Сталин мен Гитлер кездескен бе?

Шындық па, қауесет пе?

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жылға жуық уақыт өтсе де адамзат тарихындағы сол бір қан кешу қасап заманға қатысты қызу талқылаулар ешқашан толастаған емес. Соңғы кездері соғыстың біз білмейтін көптеген құпиялары мәлім болып жатыр. Кейде құпиясы ашылды деп жүргеніміз жай ғана қауесет боп шығатын кездер де аз емес. Сондай құпия шындық не қауесет екені белгісіз мына бір оқиғаны оқырманмен бөліскіміз келді. Бұл дерек жолдас Сталин мен фашистердің көсемі Гитлер екеуінің кездесуі туралы құпия шындықты баяндайды.

Сталин мен Гитлер кездескен бе?
Сталин мен Гитлер кездескен бе?

Шынын айту керек, ресми түрде Сталин мен Гитлер ешқашан кездеспеген. Ол кезде қарапайым адамдардың бұл туралы ойлауының өзі жүрекжұтқандық еді. Бір-біріне қас дұшпан, көзқарас, өмір сүру дағдысы екі басқа қоғамды басқарып отырған екі тиранның кездесуі мүмкін емес сияқты көрінеді. Ал КСРО мен Германия тараптарының Еуропаны бөліске салу жөніндегі 1939 жылғы келіссөздері тек «Молотов-Риббентроп» пактісі арқылы ғана шешілген.

Дегенмен, барлығы біз ойлағандай емес екен. Өткен ғасырдың 30-60-шы жылдар аралығында Свердлов облыстық НКВД-нің қызметкері болған майор Александр Федоров Ресей журналистерімен болған құпия әңгімелесу барысында Гитлер мен Сталиннің кездескендігі туралы сенсациялық оқиғаны бастан аяқ баяндап беріпті. Оқиға былайша өрбіген.

30-шы жылдардың басында алғашқыда Екатеринбург, кейіннен Свердловск деп ауыстырылған нән қалада әлемдегі ең ірі машина жасау зауыттарының бірі – «Уралмаштың» құрылысы қарқынды жүргізіліп жатса керек. Зауыт құрылысына елдегі ең мықты деген инженерлер тартылыпты. Сонымен бірге қажетті техника мен жұмыс барысын тексеретін бірталай неміс мамандары да жұмыс істеген. Құрылыстың барысын Сталиннің досы, серігі болған, КСРО ауыр өнеркәсіп халық коммисары Григорий Орджоникизде қадағалауда ұстаған. НКВД тыңшылары болса зауыт құрылысында жүрген немістерді қырағы түрде бақылауда ұстап, сырттарынан аңдып отырған. Олардың арасында неміс тілін жақсы білетін Николай Кузнецов пен осы оқиғаны баяндаушы Александр Феодоров та бар. Гитлердің Свердловскіге келіп, Сталинмен кездесуіне куәгер болған да осы екеуі.

Сонымен екі көсем қашан және қалай кездескен? НКВД қызметкерінің айтқандарына сенсек оқиға былай басталады. 1933 жылдың ақпанында Свердловскінің орталық вокзалына бір пойыз келіп тоқтайды. Составтың бас жағындағы керемет жарақталған, іші жиһазға толы вагоннан 20 неміс маманы түсіпті. Немістермен бірге вагоннан оларды КСРО мен Польшаның шекарасынан бастап алып келген НКВД-ның 4 қызметкері де болған. Вокзал ғимаратында неміс мамандарын салынып жатқан зауыт әкімшілігіндегілер, құрылыста жүрген неміс мамандарының басшылары және өздерін өндіріс халық комиссарлығының жауапты жұмысшылары деп таныстырған НКВД-ның жоғары шенді екі офицері қарсы алады. Аз-кем сәлемдесулерден кейін немістер вокзал маңында күтіп тұрған көліктерге жайғасыпты. Неміс мамандарының топ жетекшісі мен көмекшісі бас көлікке мінген. Сондай-ақ олардың қасына НКВД-ның бір адамы отырады.

Колонна қала орталығына жете бергенде бас көлік қалғандарынан бөлініп, Декабристер көшесіндегі ескі көпес үйінің алдына келіп тоқтайды (кейінірек осы үйде маршал Г.Жуков тұрған). Үлкен темір қақпа ашылып, көлік ішке енеді. Қонақтар машинадан асықпай түсіп, үйге кірген. Неміс мамандары тобының жетекшісі күртешесін шешіп жатып кіреберісте тұрған суреттерге көзі түсіпті. Мына суреттерді аса талантты суретші салған шығар деп таңданысын да жасырмаған. Ол суреттер орыстың дарынды ұлдары – Васнецов, Репин, Айвазовскилердің туындылары болатын. Кішкентай ғана мұрты бар орта жастағы бұл немістің сурет өнерінен хабарының барлығы бірден аңғарылады. Арада бірнеше минут өткен соң ол көмекшісі екеуі көрші бөлмеге өтеді. Бұл екеуі құжат бойынша неміс мамандары тобының ешкімге белгісіз жетекшілері ретінде тіркелген Адольф Гитлер мен Мартин Борман болатын. Жиһаздың неше атасы бар кең әрі биік қонақ бөлмеде оларды Иосиф Сталин күтіп отырған еді. Сталин Свердловскіге қорғаныс жайын талқылауды сылтауратып, құпия түрде бір күн бұрын келіпті. Сталинмен бірге ауыр өнеркәсіп халық коммисары Григорий Орджоникизде, жоғары дәрежелі әскербасы, Сталиннің сөзін екі етпейтін дарынды да беделді Михаил Тухачевский мен бірнеше тіл білетін Михаил есімді аудармашы болған. Сталин мен Гитлер және көмекшісі Борман үшеуі үш сағаттан аса уақыт әңгімелесіпті. Қатысушылардың келісімі бойынша стенограмма аудармашы Михаилдың көмегімен неміс тілінде жазылады. Орджоникидзе мен Тухачевский әңгіме барысында бұлармен бірге емес, көрші бөлмеде болған. Кейбір мәслелерге қатысты сұрақтар туындап, Сталинге көмегі қажет болады деп, дайын отырса керек.

Сталин Гитлерді Германияның билік басына келуімен құттықтай отырып, жеке диктатурасының берік болуына қолдан келген жәрдемін аяп қалмайтынын айтады. Сонымен бірге Германияның Польшаға, Англияға, Францияға қарсы жасамақ болып отырған әскери іс-қимылдары мен Германияның Үндістанды жаулап алуы талқыланыпты. Гитлер болса Балқан түбегі мен Иранда, Қытайда коммунистік режимнің орнатылуын қолдайтынын білдірген. Және де неміс әскерилерінің Кеңес жерінде білім алуы, әлемге тарыдай шашылған еврейлердің көзін жою мәселелері де талқыланғанға ұқсайды. Бұдан басқа да тақырыптар қаузалғанын болжау қиын емес. Сталин мен Гитлердің Свердловскі кездесуіндегі келісімдерінің біразы өмірде жүзеге асқанын бұдан кейінгі жылдары орын алған оқиғалардан байқаймыз.

Гитлер Сталинмен қоштасып тұрып, Свердловск маңында 1918 жылдың шілде айында ақ патша Николай мен оның отбасы атылған инженер Ипатьевтың үйін көрсетуді өтініпті. Сталин осындай үлкен қонағының өтінішін жерде қалдырсын ба, дереу қол астындағыларға бұйрық береді. Сол күні-ақ Гитлер мен Борман «Уралмашта» жұмыстарын аяқтап болған неміс мамандарын өздерімен бірге ертіп, елдеріне кетеді. «Свердловск кездесуінің» салдарларын әлем халықтары сәл кейінірек көрді. Ал сол кездесуден кейін көп уақыт өтпей жатып оған ерікті, еріксіз куә болғандардың көпшілігі зардап шекті. Г. Орджоникидзе жүрек талмасынан қайтыс болса М.Тухачевскийге Отанға опасыздық жасады деген айып тағылып, басқа да әскерилермен бірге ісі сотқа өткен. Сот отырысында ол немістердің КСРО жерінде жүріп, мұндағы әскери техникаларды көргенін, әскер құрылымындағы өзгерістерді, қызыл армияның жарақтандырылуын ұзақ уақыт бойы бақылап келгенін айтқан. Десек те Сталинге берілгені сонша, Гитлер екеуінің кездесуі туралы құпияны айтпауға бел буып, сотта жақ ашпапты. Сот аяқталғаннан кейін Сталин Тухачевскиймен түрме камерасында кездесіп, қапастан босататынын айтып уәде берген көрінеді. Көсемнің сөзіне сенгені соншалық түн ішінде атуға әкетіп бара жатқанда бостандыққа шығарайын деп жатыр екен деп ойлаған. Жендеттер мылтық кезеп, атардың алдына «Сталин жасасын!» деп айқайлап үлгереді. Жеке басқа табынудың қандай болғанын осыдан-ақ байқай беріңіз. Орджоникизденің жұмбақ өлімі мен Тухачевскийдің атыларының алдында ең басты куәгер – аудармашы әрі стенограф Михаилдің көзі жойылғаны сөзсіз дейді орыс зерттеушілері. Себебі Сталин мен Гитлердің кездесуінен кейін ол туралы ешқашан, еш жерде ешқандай деректер табылмапты.

1939 жылдың қыркүйегінде Польшаға батыс жақтан Герман, шығыс шекарадан Кеңес Одағының әскерлері басып кіреді. «Молотов-Риббентроп» пакті және кейіннен «Свердловск кездесуі» арқылы шегеленген бір-біріне шабуыл жасамау және Еуропаны бөліске салу жөніндегі келісім тек 1941 жылдың 22 маусымына дейін ғана күшінде болатын. Осы күннен кейін екі ұлы держава 4 жылға созылған текетірес, қантөгіс соғысқа кіріскен-ді. Ары қарай Свердловскідегі құпия кездесуге қатысқан ірі тұлғалардың тағдыры не болғанын бәріміз жақсы білеміз. Мартин Борман соғыстың соңғы күндері Берлин көшелерінің бірінде өлім құшса, Гитлер өз-өзіне қол салды. Тиісінше Нюрберг процесіне олардың ешқайсысы қатысқан жоқ. Тіпті Сталин де бармаған болатын.

Кейінгі кездері Гитлердің тірі екендігі жайлы қауесет әлемде желдей есті. Өзін-өзі өлтірген Гитлер емес соған ұқсайтын адам екенін дәлелдеушілер көбейіп кетті. Кейбір ресми емес деректерге сүйенсек, Гитлер орыстарға тұтқынға түсіп, КСРО-ға жөнелтілген көрінеді. Сталин осылайша адамзаттың қас жауын жеке дара азаптап өлтіріпті-міс. Дегенмен мұның бәрі тек долбар ғана. Не болса да 1953 жылы өмірден өткен Иосиф Сталин өзіне қатысты барлық құпияларды өзімен бірге алып кеткені анық. Ал енді кеңестік режимнің басты күші болған Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі (КГБ) құнды деректердің барлығы дерлік тазаланған. Тіпті кадрлық қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері, агенттері жалпы айтқанда көсемнің өмірі мен қызметіне байланысты қандай да бір құпия мәліметтерді ерікті немесе еріксіз түрде білгендердің барлығының көзі жойылып отырған.

Тарихшылар мен басқа да зерттеушілер КГБ-нің архивтері 20 жыл бойы жүйелі түрде тазалау-дан өткендігін айтады. Әсіресе 1980-81 ж.ж. Андроповтың кезіндегі құпия мәліметтерді жою процесі аса ыждаһаттылықпен жүргізілген сондай, КГБ-ның шет аймақтардағы бөлімшелері де тып-типыл тазаланған дейді білетіндер. Дегенмен өздерінің зұлым әрекеті мен қателіктеріне қатыстының барлығын түпкілікті жасырып тастау Сталиннің де Андроповтың да қолынан келмегені анық. Себебі адамның қатысуымен болған нәрсені қанша жасырып жапсаң да, түбінде ақиқат жарыққа шықпай қоймайды.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ