Сайт жасау
Home » Сарғайған парақтар » Әлібек Асқар, Тәуелсіздіктің тұң­ғыш қуанышы бар қазақтың бас қосқаны

Әлібек Асқар, Тәуелсіздіктің тұң­ғыш қуанышы бар қазақтың бас қосқаны

…Ұшақ келіп белгіленген жерге тоқтады. Бүкіл әуежайды аңыратып, төбе-құйқаны шымырлатып «Елім-ай» кетті шырқалып.

Басқыштан түрік тақиялы ақсақалдар, ақ жаулықты аналар бірі еңіреп, бірі қол орамалдарымен көздерінің суағарын іліп, сүртіп түсіп келеді. Жерге жеткен бойда еңкейіп асфальтті сипайды, сүйеді (әуежайда қара жер қайдан болсын). Бір ақсақал тіпті жерге етпетінен жатып қалды. Мауқы басылған соң екі қолынан демдеп, сабыр сұрап тұрғызып алып кеттік…

Мюнхендік Шәріп Найман ақсақал «мен алты жасымда туған елімнен жер ауып кеткенде осы ән құлағымда қалыпты» дейді. Енді бір қария босқын болып талай белден асып, талай елді басып, ит қорлығын көрген заманда өзіміз де осы әнді жүрегіміз жылап тұрып айтушы едік деді. Қысқасы, атажұртын аңсап келе жатқан ағайын­ды гимнмен емес, “Елім-айлап” қарсы алғанымыз дұрыс болғанын осы кісі­лер­дің жүрекжарды тілек­те­рі де дәлелдегендей болған…

Жалпы, Тәуелсіздік жылдарында нелер бір думанды тойлар өтті ғой. Солардың ішінде Абай мен Жамбылдың, Мұхтар Әуезовтің, Құрманғазының мерейтойлары сияқты дүйім дүниені дүркіреткен ұлы тойлар да болды. Кейін қазақтың тағы екі құрылтайы өтті. Бәрібір  тұңғыш Құрылтайдың мазмұны мен рухы мүлдем өзгеше еді. Адамдардың бет-жүзі бал-бұл жанып, қуанса да, күлсе де, тіпті әзіл мен қалжың айтса да іс-әрекеттерінен әлдебір табиғи шынайылық сезілетін. Қайда барсаң – құшағын жайып арсалаңдаған қазақтар. Тұңғыш Құрылтай өзіне дейінгі де, өзінен кейінгі де ешбір тойға ұқсамады.

…Бұл не деген аста-төк береке, есепсіз байлық, шадыман қуаныш деп таңғаламын қазір. Қазақтың мың жылдық рухы осы күндері тіріліп, Алматының төбесінде қалықтап тұрып алғандай еді.

Кейін пайымдадық – бұл той қазаққа бақ боп қонған, Тәңір тарту еткен Тәуелсіздіктің тұң­ғыш қуанышы екен. Төрткүл дүниеге бытырап, тұрымтай тұсына, балапан басына кеткен, діні мен тілінен айырыла бастаған сорлы қазақтың есін жинап бас қосқан күні екен. Сандаған ұрпақ арман еткен атажұрттың бостандыққа жеткеніне жүректері жарылардай болып, ағайынның бір-біріне қошемет көрсеткендері екен.

Бұл Құрылтай қазақ айтқан нағыз “ақ түйенің қарны жарылған” күн болды!

 

Әлібек Асқар,

«Егемен Қазақстан», 17.10.2007

««Елім-айлап» қарсы алып едік» мақаласынан

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*