Сайт жасау
Home » Тарих қоржыны » Отарлаушы естеліктері: «Қазақты алма үшін ит сияқты атып тастады…Өкінбеді!»

Отарлаушы естеліктері: «Қазақты алма үшін ит сияқты атып тастады…Өкінбеді!»

Патшалық Ресей Қазақ Елін үш ғасыр бойы отарлау саясатын жүргізді. Жыл өткен сайын отарлау саясаты да, қазақ халқына жасалған әділетсіз қысым да күшейе берді. О баста шекаралас аумақтарға бекініс салудан бастаған Патшалық Ресей, кейінірек ішке ілгерілеп көші-қон және жайылымдық аудандарды басып алып, жергілікті халықты қысымға алды. Ал 19 ғасырдың екінші жартысынан бастап Патшалық Ресей қазақ даласына жаппай орыс шаруалары мен мұжықтарын қоныс аударды.

Олар титулды қазақ халқын адам ретінде санамағаны тарихтан белгілі. Тұрғылықты мекенінен қуып шығып, қарсы келгенін қырып салып отырды.  Жергілікті халықтың мінезін, психологиясы мен ерекшелігін осы кезеңде отарлаушылар барынша зерттеуге тырысты. Ол үшін Орталық Азия елдеріне жаппай барлаушы, зерттеуші экспедициялар жіберді. Сол экспедициялардың бірін Георгий Гинс басқарған еді. Ол Жетісу өлкесін барлады. 1913 жылы ол өз экспедициясы жайлы «Очерки из поездки по Семиречью» атты еңбек жазып шықты. Сол еңбегінде қазақ халқы жайлы біраз дерек келтіріп, тұрмысы мен мәдениеті жайлы да сөз қозғайды. Бірақ ең сорақысы сол, отаршылдардың қазаққа деген қатынасын ашық сипаттайды. Ол өз еңбегінде былай дейді: «Орыс шаруалары қазақтарға (өз еңбегінде қырғыз деп атаған) үлкен жиіркенішпен қарайды. Ол жиіркеніш кейде тіпті қазақтарды адам деп атаудан да бас тартуға әкеп соғады.  Сол себепті де кейде олар үлкен адамгершілікке сай емес, мағынасыз қатыгездікке барады: олар жергілікті қазақтарды қатыгездікпен өлтіріп, ол үшін мүлде ар азабын шекпейді. Көбіне жағдай былай болады. Орыс шаруасы қазақтың жерін жалға алып, сол жерге үй салып, ең соңында үйді де, жерді де босатудан бас тартады. Жалға беру уақыты біткен сәтте жанжал туып, салдарынан қазақ не өлтіріледі, не қуылады. Барлық жағдайда тура осы жайт қайталанады».

Расымен осындай оқиғалар отарлау дәуірінде ұдайы орын алған. Өз жерінен, өз елінен айырылған қазақ көп азап шекті. Құнарлы жерлердің барлығы орыс мұжықтарына беріліп, қазақ шөл мен шөлейтке, тақырға қудаланды. Ал жергілікті халықты өлтіру және ол үшін ешқандай жаза алмау күнделікті әдет болатын. Тағы бір естелігінде Гинс мынадай оқиғаны баяндайды: «Бірде қазақ ауылына барып, жергілікті бір үйде түстеніп отырдық. Тыныштықты тарс еткен мылтық даусы бұзды. Далаға шығып едік, қазақ жігіті өліп жатыр екен. Көршілер «не болды?» деп сұрап еді, қолында қаруы бар орыс шаруасы: «Әй, ештеңе. Міне, бір итті атып тастадым!» — деді. Ол тіпті жерде өліп жатқан қазақ жігітін көтеруге де талпынбады. Оның бар жазығы қоршаудан сыртқа шығып тұрған алманы үзіп алуға талпынғанында еді. Сол үшін атып тастады» деп жазады. Тура осындай оқиғаның кейіннен Әулиеата уезі, Сырдария облысында қайталанғанын да айтады. Ең сұмдығы сол, отарлаушылардың көбісі жергілікті халықты аяусыз қырып, ол үшін мүлде өкінбеген. Тіпті кінәсін сезінбеген. Ондай оқиғалар тарихи естеліктерде мыңдап кездеседі. Қазақтың басынан осындай қиын-қыстау дәуір өткен, ағайын. Сондықтан туған елді, жерді, тәуелсіздікті қадірлей білейік.

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*