Сайт жасау
Home » Жаңалықтар » Туған жерге тағзым

Туған жерге тағзым

Мына бір фотоға қараған сайын терең ойға батамын. Тегі, әуежай болуы керек, арғы жағында алып ұшақтың жайма қанаты көрінеді. Ер адам, қазақшалап айтқанда ақсақал қара жерді құшырлана сүйіп жатыр… Қасында ақ жаулықты бәйбішесі.

Хош сонымен… Бұлар кімдер? Топырақты емірене иіс­­кеуіне қарағанда, атажұр­тына де­ген арман-аңсары тұла бойын­да сартап болып, сағынышқа айналған біреу-дағы! Демек, ата­жұртқа орал­ғандар-ау!

Расында солай екен. Енді осы тарихты жіліктеп түсіндірейік. Оқиға орны – Қызылорда қаласының әуе­жайы. Тәуелсіздікпен бірге шет­елден қазақтар оралып жат­қан тұс. Оқиғамен қап­тал­дас Ауғанстандағы ұзақ жыл­ғы берекесіздік салдарынан онда­ғы қазақтар алды Арабияға, арты Иран, Иракты сағалап, көбі Түркияға босып кеткен кез. Осы қандастармыздың ауыр жағдайына қаныққан Қазақстан Түркиядағы елшілік арқылы босқан қазақтарды сонда жинап, мына жақтан Еңбек министрлігі жанынан құрылған Көші-қон басқармасының орынбасары Памир Камалиев пен бас маман Марат Тоқсанбаев арнайы барып, қандастарымызды отандық ұшаққа отырғызып, Қызылордаға алып келген-тін.

Бұл фото сонда түсірілген екен. Авторы танымал фотограф – Болат Омарәлиев. Бөкең қазір Қызылорда қаласында тұрады. Жоғарыдағы оқиғаның ба­сы-қа­сында болған қа­зір Дү­ние­жүзі қазақтар қауым­дас­ты­ғының қызметкері Марат Есім­­құлұлының айтуынша, Түр­­­киядан Сыр еліне 100-ге жуық қазақты алып келген екен.  Бұл 1993 жыл­ғы қазан айының 3-і кү­ні болатын, дейді Марат мырза. Ал топырақты сүйіп жатқан ақсақалдың аты – Сағынтай Қа­рабазар. Қасындағы бәйбішесі – Шагүл апай. Әне бір қолын ұмсына созып түрегеп тұрған жігіт – Шәрібай Тобжанов. Шә­кең­нің де туған жері – Маза­ри Шариф. Ата-анасы қуғын-сүргін жылдары Ауған асып кеткен. Бірақ Сыр бойында қалған әкесінің ағайындары Мәскеуге арызданып жүріп, 1972 жылы бұлардың отбасын көшіріп алған. Сөйтіп Шә­кең осында өсіп-өніп, 1986 жы­лы ҚазМУ-ды бітірген. Мұн­дағы жерді сүйіп жатқан қа­рия Шәрібайдың туысы. Яғни Шә­кең ауғанстандық ағайын­да­рын әуежайдан күтіп алып тұр.

Жер иіскеп жатқан Сағын­тай атамыз ел ауғанда сегіз жастағы естияр бала екен. Туыс пен туған жерден тірідей айырылу оңай ма, оқиғаны көзі көрген Марат Тоқсанбаев айтады: қарияның елі мен жерін сағынғаны сон­шалық, жата қалып жерді сүйіп, сол­қылдағанда қара то­пы­рақ­тың да күретамыры бүлкіл­деп, көр­ген елдің көзінен жас шықты. Сағынтай атамыз төрт жыл­дың алдында дүниеден өткен екен. Бәйбішесі Шагүл апамыз дін аман Қаскелеңде тұрып жатыр.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақста

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*