Сайт жасау
Home » Жаңалықтар » БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ БАҚЫТЫ – ҰЛТТЫҢ БАҚЫТЫ

БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ БАҚЫТЫ – ҰЛТТЫҢ БАҚЫТЫ

(Астана қаласының 20 жылдығына арналған Халықаралық балалар жазушыларының форумында сөйленген сөз)

 

Пенде баласы балалық шақсыз болмайды. Адам балалықтың базарынан жиғанын өміріне азық етеді. Тіпті бала жанарындағы әлемнің жүректің терең түкпіріне мәңгілік жасырынып сол тап-таза күйінде сақталатыны да аз болмайды. Уызға жарып өспеген қатпа қозы қой болып жырғатпайды. Ұясында анасының ұшуына еліктегмеген бала құс та бірден биікке самғай алмайды. Өзің бала болғасын, жасыңа жас қосылуына байланысты баланың ағасы, әкесі, атасы дегендей ұрпақ жалғастығының биігіне көтерілген сайын бәрі бір өзіңнен кейінгі жас буын алдындағы қарызың қалыңдайды. Мен де сол қазақ балаларының қарызын өтейін деген ниетпен қолыма алғанмын. Әсіресе, еңбек жолын мұғалімдіктен бастауым, тілші-редактор болып жұмыс атқаруым, әке болып бала көңілін табуға тырысуым әлгі ойыма қанат бітірсе керек. Тындырғаным тырнақтай болса да, тауға қарап талпынатын балаларша өз ертеңім болған – ұлт болашағын биіктен іздегім келді.

Балалар тақырыбында жаза бастауым – баламның қажетінен басталды. Бірі – балаларыма жеңіл оқитын, көкейіне қонымды дүниелер іздедім. Екіншіден – қазіргі кездегі бала санасына ауыр оқулықтар мен қол жетпейтін қымбат тысты кітаптардан қаша отырып, бала қажетіне оңай жарайтын қарапайым қазақ әдебиетінің үлгісін жасағым келді. Үшіншіден – шағармамның арғы өзегінде ислами тәрбие, ұлттық дәстүр, бүгінгі қажеттілік болуын қаладым. Осы талаптардан шыға алдым ба, жоқ па оны толық білмеймін. Алайда, жарамсыз дүниелер жазбуаға тырыстым. Аллаға шүкір там-тұмдап жазғаным «Ақбота», «Балқаймақ», «Ақ балапан», «Арманшыл бала» деген аттармен оқырманға жол тартып, қазақстандағы, қытайдағы, түркия және еуропадағы қазақ балаларының кәдесіне жарады. «Қапшағай қалай пайда болған», «Құмырысқалардың өнері» атты мысал әңгімелерім оқулықтарға кірді.

Бұл менің басымдағы жағдай. Ал, өткен-кеткенге көз салсақ, айтар әңгіме тіптен шаш-етектен. Тыңдар құлақ болса, балалар әдебиетінің қарызы желкеңді басып тұрғандай болады.

Баяғы Сапарғали Бегалин, Бердібек Соқпақбаев заманынан бері, Тұманбай, Қадырлардың төңірегінде балаларға жеңіл талай дүние туып еді. Әсіресе біз жек көріп, келмеске кетуін тілеген Кеңестер одағының бақыты мен қызығын қаламгер қауымы қалай  көрсе, сол қазынадан балаларда құр алақан қалған жоқ. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін әдебиет түгілі нан тауып жеуді басты қам еткен қаламгер қауымы бір мезгіл қауқарсыз күймен қатты есеңгірегені де өтірік емес. Балалардың қамы түгілі қара басын базарға салушылар көбейген бір заман туып еді. Сол тұста әдебиет те тек күн көру бағытына көбірек мойын бұрды. Балалар әдебиеті сынды «саудалық түсімі аз» жұмыстарға екінің бірінің мойын бұрғысы келмейді. «бас артық жұмыс» санады. Сөйтіп балапан басына, тұрымтай тұсына тартқан базарлық барымтаның құрбаны да балалар болды. Тіпті осы күнге дейін қаланы айтпай-ақ, шалғай ауылдарға ат ізін салып, ондағы балалардың тұшына оқитындай дүние таба алмай жүргенін көргенде қарныңыз ашады. Барды бағамдаған күннің өзінде Астана, Алматы, Шымкент сынды орталық қалаларда ғана базарланатын балалар басылымы алысқа жетпейді. Республика бойынша негізгі кітапханалардың санының өзінің 6 мыңнан асатынын ескерсек, 2 мың данамен шыққан кітаптың өзі ештеңеге, ешкімге жетпейтін еді. Қолға баққан балапандар ұясының төңірегінде  дән тергенде, жабайы торғайлардың ағаш басынан көз сататыны сияқты бір кезеңдеміз деп айтуға да болады. Әуел десеңіз бастауыш-орта мектеп оқушыларына арналған оқулықтар ішінде «қырып-жонып» тастайтын талай артық нәрсе өте көп. Оқулықтар бала санасына тым ауыр. Шет тілден аударылған немесе ұлттық ойлауға жат дүниелер де жетерлік.

Айталық ақын-жазушысы «атақты» болғанмен жазғаны көңіл жықпас, «атақсыз» талай шығарма бар. Балалар жаттай алмайды, жаттасада жадына сақтай алмайды. Тіпті не екенін түсінбейді. Кейбір шығарманың аты немесе кейіпкері бала, қалғаны бала емес, «пәле» – үлкендердің дүниесі. Кейбірі «бармақ басты, көз қыстымен» жүлдегер де атанып үлгерген. Шебер қасапшылар мал сойғанда қолын қол, бұтын бұт қылудың сыртында, мал денесіндегі артық бездерді де түк қалдырамй сылып тастайды. Біздің оқулықтарға да шебер «қасапшы» керек, безіміз көп.

Осының бәрін ойлай келгенде балалар әдебиетіне қолдау керектігі барынша ойға салады. Мен өзім жайында жоғарыда айттым. Аз-маз еңбек жазғанымды да елестеттім. Алайда мен еңбегіммен кімді іздедім, мені кім іздеді деген сауал да – балалар әдебиетінің бүгінгі жұтаңдығынан көрініс береді. Бүгінгі форумды ұйымдастырып отырған – Астана қаласындағы Республикалық Ұлттық Академиялық кітапхана соңғы жылдары мені елеп-ескеріп, балалар жазушысы ретінде үнемі шақырып келеді. Кітапхана жанынан арнайы балалар кітапханасын ашып та баршамызды қуантты.  Рахмет! Одан өзге мені іздеген ұйымды, жекені көрмедім. Демек, менің балалар шығармашылығына арналған қоржынымдағы дүниені ақтаруға, көпке ұсынуға үлгермеген, елемеген қоғам балаларын қалай жебейді дейтін құлазу сезімі туады. Мен балаларды іздесем, балалар мені іздейді. Ал мені іздейтін, менің шығармамды іздейтін ұйымдықтар мен ұжымдықтар болмаса – онда мен кімге керекпін. Балалар әдебиетіне қалам тартқан менің керексіздігім – балалар базарындағы бір сауда дүкенінің күйрегенімен бірдей емес пе! Бұл жалғыз менің басымдағы жағдай емес, қоғамның, қазіргі ортаның қасіреті. Мен секілді жетім қаламгерлердің айта алмай жүрген немесе айтып тыңдата алмай жүрген жанайқайы!

Заман түзелді, әдебиет көші арнаға түсті. Ендеше, балалар әдебиеті де ұлттық деңгейдегі, замана қажеттілігі хақындағы өз биігін табуы керек. Бүгінгі форумды сондай ізгі тілектің, ақ ниеттің бастауы деп есептеймін. Балалар әдебиетінің бақыты – ұлттың бақыты!

 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, жазушы

Қазақстан жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*