Сайт жасау
Home » Әдебиет арнасы » Әкемнің хаты

Әкемнің хаты

— Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар:
Құрметті күтіп алушылар. Сапаржай автобекетіне Моңғолия- Қазақстан бағытындағы халықаралық автобусы келіп тоқтады…
Сыңғырлаған диктордың дауысы ойымды бөліп жіберді. Не ойлап отыр едім өзі? Иә, көкемді көрмегелі көп болып еді. Бала кезімдегі қызық мінездерін ойлап отыр едім. Сағатыма қарасам межелі уақыттан он минут кешігіп келіпті. Автобус тоқтайтын перронға келсем адам ығы- жығы. Бәрінің көзі автобус есігінде. Ашылып кетсе жапатармағай бас салатындай ентелеп тұр. Ақырын ғана сырғып ашылған шетелдік автобустың ішінен жүргізуші шықты да:
— Кейін, кейін, шегініңіздер, — деп айғайлады. Ең бірінші басына шыт тартқан жасы елулер шамасындағы беті қызыл шырайлы әйел адам түсті. Күтіп тұрған біреуі жүгіріп барып бас салып, амандасып жатты. «Жақсы жүріп келдіңіз бе? Ел- жұрт аман ба?» Автобустан түскен әр бір жолаушыға күтіп алушылар құшақтасып, көрісіп амандасып жатыр. Құлағыма таныс, ұмыт бола бастаған «Жә, жақсы жүріп келдіңіз? Не бар?» деген сияқты диалекті сөздер жылы естілді. Бойымды сағыныш билеп, бәрімен құшақтап, амандасқым келіп кетті.

Ең соңында асықпай аюдай қорбаңдап көкем түсті-ау. Онсызда мына ағайындардың табысуынан көңілім босап әрең тұрған мен көкеме қалай барып, бас салғанымды білмей қалыппын. Көзімнен ыстық жас ыршып-ыршып кетті. Көптен қажып, тұнжырап жүрген жан дүниемнен бір өксік пен бір сағыныш сыртқа атып, шығып жатқандай.
— Жә, мына жігіт әбден сағынған сықылды ә? – деді көкем аман саулықтан соң қасындағы біреуге. Шамасы бірге келген жол серік болса керек. «Ассалаумағаликум» деп қол бердім.
— Өй, Тортан қара домалақ қолқа едің, қушиған әппақ жігіт болыпсыңғой? – деді үстіме бажайлай қарап. Артынша:
— Ее, сендер қалалықтар осығой, — деп қойды.

Мені үйдегілер еркелетіп Тортан дейтін. Көкем дегенім менің туған ағам. Атам мен апам алғашқы немереміз деп бауырларына басыпты. Әкем мен шешемді аға- жеңге деп айтатын. Әкем «Менің балам» дегенде шамданып, «Атам баласымын» деп бертінге дейін төбелесетінді. Көкемнің жасы елулерді алқымдап қалған. Мінезі қыңырлау, айтқанынан қайтпайтын дегенін істететін бір беткей адам. Түріне қарасаң түсі суық аузынан сөз алмайтын адам тәрізді көрінеді. Бірақ, әңгімешіл көпті білетін адамша сөйлейтінді. Сірә, онысы атамнан жұқса керек. Сөйлегенде маңдайының әжімі жазылып, езуінде күлкі ойнап, бетінен еркеліктің табы білініп тұрады. Әкем айтуына қарағанда атам он жасқа дейін алдынан тастамай ертіп жүрген деседі. Көп жастарды елемейді. Үлкен кісілермен сөйлескенді, солардың ортасырда жүргенді ұнататын.

Хат таныған соң атам:
«Болды келіншек алып берем. Өздерің қалғандарын оқытыңдар» деп оқудан шығарып алыпты. Денесі еңгезердей, ірі сүйекті болғасын атам той-томалаққа барғанда күреске салады екен. Жығылып қалса атам: «Ит жығыс болды, қайта күрестіріңдер» деп қоярда қоймай қайта күрестіреді дейді. Атам беделін сыйлаған ел қайта күрестіретін деседі.. Кейде жығылып қалғанда: «Болды, енді саған келіншек алып берем» дейтін көрінеді. Көкем де қоймай: «Ата, келіншек алмаймын, күресемін, келесі жолы жығамын» деп жығылмауға жанталасады екен. Көкем жиырма жасына келгенде үкіметтік тойда күресте жеңіп: «Сұмындық піл» деген атақ алыпты. Содан атам көз тірімде үйлендірем деп келер жылы қояр да қоймай үйлендіріпті. Бір қызығы үйленген соң көкем мүлдем күреспейтін болыпты. Қазір ойлап қоям. Сол күресін жалғастырғанда көкем мықты балуан болар ма? – еді дейім. Бірақ көкем қазір аймақта белгілі аңшы, құсбегі. Әкем атамның көзіндей көреме көкемді баласындай емес, туысқан бауырындай көреді. Дәстүр мен көненің көзін жалғастырып сонау қиырда өмір сүріп жатыр әйтеу…

— Долго ждал, — деді бізді күтіп тұрған таксидің жүргізушісі түсін суытып.
— Өй, не дейт мынау? – деді көкем көлікке отырып жатып.
— Сізге жақсы жүріп келдіңіз бе? – деп жатырғой дей салдым. Көлік лезде Республика даңғылының бойымен зырғып Юго-востокқа қарай бет түзеді. Астананың күзі ызғарланып, аспанды қою бұлт торлап алыпты. Көкем жол бойы көше бойындағы шамдарға қарап келеді. Көлік шамдары аз қараңғылау көшеге бұрылғанда ғана көкем тіл қатты.
— Жә, жұмыс шаруа қалай? Келін бала- шаға аман ба? – деді.
— Аха, бәрі жақсы, — дедім қысқа қайырып. Такси тұрып жатқан пәтерімнің алдына келіп тоқтады да:
— Я тебя 20 минут ждал. Еще 300 тенге,- деді бажырайып.
Іштей бір сыбандым да «Жарайды, кешіктікғой» деп айтқан сомасын қолына ұстата салдым. Басқа кез болса ерегесіп тұрып саудаласар едім. Көкемнен ұялдым.
— Мынауың қара орысғой, — деді көкем жүргізушіге сынай қарап. Орыстар сары болмай ма?- деді күліп.
Үш қабатты жалдамалы пәтердің ең үстіңгі, түкпіргі екі бөлмесіне көшіп келгелі бір ай енді ғана болған еді. Бағана қожайынға қонақ келеді деп ескерткенде «Три дня» деп еді. «Жалғыз адам, алыстан келген» деп жалынып, жалбарынып бір апта қондыруға әрең сұрап едім. Аядай бөлменің ішінде ел- жердің ағайын-туыстың, әке-шешемнің жағдайын сұрап, әңгімелесіп отырып шай іштік. Көкем шәйшіл адам еді.
— Сары май жоқ, малдың сүті емес тарып жатыр ма?- деді әйелім.
— Болады, шырағым. Тарып жатыр,- деді маңдайының шып-шып терін сүртіп. Менің бауырыма тығылып, өзіне үдрейе қарап отырған екі жасар ұлыма:
— Өй, бері кел. Насыбай барма? Насыбай әкел?- деді.
Енді ол менен қашып, шешесіне қарай кетті.
— Қазіргі балалар осы. Ертең есейгенде ағайын танымай кетерме екен осы немедер?- деп кейіген түр танытты көкем.
— Балағой, — дедім ақталғандай. Бір кезде әкелген қоржындарын ақтарды.
Қазы- қарта, құрт, жент… Елдің, қазақтың иісі аңқиды. Атқа міңгенде байлайтын тері қоржынын әкеліпті. Қойын қалтасынан бүктеулі қағаз алып беріп жатып:
— Әкеңнің саған бер деген хаты. Телефонмен күнара сөйлесесіңдер. Неменеге хат жазады-ей осы, ағам,- деді. «Ағам» деген сөзіне еріксіз күліп жібердім.
— Неменеге күлесің и? Па, мына үйлерің ыстығы-ай. Ауа жұтып келейін,- деп шығып кетті.

Әкем көп сөзге жоқ адам еді. Қысқа қайыратын. Маймөңкелеп сөйлеуді ұнатпайтын. «Не бар, не жоқ» деп ғана айтатын. Қабағын бағып, сөзіне қарап өстік. Қазақстанға оқуға кетемін дегенде анам: «Алыс жер, саған кім қарайласады? Жалғыз қалай барасың?» деп бармауға үгіттеп еді. Сонда әкем: «Өз шешімі, араласпа» деп қысқа қайырған. Оқуға аттанар да:
«Адам бол, қазақ бол. Әйтпесе оқығаның бес тиын» деді. Сол сөзі әлі жадымда. Үйге хабарласқанда телефонда қысқа қайыратын. Қал- жағдайды, аман- саулықты білгесін: « Айтар бар ма? Мә, шешеңе сөйлес» дейтін…

«Амансың ба? Балам! Дені- қарындарың сау ма? Шыңғыс қалай? Үлкен жігіт болды ма? Мен үшін бетінен сүй. Келін денсаулығы жақсы ма? Жұмыс-шаруаң қалай? Біз аман- есен жатырмыз. Кәрі мекенде күнделікті тірлікпен жүрген. Шешең тізем қақсады деп жүр. Мен құдайдың қуатымен ауырмай сырқамай келем. Аллаға тәубә. Ағайын- туыс, ел- жер түгел аманшылықта. Төменгі ауылдағы Жүкең атаң қайтты. Естіген шағарсың? Тоқсанға келіп, бала-шағасының қызығын көріп, армансыз кетті. Ақ өлім. Абыроймен аттанды. Ел болып шығарып салдық қарғам. Соның жолын беріп, алдарыңда өлсек арман жоқғой. Сені уайымдап жүрмін. Алыстасың. Қазақ жері болса да иық сүйер жақын ағайының жоқ. Заман да қиын қыстау жағдайда. Жалғыз іліксің. Мұндағы аға-әпкелерің аяқтанып, қарайласып бір-біріне сүйеу болып келеді әйтеу. Тек ініңді үйлендіріп, көзім тірісінде шаңырақты тапсырып кетсек деген ниетғой шырағым. Шешең қатты уайымдап жүр. Немересін сағынып жүр. Болса, жазда келіңдер. Жайлауда демалып аунап- қунап қайтыңдар. Сонда оқыдың. Сонда қалам деп шештің. Түбі қазақтар атамекенге жиналатыны хақғой. Тек қазір заман аумалы-төкпелі болып тұр. Көшіп кел дейсің шырағым. Сенің өзіңнің басында баспанаң, бауырыңда бүтін қазан-ошағың жоқ. Біз осымен осы мекенде қалдықғой. Бір аяғымыз көрде, бір аяғымыз жерде. Құдайдың бұйырғанына көнеміз. Кейінгі ұрпақ ел болып Қазақ жеріне аттанатын күн туады. Ойлайтыным сенің басыңа бір баспана. Ұрпағына еншісін бөліп беріп, отауға шығарған қазақ емеспіз бе? Жатсам тұрсам ойлайтыным сол. Болса айт. Мал бар, ағайын-туыс бар. Төрт қабырға тұрғызуға шама жетеді. Алдымен жер сатып алады дейме анда? Ұнаған жеріңді таңдапқой. Басқа не айтам. Шыңғыс балабақшаға барып жүр ме? Қазақтың тәрбиесімен, кітап оқып өсіп едіңғой. Балаңды қазақша өсір. Шала қазақ болып, өткенін, ағайын-туысын ұмытып кетпесін. Сендер жақсы жүрсеңдер ел алдында менің жақсы жүргенім. Басқа ел жердің жаңалығын көкеңнен естисіңғой. Ал, жә жақсы тұр. Әкең»
Арықарайғы ақ парақ әкемнің самайына түскен ақ шаштай елестеп кетті.
«Әке» дедім. Хатты кеудеме басып. «Сенде кәртейіпсіңғой. Қартайған шағыңда қасыңда болып, перезенттік парызымды өтей алмағаным-ай» Ішіме бір өксік тығылып, бойымды сағыныш биледі.
«Мен неғып жүрмін? Мен қайда? Ел қайда?»…
Сырттан сөйлей кірген көкем дауысы ойымды бөліп жіберді.
— Өй, әкеңді, шүлдірлеген неме. Біреу маған орысша бірдеме дейді.
-Түсінбедім. Қазақша айтшы? – деп ем
– Темекі бар ма? – дейді…

Ертесін жұмыстан сұранып, көкемді Астананы көрсетуге қыдырттым. Сол жағалауға апарып, Бәйтеректен бастап бірнеше ойын- сауық нысандарын аралаттым.
Анда «Елбасы Назарбаев отырады. Ақорда деп аталады»
— Қолын алып, суретке түсерме еді?- деп арманын айтып қалды.
Ал, мынау «Депутаттар үйі..»
-Жә, ол кісілер әйтеу аман жүрсін,- деді. Жүзінен мысқылдың табы байқалды. Көкеме «Хан Шатыр» қатты ұнады. «Шөп шабатын кезде осындай шатыр тігетін едік» деп қояды. Балаша мәз. Ішін аралатып келе жатыр едік біреулер мөңкіп жатқан робот бұқаға мініп, құлап жатыр екен. Соны көріп өлгенше күлді.
— Өңшең, бос борбай немелер. Дегенмен мынауың біздің аттардан асау емес шығар. Мен көрейінші, — деді
Бұқаға міңгесін ол асау аттай мөңкіп қоя берді. Көкем тақымын қысып, мойынынан құшақтап жатып алды. Бес минуттай мөңкіген темір бұқа тоқтады- ау. Қара терге түскен көкем мәз. Жұрт «Бәрекелді, браво» деп қол шапалақтап жатты.
«Тақымы бос немедер, осылар атқа қалай шауады осы?» деп маған қарап көз қысып қойды.
Көкемді армансыз қыдырттым. Қазақтың тарихын, өркениетін таныстырдым. Кететін күні таң атқанша әңгімелестік.
— Сонымен осында қалатын болдың ба? – деді.
— Көке, киелі шаңырағымыз осы жерғой. Тұғырымның қазығы осында қаланды. Енді бекем болғанын қалаймын, — дедім
Көкем күрсініп:
— Иә, дұрыс шырағым. Біздің әулеттен көштің тізгінін бастаған өзің. Сенің болашағыңның бекем болуы әулеттің тілегі. Біз бүгін қозғалмасақта ертеңгі буын біртіндеп жылжитыны рас. Бірақ, тіл мен мәдениеттеріңді түсіне алмадым, — деді.
— Елу жылдағы жаңарған елді көрдіңіз. Мәдениет пен тілдің түзелуі алыстағы сізбен біздің оралуымызғой, -дедім, арғы ойымды басып.
— Білмеймін, басқан тұрғандарың өмірлерің шала қазақтың ісі екен. Балық басынан шіріп жатқан сықылдығой, — деді көкем өзінің білермендігіне салып.
Иә, рас . Кей нәрсенің соның ішіне тілдің мәдениеттің түзелуіне балықтың да ықпалы тиетіні анықғой.
— Баяғыда атам жарықтық мотцікіл алғанда ауылдағы ең байы біздің үйдей сезінуші едім,- деді көкем одан әрі әңгімесін сабақтап.
Бұрын атпен күн ара қонып баратын орталыққа мотоцікілмен күнбе- күн барып келгенде қу темірдің құдіретіне атам қатты таңданып еді. Сонда «Өркениет деп осыны айт» деп басын шайқағаны есімде. Содан бері отыз жыл өтті ме? өтпеді ме? Міне, мыңдаған шақырымды артқа тастап атамекенге табан тіредім. Өркениет деген нәрсе адамды өзі-ақ қуып жетеді екен. Заман өзі-ақ талабына әкеледі. Бірақ өркениет қазақылықтан, дәстүрден айырып жатыр. Сен қаспақ қырып жеп, қозы қайырып, ат шауып өскен қазақтың ұрпағысың осы дәстүріңнен айнымау керек. Ұмытпа. Қазақылығыңды мынау өркениетіңнен биікғой. Әйтпесе адамшылық, қазақылықтүк құның қалмайды,- деді.
— Көке, құдды атам сияқтысыз. Философсызғой, — дедім күліп.
— Мен сендер сияқты оқығам жоқ. Атамның алдында сол кісінің дуалы аузымен, әңгімесімен өстім. Содан жаман болдым ба? Осында келгелі түйген ойымғой, — деп теріс қарай аунап түсті. Содан:
— Арқамды қасып жіберші, — деді.
— Көке, арқа қасытатын әдетті әлі қоймапсызғой,- дедім тақтайдай кең жауырынын дырт- дырт қасып.
— Көке, жазда барамыз қыдырып. Ағайын- туысты сағынып жүр едім. Сіздің келгеніңіз қандай жақсы болды. Бір мауқымды бастымғой,- дедім алып денесін құшақтап. Көкемнің қорылдаған дыбысы естілді.
Мен де терең тыныстап, көптен қажып жүрген ішкі жан дүнием жеңілдеп, ертеңге деген зор үміт пайда болды. Әкемнің:
«Адам бол, Қазақ бол» деген сөзі іштей жаңғырып жатты. Иә, Мен қазақ боламын, Қазақ болып қаламын…

 

ХанағатНұрбол

 

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*