Сайт жасау
Home » Жаңалықтар » Бауыржан Дәлелұлы: Баян-Өлгий Атажұртпен бірлесіп жұмыссыздық мәселесін шешкісі келеді

Бауыржан Дәлелұлы: Баян-Өлгий Атажұртпен бірлесіп жұмыссыздық мәселесін шешкісі келеді

Атажұрттан жырақта, азғана қазақтың басы қосылған, байырғы баба дәстүрдің бүгінге жеткен сарқытындай Баян-Өлгийдің басты мәселесі – жастардың жұмыссыздығы. Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне сұқбат беру барысында Баян-Өлгий аймағы Азаматтар өкілдер құрылтайының төрағасы Бауыржан Дәлелұлы шеттегі қандастардың Атажұртпен қарым-қатынасы жайлы ой бөлісті.

— Бауыржан мырза, Астанаға қош келіпсіз! Алыстағы ағайын-туыс, қаймана қазағымыз аман ба?

— Рахмет, атажұрттан жырақтағы аз ғана ағайын аман-есен, күнделікті тіршілік қамымен жүріп жатыр.

— Ағайын аман болса, әңгімемізді сол Баян-Өлгийдегі қазақтардың Қазақстанмен қарым-қатынасы жайлы өрбітсек. Өткен жылы аймақ әкімі Ғылымхан Айыпұлы Өскеменге келген ресми сапарында Қазақстан мен Баян-Өлгий арасына тура жол ашу мәселесін көтерген болатын. Бұл тұрғыда атқарылып жатқан істер нәтиже берді ме?

— Өзіңіз білесіз, «Төте жол» тақырыбы екі мемлекетте де 25 жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе. Бұны әзірге өңірлік басшылар шеше қоюы қиын. Керісінше Ресей Президенті Владимир Путин мен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірлесе отырып шешуі мүмкін. Бір ескере кететін жағдай, дәл осы тура жол мәселесіне Моңғолияның бұған дейінгі президенттері аса қызығушылық таныта қойған жоқ. Ал қазіргі мемлекет басшысы әлемге шығатын үшінші қақпаны іздеп отыр. Себебі Моңғолияның жағырафиялық орналасуы Қытай мен Ресейдің ортасында. Ал бұл екеуі арқылы халықаралық нарыққа шығу Моңғолия үшін жеткіліксіз. Сондықтан да қазіргі мемлекет басшысы өзі бизнес саласының маманы болғандықтан қандай да бір жолмен үшінші есікті ашуды көздейді. Ал егер Халтмагийн Баттулга осы Қазақстанды үшінші қақпа ретінде пайдалануды көздейтін болса, Путин мен Назарбаевпен бірлесе отырып қол жеткізуі мүмкін. Оған себеп те жоқ емес. Баттулга да Путин де спорттың бір түрімен айналысады, сол тұрғыда екеуінің көзқарасы бір арнаға тоғысуы әбден мүмкін. Әрине, биылғы 18 наурыздағы сайлауда Путин жеңіске жетер болса. Бұл саяси көзқараспен қараған жағдайдағы мүмкіндік. Ал өз басым бұл мәселе әзірге шешімін таба қояды дегенге сенбеймін.

— Жақсы, жер жолдың жағдайы солай болсын. Ал Астана-Ұланбатыр, Астана-Баян-Өлгий бағытына ұшақ ұшыру мәселесі де қолға алынғалы біраз болған еді?

— Биыл наурыз айында, Құдай бұйырса, Ұланбатырдың қасынан үлкен халықаралық деңгейдегі жаңа әуежай пайдалануға беріледі. Бұл әуежай пайдаға берілетін болса, Эйр-Астана мен моңғолиялық МИАТ әуе компаниясының бірі Қазақстан мен Моңғолия арасына рейс ашуы мүмкін. Бірақ бұл рейс Баян-Өлгий аймағынан ұшырылмайды. Бәлкім, Хобда-Өскемен немесе Хобда-Астана бағытында ұшуы мүмкін. Бұл біріншіден Моңғолия мемлекетінің ішкі саясатына қатысты болуы да мүмкін, екіншіден Хобда аймағында халықаралық әуежай бар. Және оның бір артықшылығы түнгі уақытта да ұшақ қабылдай алатындығы. Баян-Өлгийдің әуежайы да халықаралық, бірақ түнгі рейстерді қабылдауға мүмкіндігі жетпейді. Оның сыртында Өлгий әуежайы жүзден жоғары жолаушы таситын үлкен ұшақтарды қабылдай алмайды, ұшу жолағы әзірге бір-екі ғана бағытта. Осындай мәселелерге байланысты Баян-Өлгийден Қазақстан бағытына тіке ұшатын ұшақтар ұшпауы мүмкін. Қазақ елімен Баян-Өлгий аралығына тікелей әуе қатынасы жолға қойылатын болса, ең әуелі мұндағы аз қазақтың барыс келісіне оң ықпал етер еді.

— Екі жақты келісімдер негізінде 2015 жылдан бастап Семейге жылқы етін тасымалдау басталған болатын. Бірақ өткен жылы бұл тасымал да тоқтап қалғандай болды?

— Жылқы етіне келер болсақ, үкімет тарапынан шет елге тірі жылқы шығаруды тоқтату туралы шешім қабылданды. Ал қазіргі кезде жылқы еті вакумдау технологиясы арқылы ғана шығарылып жатыр. Осы бағытта аймағымызда ҚХР-мен Ресеймен бірлескен бірнеше өндіріс пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Қазақ елінің кәсіпкерлері келіп осы салаға қаржы қосып жұмыс істесе табысқа кенелер еді. Өйткені бізде жылқы бағасы 100 мың Қазақстан теңгесі шамасында сатылады.

— Бауыржан мырза, аймақ халқының тұрмыс-тіршілігінен де хабар бере отырсаңыз?

— Баян-Өлгийде барлығы 103 мың халық тұрады. Оның 95-96 пайызы қазақ ұлты. Ал аймақ ел астанасынан ең шалғай орналасқан. Аймақтағы ең басты мәселе – жұмыссыздық. Қазіргі жағдайда 20 мыңнан астам еңбекке жарамды жас жұмыссыз отыр. Оның ішінде ЖОО-ны бітірген мамандар, мамандық жетілдіру институттарын бітіргендер, ауылдан келген мал бағуға қабілетті азаматтар бар.

Қазақстанға келудегі басты себебімнің өзі осы мәселеге байланысты десем болады. Себебі қазіргі таңда Қазақстан үкіметі елдің батыс облыстарына еңбек күштерін шоғырландыру мәселесін қолға алып отыр. Оның сыртында, біздің сараптауымыз бойынша Қазақстанда медицина саласының мамандарына, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне сұраныс басым екен. Осыған байланысты біз Қазақстандағы мұғалім жетіспеушілігін азайтамыз деп ойлаймын. Екіншіден, жаңа атап өткенімдей, медицина саласының мамандары да бізде жетерлік, соларды да осы Атажұртқа әкеп жұмысты болдыруды ойға алып отырмыз. Үшіншіден – жер өспейді, ел мен мал өседі. Осыдан 80 жыл бұрынғы Баян-Өлгий сол қалпы, бірақ адам мен мал саны артып кетті. 8 мыңнан астам мал шаруашылығымен айналысатын отбасы бар. Ол орта есеппен 18 мың малшы деген сөз. Ал осы мал бағатын ағайын 4 баласы бар болса, соның екеуін малға қалдырады да, екі баласын аймақ орталығына көшіріп әкеп тастайды. Олар әуелі сол әулеттің мектеп жасындағы балаларының Баян-Өлгий мектептерінен білім алуына мүмкіндік жасап отырса, екінші жағынан аймақтағы жұмыссыздар санының артуына өз үлестерін қосып отыр.

Бұл жұмыссыздықты Қазақстанның ауылшаруашылығы саласымен бірлесе отырып шешуді ойлап отырмыз. Сол мақсат бойынша осы сапарымда бірнеше азаматпен жолығудың да сәті түсті. Мысалы қазіргі кезде Қазақ елі батыс өңірге ұлты қазақ азаматтарды көптеп шоғырландыруды қолға алып отыр. Біз атажұрттың осы мүмкіндігін пайдаланып, Баян-Өлгийдегі жұмыс күшін Қазақстанға жеткізгіміз келеді. Олар мал шаруашылығымен айналысып, мал бордақылау, жылқы өсіру, фермерлік жүйемен мал бағуды, кәсіби мал шаруашылығын дамытуды қолға алып отырған Қазақстан үшін дайын маман бола алады. Осы ұсыныспен Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы Төрағасының орынбасары Зауытбек Тұрысбековпен кездесудің орайы келді. Ол кісі өз тарапынан қолдау білдіріп отыр.

Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары шетте жүрген қандастарын 5 жылдық еңбек шартымен әкелген болатын. Қазір де сол жүйені пайдаланып, Баян-Өлгийдегі еңбек күшін атажұртқа әкелуге болады деп ойлаймын.

— Дұрыс ой екен, жүзеге асуына тілектеспіз. Бірақ, сіздің бұл ұсынысыңызға сол жақтағы жастар қалай қарайды?

— Әрине, олардың келе қоюы қиын болуы мүмкін. Бірақ мұнда солтүстік өңірлерге баратын жастарға жағдай жасалып отыр ғой. Баспана, жұмыс, азаматтық алуына дейін жеңілдіктер қарастырылыпты. Соған қарағанда біріншіден оларда баспана мәселесі шешіледі, екіншіден бір отбасыдағы екі адамның біреуі міндетті түрде тұрақты жұмысты болады. Мысалы Зауытбек Тұрысбеков Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай, Петропавл, Павлодар, Шығыс Қазақстан облысы қатарлы өңірлерге келетін жастарға мұндай мүмкіндік бар екенін де ескертті. Сонымен қатар, жаңа жоғарыда айтқанымыздай қазіргі заманға сай мал шаруашылығын дамытамын деушілерге мүмкіндік көп екенін байқадым. Ал біздің елдің азаматтары мал шаруашылығының кез келген жұмысын жасай алатынына сенімдімін.

Осы жерде тағы бір айта кететін жағдай, біздің аймақта балабақша тәрбиешісі өте көп. Себебі аймақ орталығында балабақша тәрбиешісін даярлайтын Жоғары оқу орны бар. Өз аймағымыздан алысқа барып оқуға мүмкіндігі жоқ азаматтардың көбі осы институтты бітіріп, тәрбиеші болып шығады. Ал Қазақстанда халық саны көп, балабақшаға сұраныс та жоғары екен. Жаңағы атажұртқа келетін еңбек күшінің барлығы да мал шаруашылығымен айналысады деген түсінік болмауы керек, олардың арасында университет бітірген кәсіби мамандар да бар. Дәрігерлер, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, жаңа айтқанымыздай тәрбиешілер т.б.

— Білім демекші, Баян-Өлгий аймағында менің білуімше 42 мектеп бар. Барлығы да қазақтілді мектептер. Бірақ соның ешқайсысында «Қазақ мектебі» деген статус жоқ екен.

— Бұл біздің құзырымыздағы мәселе емес. Мемлекеттік деңгейде, Моңғолияның білім министрлігі тарапынан шешілетін дүние. Бірақ біз Үкіметке мұндай ұсынысты жасағанбыз. Қазіргі кезде сабақ 1-ден 5-ші сыныпқа дейін қазақ тілінде жүреді. Бесінші сыныптан кейін мемлекеттік тіл – моңғол тілінде жүреді. Соңғы 25 жылдан бергі оқу жүйесі осындай. Ал Кеңес одағы ыдырамай тұрған кезде барлық оқу стандарты Қазақстанмен бірдей болатын. Қазір екі елдің оқу жүйесі екі түрлі болғандықтан да Қазақстанға келіп оқитын студенттер арасында біраз қайшылықтар бар. Ал Баян-Өлгийдегі мектептердің барлығы да моңғол мектептері. Тек онда жаңа айтқанымыздай, 1-5 сыныпқа дейін ғана қазақ тілінде сабақ өтеді.

— Есіңізде болса аймақта Ер Жәнібектің ескерткіші орнатылады деген орын белгіленген болатын. Бұл ескерткіш әлі де орнамаған секілді.

— Ер Жәнібекке ескерткіш орнату осыдан 4 жыл бұрын қолға алынған болатын. Шынымды айтсам, ол кезде мен қазіргі қызметіме келмеген де едім. Сондықтан бұл мәселенің қалай жүзеге асып жатқандығынан хабарым жоқ. Ал биылғы жылы біздің аймақтағы 4-5 сұмынның (аудан – ред.) 80 жылдық мерекелері. Соған байланысты аймақ бюджетінен 1938 жылғы қуғын-сүргін құрбандарына арнап ескерткіш орнату үшін қаржы бөлгізіп отырмыз.

Аймақ орталық алаңына Ікей батырдың (Ікей батыр Мәзімұлы 1911-1939) есімі берілген. Ол Моңғолия қазақтарының ортасынан шыққан мемлекеттік деңгейдегі бірден-бір батырымыз. Сол кісінің аймақ орталығына 10 метр биіктіктегі қоладан құйылған мүсінін қойсақ па деген жоспарымыз бар. Қазір Моңғолияға танымал мүсіншілер алғашқы жұмыстарын бастап та кетті. Бұл ескерткіш ешқандай мемлекеттің ақшасына тұрғызылмайды. Барлық шығынын жергілікті бизнесмендер мен халық өзі көтеріп отыр.

— Рахмет!

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*