Сайт жасау
Home » Тарих қоржыны » Бір ғана әнімен Алты Алашқа танылған сазгер

Бір ғана әнімен Алты Алашқа танылған сазгер

Қуанған Зияданұлы туралы үзік сыр
Атажұртқа келген соң 1990-жылдардың соңына ала қазақ радиосында, тіпті ауыл үйлердің тойында «Заманымның қолын бұлғап өтіп бара жатқан-ай» деген құлаққа жағымды сазды әнді естіп, не болсада бір атақты композитордың шығармасы шығар деп жүрдім. Әнші болмасамда үйреніп алып үйде оңашада айтып жүрейінші деп әннің өлеңін іздей бастадым.
Бірде Ақмола облысы Еркіншілік ауылында тұратын театрда 40 жылдай музыкант болған Әмет Бәкейұлы мен жұбайы Сақи Жұмжұмақызының отбасында қонақта отырып әртүрлі әңгіме кезінде осы әннің кімдікі екенін, керемет жазылғанын, өлердей қызығатынымды айттым. Әмет қолына қара домбырасын алып, «міне, тыңда» деді. Сақи да жолдасына қосылып айтты. Сонымен осы жерде әнді қайта-қайта айтып санама сіңіргендей болды.
— Әннің авторы кім? дегенімде, «әнін жазған өзіміздің Қуанған, сөзін Солдатхан шығарған дегені.
Мәссаған, қос автордың есімдерін естігенде ойлануға тура келді.
Солдатхан Орайханұлы Монголия қазақтарына кеңінен танымал ақын. Отызға тарта әннің сөзін жазған. Бүгінде екі қазақтың бірі айтатын, әнін Халық артисі Қибатдолда, өзі орындап елге таратқан «Атам қазақ болған соң» әнінің сөзі де Солдатхандікі. Ол «Цэнгэл», «Біз екуіміз», «Менде бір арман бар еді» жыр кітаптарының авторы.
Енді Қуанған інімнің өмір жолы, театрға қалай келгеніне туралы айта кетейін. Шамасы өткен ғасырдың 70-жылдарында артист Байбатша Әлдешұлы екеуіміз қыстыгүні көрікке жағуға көмір өртеу үшін жол машинасымен жалғасып, орманы мол Түңкілі Қара аралға барғанбыз. Кештеу жеткен соң шеткерірек теректен салынған бір бөлмелі үйге кірдік. Мұнда жастау ұлымен бірге кемпір тұрады екен. Адам баласы сөйлескенше демей ме, жөнімізді айтып қонып шықтық. Ертеңінде бала бізді алыстау жынысқа ертіп апарып, осы жерде қу шырғанақ көп, әрі суы да жақын деп жөн сілтеді. Сөйтіп екі күнде жеткілікті көмір жинадық. Соңғы түні біздің театрда істейтінімізді естіген бала жігіт:
— Аздап домбыра тартамын, мен де сын берсем театра енгізесіздер ме? – деді.
Біздің оған шамамыз жетпейді, тек домбырашылардың мұғаліміне апарып көрсете аламыз дедік. Апасы:
— Ұлым әлі жас, әрі әкесі жоқ деп қарсы болды.
Балаға сен өзің апаңа айтпай кейінірек кел деп ақыл айттық. Айтқанымыздай ол аймақ орталығында тұратын шофер жездесімен ілесіп келіп, бізді тапты. Сол кездегі ұлт аспаптар оркестрінің дрижері Қабыкей мұғалімге (кейін МХР-ның Еңбек сіңірген артисі) ертіп апарып, баланың жай-жапсарын жасырмай айтып, егер қабілеті болса сізді кейін ұятқа қалдырмас дедім.
Шамасы, сыннан өтті-ау деймін Қуашымыз тәжірибелі музыкант примашы Монбайұлы Қалым ағаның шәкірттігіне берілді. Ол кезде жас музыканттарды аға буындардың баулуына беретін тамаша дәстүр бар еді. Оркестрге ресми отырғанға дейін осылай өз бетімен берілген аспапқа лайық нота үйреніп төселуі керек. Қуаш та осы өткелектен өтіп, оркестрдегі өзінің лайықты орнын жылға жетпей тауып үлгерді.
«Келіннің бетін кім ашса сол ыстық» дегендей ағалап сәлем беруді ұмытпайтын. Кейінірек бізбен бірге «Бес саусақ» деген спектакльде Идэр есімді баланың рөлін ойнады. Әкесі тастап кеткен бір отбасының бес баласы аналарынан айырылып жетім қалады. Оқиғада бір топ бала доп ойнап жүргенде Идэрдің тепкен футболдың добы бір кемпірдің үйінің терезесіне тиіп әйнегін сындырып кетеді. Долданған кемпір Идэрді құлағынан сүйреп үйгіне әкеліп әйнегінің төлеміне сол күні нан алғалы отырған бес сомын алып кетеді. Балалар сол күні аш қалады. Сонда Идэр: «Әпке енді қайталамаймын», — деп өкіріп жылайды.
Перде жабылған соң үлкеніміз – Батының рөөлін ойнайтын Бижұма Махметұлы: «Қуанғанның жылаған дауысы уранхайлардың кәрі дахырының (төбет ит) үргені секілді барқылдап тұрады» — деп күлдіруші еді-ау. Қуаш інім оркестрдің белді музыкантына айналғанда Мұхамет Үпілханұлы сияқты жастарды примаға үйретіп, тәлімгерлікке жетті.
Оның бет пішінінің ұқсастығына қарап режиссер МХР-ның Халық артисі Монголхан Арғынбайұлы: «Біздің Ахмет Жұбанов» дейтін әзілдеп. Мұңғыштың аузына құдай салды ма кім білсін Ақаңдай болмаса да Жақаңа жетеғабыл болғаны әмбеге аян еді.
Сол кезде құрылған «Домбыра сазы» жеке ансамбеліне белсене араласып музыкант Нәсіретханмен қосылып небір тамаша халық әндерін орындап жүрді. Қуаш Қытай қазақтарының халық әндеріне ден қойып, әредік жолыққанда, «аға мына бір әнді тыңдап көріңізші» деп домбыраға қосылып айтып беруші еді. Өзінің әжептәуір қоңыр үні бар еді. «Мұрагер»-дің әншісі Далабай Райханұлы оның «Ақ босаға» әнін орындап жүрді. Бұл әнмен қоса тағы бірнеше әндерін Өлгейдегі қазақ радиосына жаздырғанымыз есімде. Мүмкін алтын қорда бар шығар.
Қуаш «Шаңырақ», «Құлыншақ», «Ақ босаға» бастаған 20-дай ән жазыпты. Бұлары бір төбе болса, «Заманымның қолын бұлғап өтіп бара жатқан-ай» әні жеке бір әлем, әннің заңғары. Мұндай құлаққа жағымды, ерекше сазды, терең толғаныспен айтылатын әндер кімді де баурамай қоймайды. Тек орындаушысы келісті болса болғаны. Көзіңді жұмып алып, өзің де іштей қосылып, көкірегіңе сағыныш зары ма, өкініш пе , арман ба, әлде бір тылсым билей жөнеледі, байқамай күрсініп те жібергеніңді де байқаамайсың. Бәйбішелердің қартайғанда тапқан сүт кенжесіндей, Қуаштың да шығармашылық кемел шағында жазғаны көрініп тұр. Екі елде жүріп бірін-бірі көрмесе де қос автордың жүрегі бірдей соғады, бірдей күңіренеді.
Бұл әнді Монголия, Қытай, Қазақстанның көптеген әншілерінің; Шерікбай, Шапай, Қабай, Темірбек, Саят, Меруештердің орындауында тыңдап салыстырып көрдім. Саят Медеуовтан басқасы домбыраға қосылып орындайды. Осылардың ішінен Меруерт Башайдың орындауы үздік тұр. Ол ән авторымен бірігіп жұмыс жасаған, ән мәтіні де алғашқы нұсқасын сақтаған. Әрбір орындаушы ән сөзіне ерекше назар аударса жөн болар еді. Өйткені өлеңнің ұзын ырғасы адам өмірінің төрт кезеңін сипаттайды. Олар еліктегіш, елеңдегіш жастық, бесті асаудай жұлымыр жастық шақ, ақылға бай орта жас, көңіл қайта бастаған егде шақ. Әр шумақтың мағынасына сай екі жолды қайырмасы бар. Мұны көбі ескермейді. Біреуі өз үнімен шыңғырып көкке көтеріп шырқаса, бәз біреуі эстрадаға бейімдеп жеңілдетіп, сілкілеп, жұлқылап музыкасын көбейтіп, екі-ақ шумағы мен жалғыз қайырмасымен шолтитып бітіреді. Бұл авторларға жасалған қиянат.
Әннің сөзінің толық нұсқасын маған Астанада тұратын Өнерханнан жіберді. «Қазақтың таңдамалы әндер жинағы» деген кітаптан алдым дейді. Өнеш — Өлгейде құрылыс техникумында көп жыл ұстаз болған ғалым адам.
Ұлы көш басталған аласапыран жылдары Қуанған Зияданұлымен кездеспей жүріп, 2014 жылы Ысқақ ағай екеуіміз елге барып театрда жүргенімізді естіп, әдейі келіп сәлем берді. Театрда істей жүріп музыка мектебінде студенттерге примадан сабақ беріп жүр екен. Әдейлеп сурет алдырдық. Екеуіміз ұзақ әңгімелесіп қоштастық. Бұл біздің ақырғы кездесуіміз екен. Жалғыз әнімен-ақ артына өшпес із қалдырған таланть інім де бұл фәнидің мәңгілік емес екенін дәлелдеп аққан жұлдыздай артына ақ жолақ із тастап бақиға аттанды.
Бәрімізге өкініштісі екі автордың өмірде бір-біріне кездесе алмай кетуі. Солдатхан Монголияның ішкі өлкесінен Атажұртқа тура кетіп, Қуаш Монголияда қалып қойды. Иә, алдағы өмірді кім болжай алады.
*
Меруерт Башайқызымен телефон арқылы сөйлескен сұхбат
Әңгіме Қуанғанның кейбір өмір дерегі әсіресе, «Заманымның қолын бұлғап өтіп бара жатқан-ай» әні туралы болды. Меруерт айтады:
— Мен 1990 жылы Өлгейдегі музыка мектебіне оқуға түстім. Қуанған бізге прима аспабынан сабақ берді. Бір күні ұстазым бір ән жазғанын, сол ән сенің тамағыңа сәйкес келеді, өзім үйретемін деп тыңдатты. Әнді тез үйреніп алдым. Мен сол әнді аймақ театрының сахнасында ең алғаш домбырамен орындадым. Онан соң ән ел арасына кеңінен таралып әркім орындап жүрді. Қуаш мұнан өзге «Шаңырақ» әнін ұсынғанын айтты. Осы әнді өзі орындап көрсеткенде оның жылағанын еске алған Меруеш оның шаңырақ иесі болатын ұлы жоқ, екі қызы ғана болғанын айтып қалды. Өнер адамының жүрек қылы нәзік екенін көп ел түсіне бермейді ғой. Кезінде бәрімізде мән бермедік, қазір еске алып өкініп отырмыз деп Меруерт сөзін аяқтады.
Қуаш біреудің жалғыз ұлы болғандықтан ба екен, әлде ана қолында жетімектеу күн кешкендіктен бе екен көп ешкіммен араласып кетпей оңашалау жүруші еді. Жазған әндерінің көбі мұңлы болып келуінің себебі де сол шығар. Әнің барда сен барсың, Қуаш! Өнеріңді зерттеп зерделейтін келешек ұрпақ аман болғай!

Қуанғанның ақындық бір қыры
1982 жылы театрдың концерттік ұжымын биші Римэдийн Самжид бастап ойын сапарында Өмнөговь аймағының Цэврэй сұмынына баратын болып шығады. Жолда олар негізгі жолдан адасып бүтін күн бейнет шегеді. Осы сапарды өлеңмен жазып «Бір күнгі белгілеу» деген атпен қалдырған Қуаштың әзіл өлеңдері әріптестері арасында естен кетпес естелік болып қалды./ Бұл белгілеуді қысқартып алдық./
Аттандық Өмнөговьдан бір сұмынға,
Қамалдық үлкен жазық қызыл құмға,
Жүрген соң сексен неше километр,
Зар болдық ішетұғын ұрттам суға…
Жел соғып тұр абалап,
Бүрхүүл тұр сабалап, /бүрхүүл – жамылтық/
Біз отырмыз бүрісіп,
Бір-бірімізді паналап,
Сендерге осы керек деп,
Қызыл құм тұр табалап.
Келеміз машинада есен-аман,
Қайқайдық қара адырға кешке таман,
Суы ысып машина да тоқтай беред,
Күтіп тұр алдымызда қандай заман…
Кеш болып ұясына күн де батты,
Самжидтың жол таба алмай басы қатты.
Бұдан бұрын адасып көрмеп едік,
Дәретсіз біреу бар-ау жолы қатты.
Қарын ашып шөлдедік,
Шөлден бірақ өлмедік,
Жөн сілтейтін шіркін-ай,
Тірі пенде көрмедік.
Соя кетті жол іздеп қырдан асып,
Жөн сілтер жан табалмай асып-сасып,
Бір сайдан малшы ауылы көрінгенде,
Жүгірді бізге қарай көңілі тасып.
Кешке таман болғанда,
Әбден өзек талғанда,
Шуылдасып қуандық,
Жалғыз үйге барғанда.
Шөлдеп шаршап келгенде,
Түрімізді көрді де,
«Хөөрхий зайлуул шаваас»- деп, / Алла байқұстар-ай/
Бар жоқтысын берді де,
Шай, тамақты қойды да,
Малына шықты кемпір-шал.
Оңаша қалған табақты,
Енді жылдам талап қал,
Дегендей-ақ бастады,
Ұялып ешкім сапады.
Ауыз ти деп табақты,
Қойып кеткен ортаға,
Жанатқан мен Энхээлээр,
Тығып жатты қалтаға…
Біз шыққан соң үш жігіт,
Оңаша үйде қалыпты,
Энхээ апарып ожауын,
Иге апарып малыпты.
Шыдамай кетіп Бержан да,
Шынымен хутгав алыпты. /хутгав- көсіп алу/
Көз қарайып аштықтан,
Аңғармапты жастықтан,
Тенрінің иін ішіпті,
Күбіге құйып ашытқан.
Мұны ішіп жүргендер,
Энхээ, Бержан, Бақытхан…
Үшінші рет бригад,
Цэвэрэйге бармаңдар,
Бізге ұқсап қаңғырып,
Қызыл құмда қалмаңдар.
Артық-кем айтқан әзілді.
Көңілге ауыр алмаңдар…


1-сурет Қуанған Зияданұлы
2-сурет «Домбыра сазы» ансамбелі
3-сурет «Бес саусақ» спектакліндегі Идэр
4-сурет Елге барғанда түскен естелік

Тайф Таукейұлы
2018 жыл, қаңтар, Қоянды.
ҚР-ның театр қайраткерлері одағының мүшесі.

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*