Сайт жасау
Home » Жаңалықтар » Қазақтың тарихи тұлғаларымен байланысты шетелдегі киелі жерлерді зерттеу жалғасады

Қазақтың тарихи тұлғаларымен байланысты шетелдегі киелі жерлерді зерттеу жалғасады

Қазақ халқының тарихи тұлғаларымен байланысты шетелдегі киелі жерлерді зерттеу жалғасады. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жобасы бойынша 2018 жылға жоспар әзірленді. Олардың қатарында мынадай іс-шаралар енгізіліп отыр: кітаптар, фотоальбомдар, энциклопедиялар, соның ішінде «Киелі Қазақстан» энциклопедиясының 2-ші томын шығару; өңірлерге этномәдени экспедицияларды жалғастыру; Қазақстанның мәдени және туристік тартымдылығы туралы әлеуметтік желілер үшін мобильді форматтағы бейнероликтерді үш тілде түсіруді жалғастыру; киелі жерлерді кеңінен насихаттау, сондай-ақ жаңа этнографиялық жобаларды жүзеге асыру, жаңа туристік бағыттарды ашу мақсатындағы өңірлердегі жұмыстарды үйлестіру», — деді министр.

Сонымен қатар ол шетелдерде қазақ халқының белгілі тарихи тұлғаларымен байланысты киелі жерлерді зерттеу жұмыстары қолға алынғанын айтты.

«Мысалы, өздеріңіз білесіздер Өзбекстанда Төле би, Әйтеке би, Астраханьда Құрманғазының жатқан жерлері бар. Сондай жерлерді таныстыруды жалғастыруымыз керек. Жалпы алғанда Елбасының бағдарламалық мақаласының арқасында Қазақстанда киелі жерлерді зерттеу жаңа сапаға көтерілді. Киелі жерлер туралы кітаптар шығарылып, фильмдер түсірілуде. Виртуалды және интерактивті карталар жасалып,бейнероликтер түсіру сияқты жұмыстар жалғасуда»,- деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Осы ретте ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Әділбек Жақсыбеков өңірлік туризмді дамыту мақсатында облыстарға «Қазақстанның қасиетті жерлері» жобасының барлық нысандарын қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етуді тапсырды.

Автор: Марлан Жиембай

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*