Сайт жасау
Home » Тарих қоржыны » ҚОЖАБЕРГЕН БАТЫР

ҚОЖАБЕРГЕН БАТЫР

Жоңғарға қарсы күресте Қабанбай, Бөгенбай, Ер-Жәнібек секілді батырлармен үзеңгілес болып, хан Абылайдың қасынан орын тепкен,   қазақ сарбаздарын  жеңістен жеңіске бастаған киелі ақ туын алып  жауға қарсы   аттанған  қазақтың  атақты  батырлардың бірі  Абақ керейдің Шұбарайғыр атасынан тараған Қожаберген Жәнібекұлы еді. Бұл  жерде бабаларымыздың талай  қанды  шайқастарының майдан  алаңдарында  желбіреген, Абылай заманынан бері атадан балаға өтіп, осы күнге дейін жеткен

жалғыз ту осы Қожаберген батырдың көтерген киелі ақ туы екенін айта  кеткен жөн, өйткені бұл құнды мұра рулы елдің емес, исі қазақтың қарашығындай қорғайтын қастерлісі екені анык.

Қытай, орыс, моңғол деректерінде батыр Абылай, Қабанбай, Барақ сұлтан,  Көкжал Барақ батыр  секілді қазақтың жоңғарларға қарсы күрескен ел жақсыларымен қатар аталып, әсіресе жауды түре қуып Тарбағатай, Нор Зайсан, Алтай шекарасына елді бастап барып баба жұртына қоныстандырып, жоңғарларға ауыр соққы бергені, сонымен бірге манж-қытай генералдарымен кездесіп Қазақ хандығы атынан дипломатиялық сәтті келіссөз жасағаны, елді бейбіт өмірге жеткізіп, қытайлармен әйгілі «Жылқыға – жібек» саудасын жасауға ықпал еткені деректер арқылы жан-жақты хатқа түскені,  сөзге шешен ділмар, дін тұтқан тақуа, батагөй тұлға екендігі, яғни оның Қазақ хандығы атынан Бейжіңге барған елшілер қатарында болғаны, Қытай елімен сауда-саттық жасауда ықпалды тұлға болғаны туралы айтылады.

Тарихи дерек бойынша, қытай елшілерімен болған бұл келіссөзге Абылай ханның өзі қатысқан және бұл келіссөз 1757 жылы 7-шілдеде Аягөз бойындағы Мамырсу- Байпақбұлақ деген жерде өткен. Ал, манжы-қытай деректеріндегі «Қазақ тайпаларының отбасы саны туралы тізім дәптерінде»: «Абақ керейдің 1000 отбасы Қожаберген батырдың билігінде»,– деп жазады. 1760 жылы Қытай шекарасына жақын барған қазақ сарбаздары туралы орыс барлаушысы Сафир Сәлиев: «Қытай шекарасына жақын маңда Абылай сұлтан бастаған екі мың, Қабанбай батыр бастаған екі мың, Қожаберген мен Қошқарбай батыр бастаған екі мың, Көкжарлы Барақ бастаған екі мың әскер тұр»,–деген мәлімет берген.

Орыс зерттеушілері Г.Н.Потанин, Н.А.Аристов Қожаберген батырдың  1750 жылы Керей руларын бастап Хабарга-Базар өзеніне жеткені жайында айтты. Бұл қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданындағы өзен атауы.  Қожаберген батыр бастаған Керейлер көші туралы орыс тарихшысы Г.Н.Потанин: «Қазақтар Алтайға келіп, 18-ғасырдың 70-80 жылдарында Қара Ертіс бойымен Тарбағатай, Сауыр тауының солтүстігі мен Алтайдың оңтүстігін мекендейтін болды» деп жазады. Орыс тарихшыларының тағы бір дерегінде, 1757 жылы Батыр бастаған керейдің бір мың түтіні Ертіс өзенін өрлей келе, Алтай-Сауырды мекендеп қалғанын жазса, екінші бір деректе 1760 жылы Қотырақ батыр Қалбадан Жәнтекей ауылдарының үлкен шоғырын бастап Ертісті өрлеп көшкенін, бұлармен қатар Бұқарбай бастаған Ителілер, Қожаберген бастаған Шұбарайғырлар да жылжи-жылжи Кішкене тау, Маңыраққа жетіп тоқтағаны туралы айтылады. Бұл кезде Жоңғар хандығы жойылып, бүкіл аймақ Қытайға қарасты жер болып қалған еді.

Моңғол, қытай деректерінде Қожаберген батыр Жоңғар қонтайшысы Әмірсанамен (Амарсанаа) жақын дос болғаны, манж-қытай әскеріне қарсы күресте Әмірсанаға 2 мың әскерімен Қожаберген батырдың көмекке келгенін, 1756 жылы «Нұра» деген жерде Әмірсана мен Қожаберген батыр манж-қытай әскерімен бір апта бойы соғысып, уақытша жеңіліс тауып, Қазақ жеріне қарай шегінгені туралы жазылған. Жоңғар хандығы үшін күресте Абылай ханды келіп пана тұтқан Әмірсана қонтайжы ақыры мұратына жете алмай Ресей жеріне Тобыл  қаласына қашып барып, 1757 жылы сүзектен қайтыс болғаны  тарихтан мәлім . Жоңғар қонтайшысы Әмірсана мен Қожаберген батырдың достастығының берік болғаны сондай, қонтайшы  өзінің Мултар деген ұлын Қожаберген батырға берген екен. Қожекең оны 7-ші ұлы болғызып, атын Қазақбай деп атаған. Кейін бұл үлкен әулетке айналды. Манж-қытай билігіне бас ұрмаған жоңғар қонтайшысы Әмірсананың соңынан қуа соғысқан қытай әскері 1756 жылы Қазақ жеріне басып кірген. Қытай әскері «Шаған Оба» маңында Танғутай тайшыны қуып жүріп, қазақтың мыңдығымен қақтығысқа түскен.  Осыдан кейін-ақ қазақ сарбаздары мен қытай әскерилері арасында қанды шайқастар басталып кеткен. «Батысты бағындырушы» қытай әскерилерінің қолбасшысы Дардананың Ежен ханға жазған хатында: «Жауларымызды қуып Нұра аталатын өзенге жеттік. Әскери сап құрып әрі аттандық. Осы жерде екі мың қарақшымен (қазақ сарбаздарын солай атайды) соғыстық, сұрастырсақ бізге қарсы соғысып жүрген Әмірсана мен Қожабергеннің жасақтары екен»,–деседi.

Қытай  әскерінің  қолбасшысы Хадаха әскери кеңеске жазған хатында: «Абылайдың Бөгенбай батыр бастаған жасағымен де шайқастық. 20 адамды өлтіріп, бір адамды тірі қолға түсірдік,  40 шақты ат олжа болды»,– дейді. Осы хатта Хадаха Қожабергеннің Әмірсананы ертіп Сарыарқа төсіндегі Нияз тауына барып бекінгенін жазады. Бұл жер қазіргі Астана қаласынан 100 шақырымдай жер, «Осакаровка» елді мекені  осы таудың беткейінде орналасқан. Қазақ пен қытай әскері арасында соңғы шешуші соғыс Шідертінің жоғарғы ағысында жүрілді. Уақыт өте келе бұл жер «Шүршіт қырған» деп аталды. Абылай хан бастаған Қабанбай, Бөгенбай, Ер-Жәнібек, Қожаберген батырлар басқарған қазақ сарбаздары Қазақ даласын қытай әскерилерінен тазартты. Сібір шекара әскерін басқарған генерал В.Якоби бұл қырғын туралы: «Батыс жорығына аттанған қытайдың жиырма мыңынан Селенгі шекарасына тек мың алты жүзі қайтып келді» деп жазады.

Олай болса, ел іргесін  сырттың жау-дұшпандарынан қорғаған  Абылайдың атақты батыры болған Қожабергеннің және басқа да өз заманының  қаһарман ерлерінің ерліктері туралы  ақпараттарды  тарихи оқулықтарға  енгізе отырып, есімдерін  мәңгі ету біз үшін парыз болмақ.

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*