауыржан Даутов корей халқының дүбірлі додаға дайындығымен бөлісті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін Қысқы Олимпиада ойындарының басталуына тура бір күн қалды. Айта кетсек, Олимпиада ойындары 9-25 ақпан аралығында өтеді. Ресми мәліметтерге сүйенетін болсақ, Олимпиада ойындарына 95 мемлекеттен 2900 спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Бүгінгі күні әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар түгелдей дерлік Олимпиада қалашығына орналасып, қызу дайындықтарын бастап кетті. Соның ішінде Қазақстанның спортшылары да бар. Олимпиада ойындарына біздің елдің спортшылары 57 жолдама ұтып алған болатын, соның ішінде 10 биатлон, 3 мәнерлеп сырғанау, 12 шорт-трек, 12 конькимен жүгіру спорты, 7 шаңғы жарысы, 4 фристайл-могул, 5 фристайл-акробатика, 2 тау шаңғы спорты, 1 шаңғымен тұғырдан секіру, 1 шаңғы спорты», — деді ол.

Ол Оңтүстік Кореяға жеткен қазақстандық спортшылардың көңіл-күйі жақсы екенін айтып отыр.

«Әуежайдан корей ұлттық киімдерін киген қыз-жігіттер келген делегацияны күтіп алып жатыр. Олимпиада ойындарына Қазақстанның атынан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев сынды лауазымды тұлғаларға келді. Жалпы, спортшыларымыздың көңіл-күйі тамаша, барлығы жүлделі орындардан үмітті екендіктерін жасырмай отыр. Ауа райы да Олимпиада қарсаңында жақсарып, күн жылынып келеді. Қысқы ойындар Сеулден 2-3 сағаттық жерде орналасқан қалада өтеді, ол жақта Олимпиада атмосферасы сезіліп жатқанына сенімдімін», — деді Бауыржан Даутов.

Кореяда оқып жүрген қазақстандық студент бірқатар жарыстарды стадионнан тамашалап, спортшылармызыға жанкүйерлік ететінін жеткізді.

«Негізі студенттер жиналып хоккей сияқты ойындарға бармақшы, ал мен шорт-трек пен мәнерлеп сырғанау жарыстарын көруді жоспарлап отырмын. Ең қымбат билеттер ерлер хоккейінен финалдық матч пен мәнерлеп сырғанау жарыстарының билеті екенін айта кеткен жөн. Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен жақсы өнер көрсететіне сенімдімін. Элизабет Тұрсынбаева мен Айза Имамбекке де жанкүйер боламын. Шорт-трекшілеріміз де намысты қолдан бермейді деп ойлаймын. Қазақстан азаматтығын алған шорт-трекші Ким Йонг А-ға да үміт артып отырмыз. Еліміздің намысын қорғауға келген спортшыларымызға тек сәттілік тілейміз. Корея мемлекетінде қазақтың көк туы желбірей берсін», — деп сөзін аяқтады Бауыржан Даутов.

Еске сала кетсек, ертең Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарының ресми ашылу салтанаты өтеді. Дегенмен бүгін керлинг пен шаңғымен тұғырдан секіруден іріктеу сындары басталып кетті.

  
Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*