Сайт жасау
Home » Сын-сарап » ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСІ ЖӘНЕ ҰЛТШЫЛДАР

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСІ ЖӘНЕ ҰЛТШЫЛДАР

 

Бүгінгі қытайдағы қазақтар мәселесі хақында әр кім әр түрлі ой-тұжырымын айтар, ақпараттық ауқымды мәсселелер көтерер. Бірақ іс мұнымен шешіле ме?! Сен саясатпен айналыспасаң саясат сенімен айналысады демекші, алыстағы ағайын мәселесіне келгенде ауыз ашпай қоюға ешкімнің дәті бармас. Деседе, дәл осы бір мәселеде салқын сабыр, ақылман пәлсапа, салиқалы ой, шынайы бағдар керектігін ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда айтуға, айқайлауға оңай болғанмен мәселенің түбірінен шешім табуына оң ықпал ету көп адамның қолынан келе бермейді. Біреу тисе терекке, тимесе бұтаққа деп беймаза ділмен, бейтарап оқтар атады. Біреулер саптыаяққа ас құйып сабынан қарауыл қарайды. Енді біреулер тойды топалаңға айналдырғандай қытайдағы қазақ мәселесін желеу етіп өз мүддесіне немесе өзге мақсаттар үшін жұмыс жасайды. Сөйтіп дәуірдің дәл осындай алмағайып күндерінде кімнің кім екені анық аңғарылады. Даурықпа пікір де, дау қуған дарақы да, көзсіз батыр да, сарабдал саясаткер де осындай майданда көзге түседі, сыналады.

Өткен ғасырдағы жақсы-жаман күндерімізді безбендесек, бізде ұлтшылдар аз болған жоқ. Мәселен, Мағжан Жұмабаев қандай еді, қандай жол таңдады?! Сәкен Сейфуллин қандай еді, қандай жолмен халқына қызмет еткісі келді? Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов ше? Олардың барлығының ниеті бір болды – ұлтқа қызмет етуді ойлады. Бірақ жолы, таңдауы басқа болды. Алайда қатал тағдыр екі жағын да аямады. Оларды ұлшыл емес деп кім айта алады?!

Қытайдағы мұсылман халықтарының тағдыры туралы алғашқы алаңдаушылық пікір білдірушінің бірі Мұстафа Шоқай еді. Одан кейін де арғы бет пен бергі бет тағдыры талқыға көп түсті. Әсіресе, өткен ғасырдың ортасындағы Оспан оқиғалары да тарихтан өшпес орын алды. Ұлтшыл Оспанның жанынан ұлтын сүйген, жолы басқаша Дәлелхан Сүгірбаев табылды. Әр кім өз жолымен ұлтын құтқару идеясында болды. Екеуі де тағдыр сынында өз ақиқаттарын көрсетті. Нағыз шындық Оспанның таңдауының дұрыстығын айғақтады.

Бір қызығы, қызығы емес қилы күннің шыжығы мен шыжымы ұлтшылдардың ешқайсысын аяған жоқ. Олар халқына сөзі арқылы емес ісі арқылы көрінді. Өмірін оққа байлап шындықпен, қанды күреспен бетпе бет келді. Тайталасқан қайшылықтар қазанында ұлт мүддесін биік ұстауға тырысты. Тағы бір қызығы, қызығы емес тағдырдың қатал сыны орыс зеңбірегіне қарсы шапқан Кенесарыны аямағаны сияқты, қытайдың қызыл тасқынына жалаңаш қолымен шапқан Оспанды да оққа байлады. Олардың күресі, рухы өміршең болғанымен өмірі бәрі бірде трагедиямен аяқтады. Империялар олармен санасып жатпай-ақ, қызғыштай қорғаған халқын қызыл қанға бояды.

Қытайдағы ұлттар мәселесіне келгенде, тибет дербестігін көтерген Далай лама, ұйғыр дербестігін көтерген Рабиям Қадыр да халқына қорғаныш бола алмады. Есесіне тибеттіктер мен ұйғырлардың қырғынға ұшырауына себеп болды. Дәл осылайша кейде кеуде керген жеке тұлғалардың кесірінен халқы зардап шегетін оқиғаларды да көрдік. Осы арада тағы да бір мәселенің басын аша кеткен дұрыс. Халықарадағы «Шығыс Түркістан ұйғырлар мәселесімен» қазақ мәселесін шатастырмау керек. Атап айтқанда бізге жат – «Шығыс Түркістан қазақтары» деген атаудың қажеті жоқ. Шын мәнінде Шынжаңда жүз берген «Шығыс Түркістан» оқиғаларына қазақтардың тікелей араласпағандығын, оның туын көтеріп соғыспағандығын білуіміз керек.

Демек, бұл арада бүгінгі ұлтшылдық мәселесіне қайта қайрылуға тура келеді. Қазақ ұлтшылдары өз халқына қалай қамқор бола алады деген сауал көптің көкейінде толқулы. Өз ұлтына жақсылық істегісі келіп тұрып, қыран бүркіттің тұяғы мен тұмсығын түзетпек ниетпен оны кесіп тастаған ақ көңіл кемпірдің кебін киетін кесірді де ойлаған жөн. Ниет ақ болғанмен таңдаған жол дұрыс болмаса, алаңғасарлық, алды-артын ойламайтын қызу қандылықтың орға жығатын кезі көп.

Қазіргі қытайдағы қазақтар мәселесін шешудегі оң үрдістер, әрине – ҚР сыртқы істер минстрлігіне, қытай елшілігіне, халықаралық ұйымдарға нақты дәлелдермен арыз кіргізу болып табылады. Оны үндемей де, айқайлап та амалға асырғандар табылды, шүкір! Ал, енді не болады? Жұрттың мазасын алған осы сұрақ.

Қасиетті Рамазан айын жамылып тұрып айтайық, ең үлкен жәрдем – Алладан! Кереметпіз дейтін Кеңес одағы құлаймыз, ыдыраймыз деп ойлады ма. Алла Тағала жалғыз-ақ күнде жауабын берді, империя ыдырады. Берік қамалмыз дейтін қытай қорғанының құлауы да оңай. Шірік бәйтерек сынды алып ел, қорқытпақ болып емес, ішкі алаңдаушылық дерті ұлғайып, қорыққандықтан жауыздыққа, көзсіз жазалауға барып отыр. Мақсаты – империясын құлатпаудың, ішкі-сыртқы жаудан сақтанудың амалы.

Ал, қазақ мемлекетін кінәлаушыларға келсек, бұл арада халықаралық заңдар, екі елдің дипломатиялық қарым-қатынастары ерекше есте болғаны жөн!  Ұлты қазақ, Қазақстан республикасының азаматтары пәле-жалаға ұшыраса, әрине, қазақ елі жоқшы бола алады. Жоқшы болмаса жоқтауға мәжбүрлеу де артықтық етпейді. Дәл қазірде Қазақ елінің, Сыртқы істер минстрлігінің арғы беттегі ағайынға жоқшы болып, заң талаптарына сәйкес тиісті қызметтер атқарып жатқандығын да жоққа шығаруға болмайды. Ал, «сынықтан сылтау тауып», «тырнақ астынан кір іздеп» өз тумаластары арқылы індетіліп, қақпанға түсіп жатқа қандастар тағдыры күрмеуі күрделі түйінге байланып отыр. Қытай ежелден ішкі-сыртқы қарсылықтар мен қайшылықтарға шекесімен қарап, өз мақсатын үнсіз іске асырып үйренген ел. Империяның бағзыдан қалыптасқан қулығына құрық бойламас арам пиғылының тамыры тым тереңде деген сөз.

Әлем елдеріне назар салсақ мемлекетті құраушы негізгі ұлттың мүддесінің қай-қашанда үстем тұратындығы байқалады. Бұл қырынан қарағанда, қытай ұлтшылдарының идеясы бойынша үстем ұлт – хан ұлтының (қытайлардың) өздерін зор, өзгені қор санауына таңдануға да болмас.

Бұл арада біздің ұлтшылдар сену мен сенбеуді қатарынан ұстап, қалам күресінен қайтпауы керек. Сену – Аллаға, Халықаралық заңға, ҚР құзіретті органдарына, ұлт кеудесіндегі сөнбеген рухққа сенуді қамтиды. Әрі ел басындағы қара бұлттың сейілетініне, уақытша сынақ екеніне сен дегенді де білдіреді. Сенбеу – «сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» — досыңа да, қасыңа да құлай сеніп кетпе, сабырлы ойдың салмағын ауыр, жолын даңғыл етуді қарастыр. Әлде бір жеке атаққұмарлық, орайшылдық, пайдакүнемдік емес, нағыз түркі мұсылманнына тән ерліктің отын маздат, Алланың ақиқатымен халқыңа қалтқысыз қызмет ету дегенді аңғартады. Қытай жөнінен айтқанда, алғашында қылышын жалаңдатып, қырып-жойып алып, соңыра онысын жалған мүләйімсумен, кешіріммен, жымысқы күлкісімен жуатындығына сенбеуді, белсенділік танытсақ, бізді жарылқайды дегеніне сенбеуді еске салады. «Кәпірмен дос болсаң, беліңде балтаң болсын» дейтін ескі қазақ сөзі соны меңзейді.

Қытайдың осы қыспағы қашан аяқтайды? – дегенге келсек, қай дәуірде болмасын, қытай қоғамында мұндай «төңкерістік кезеңдер» көп болған. Ұзағы он жылға, қысқасы 2-3 жылға созылған сондай қанды қасап күндер талай боздақтың басын жұтып үлгеріп еді. Солайда қазақ халқы өлмеді, құртылмады, тәңір сынағына төзді. Өтпелі дәуірлерді бастан кеше отырып, үімітін, сенімін, рухын жоғалтпады. Сондай рухтың биігі болып Қазақстанның көк жалауы желбірейді. Осы тұрғыдан келгенде бүгінгі қытай зұлматы да ұзаққа бармайды. Тәңрінің қарғысынан қорықпаса да, АҚШ бастаған елдер мен халықаралық ұйымдардың экономикалық қыспағы мен өз ішінің тыныштығы үшін «ноқтасын» кеңейтеді. Әрі қырарын қырып, атарын атып-шауып болғасын жаймашуақтана қалатын ежелгі әдеті тағы бар.

Қытайдың күйреуіне мүдделі топтардың пікіріне келсек, алып елдің ішкі сілкінісі өте қатерлі болады. Егер қытайдың өз ішінде дүрбелеңдер туып, оған сырттан біреулер оқ атып, «шайқалыс туса», саны көп халық ауғын-босқын күйімен-ақ айналасын басып қалады. Босып кірген кірме міскіндерді қуып шыға алмайтын халықаралық қайрымдылықты ескерсек, құлаған шірік бәйтеректің бұтақтары-ақ айналасына шашылып, дүниенің бей-берекетін шығарады. Ондай жағдай туа қалса көршілес елдерге босып кірген милиондаған босқын қытайларды  ешкім тоса алмас еді. Аталарымыз: «ойда орысым, қырда қытайым аман болсын», «кәпір тоқ болса мұсылман тыныш» дегенді осындайға қаратып айтса керек. АҚШ сынды алып елдер сол үшін де бүгінгі қытай мемлекетіне «демократиялық төңкерісті» ғана қажет деп табады. Өз ішінен шыққан демократияны, әділетті жақтаушы топтар, ескі билікті аударып, жаңа саясатын жария ете алса ғана, қытай қоғамы бейбіт өзгеріске бет бұрады. Өзін өзі күйретпесе, сырқы күштің әсеріне шайқала қояйын деп тұрған қытай жоқ. «Аюдың өз етін өз майына қуырғанда ғана» өзгелер аман қалады.

Жоғарыдағы барыстардың қай-қайсысында болмасын біздің ең үлкен қарумыз – заң. Ол заң бүгінгі жағдаймен алғанда – халықаралық заң, Қытай халық республикасының заңы, Қазақстан республикасының заңы және елдер арасындағы ынтымақтастық ұйымдар мен шарттарды қамтиды. Зардап шеккен қандастар мәселесінде осы заңдарды толығынан меңгерген және басшылыққа алған ұлтшылдар ғана қалқанын ұстап, қаруын сайлап майданға шыға алады. Мұнда әрине, «бүкіл дүниежүзі пролетарлары бірігіңдер!» деп Ленин жарықтықтың жар салғаны сияқты, бүкіл қазақ ұлтшылдары біріккенде ғана «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» аламыз. Тек қазақ ұлтшылдары ғана емес демократияны, әділетті, адам құқықтарын жақтайтын барлық ұлт пен ұлыстың, іргелі ұйымдардың ұлтшылдары біріге отырып, ортақ әрекет еткенде ғана жер бетіндегі зұлымдықтарға батыл қарсы тұра алады. Және де әділеттің біз жағымызда екенін жете түсініп, жеңіп шығатынымызға да сенуіміз керек. Жеңістің кепілі — бірлік пен сенімде. Сырттан бөрі шапқанда ежелдің ежелінен ауыл иттерінің өзін бірін-бірі таламайды. Арлан бөрімен айқасуға келгенде басы бірігіп, қарсыласының қабырғасын күйретеді. Ұлттың бүнінгі тағдыры ешкімнің ойыншығы емес. Оған шынайы сезім, ақ, адал жүрек, батыл қадамдар керек. Олай болса, ерлікті ту етіп, елдіктен айрылмайық, ер түріктің батыр оғландары ешқашан еңсемізді түсірмейік! Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын, ағайын!

 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

Жазушы

Қазақстан жазуышлар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі.

Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі

08.06.2018

Facebook арқылы пікір жазыңыз

  Бүгінгі қытайдағы қазақтар мәселесі хақында әр кім әр түрлі ой-тұжырымын айтар, ақпараттық ауқымды мәсселелер көтерер. Бірақ іс мұнымен шешіле ме?! Сен саясатпен айналыспасаң саясат сенімен айналысады демекші, алыстағы ағайын мәселесіне келгенде ауыз ашпай қоюға ешкімнің дәті бармас. Деседе, дәл осы бір мәселеде салқын сабыр, ақылман пәлсапа, салиқалы ой, шынайы бағдар керектігін ешкім жоққа шығара …

Review Overview

User Rating: Be the first one !
0

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*