Сайт жасау
Home » Жаңалықтар » Сәкен жатқан түрме

Сәкен жатқан түрме


(Астана 20 жыл)

Астана — ел жүрегі болғанға дейін де ұлт тарихын үнсіз бауырына басып жатқан арқа төсіндегі әсем қаланың мемориялдық ескерткішке айналған біраз жерлерін Оқушылар сарайының басшылығымен аралап жүріп талай сырға қанықтық. Таришы-ғалым Жамбыл Артықбаевтың дерегі бойынша Астананың орталығындағы Әуезов көшесінің бойында орналасқан екі қабатты боз үйдің тарихы елең еткізді.
Бұрын Ақмоланың «ішкі түрмесі» деп аталатын бұл мекеме кәзір Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің мекемесі екен. Астана тарихында ерекше орын алатын бұл аймақ Қараөткелдің алғашқы көшелерінің бірі болған. Бекініс салынып дуан ашылған уақытта Есіл өзенін Қараөткелден кешіп өткен керуендер бекініс қорғанының қас бетіне жақындап келіп түсіп, түйелерін шөгеріп, шатырларын тігіп, саудаларын жасай беретін. Кейін осы көше Үлкен Базар көшесі атанды. Қазіргі Конгресс-холдан бастап ескі Парламент үйіне, қазір Қазақстанның мемлекеттік басқару академиясы, спорт және туризм агенттігі т.б. орналасқан ғимаратқа дейінгі жер ХІХ ғасырдың соңына дейін базардың қайнаған ортасы болатын. Патша үкіметі құлаған соң, 1922 жылы Үлкен Базар көшесін Қараөткелдің зиялы қауымы Кенесары көшесі деп атаған.
Есіме бірден Сәкен Сейфулиннің «Тар жол тайғақ кешу» тарихи роман-эссесіндегі оқиғалар оралып, көз алдыма тізбектеле кетті…
«Түрме Ақмоланың күнбатыс жақ шетінде. Түрменің біз отырған бөлмесімен қатар екінші, үшінші төртінші бөлмелердің терезелері сыртқа қараған. Бұл терезелерден қаланың кейбір шеткі үйлері көрінеді. Және қаланың күнбатыс жағындағы белес пен қашығырақ Есілдің бір тоғайлы жері көрінеді. Қарауыл солдат тәуір болса, терезенің алдынан жақындарымыз өткенде сөз қатысып, амандасып, керекті хабарлар болса, алып қаламыз.
Мен терезеден көп қараймын. Жаздың толықсыған кезі. Терезеден көкпеңбек болып дала көрінеді. Көкала кілем жамылғандай белес, көкжелекке оранғандай Есілдің тоғайы көрінеді. Тас түрменің халі нашар. Өз киімдерімізді іш киімдерімізге шейін сыпырып алып қойған. Сырттан төсек-орын бергізбейді. Үстімізге киюге бергендері жұқа бүрлі көйлек-дамбал. Қара ала шолақ кемзал. Астымызға салуға бергені бір-бір жұқа кенеп қап. Қапқа азырақ шөп толтырып берген. Түрменің іші кір, лас, сасық. Ішіндегі жұрт өте тығыз. Сырттан ас бергізбейді. Беретін асы қара су, сырты күйген, іші зілдей қара нан.
Түрме он екі бөлмелі. Бәрінде лық толған большевиктер. Біз жатқан бөлме он екі терезелі. Терезе жуан төрт қырлы темірмен торланған. Терезенің бір орташа көзі ашылып-жабылады. Адам тығыз болғандықтан түрменің іші ысып, қапаланып кетеді. Сасық түрме одан сайын сасиды. Бөлменің тақтай сәкісінде, тас еденінде түнде жатқанда алақандай орын болмайды.
Күндіз бет-бетімізбен шүпірлеп, дөңгеленіп уақыт өткізуге түрлі лаж істеп отырамыз. Біреулер қара нанның шикісінен жасаған дойбы ойнап отырады. Біреулер наннан жасалған құмалақ салып отырады.
Күн сайын терезенің алдынан жолдастардың жақындары өтіп жатады. Казак-орыстар қарауылда тұрғанда өткен кісілерді жанастырмайды.
Біздің терезенің қиғаштау қарсысындағы бір шеткі үйге біздің Кременский деген шалдың балалары көбірек келетін болды. Әлгі үйдің терезелері біздің терезеге қарсы. Екі арамыз жүз елу қадамдай. Әлгі үйге Кременскийдің балалары келсе үйдің терезелерін ашып қояды. Ойнап, ән салып жатады. Кейде Кременскийдің балалары біздің терезеге әлгі үйдің терезесінен биноклмен қарайды.
Терезеден қарап отырмын…
Міне, бір топ балапандарын шүпірлетіп ертіп асыранды ақ қаз келеді. Мамырлап иілген ұзын сұлу мойнын созып, алды-артына қаранып, қаз жәй аяңдайды. Балапандарын ертіп көгалға барады.
Әне, қазақ қызы келеді. Анадайдан екі көзі түрменің терезесінде. Мен отырған түрменің терезесіне қарайды. Маған қарайды… Екі көзі мөлдіреген қарақаттай. Жасы он төрт-он бес шамасында, ұзынша бойлы, талдырмаш. Үстінде қос етектеп бүрмеленген ақ көйлегі, басында қара барқыт тақиясы бар. Жібектей қап-қара қалың шашын әдемілеп, екі бұрым қылып өрген. Шашының ұшына қызыл жібек лента байлаған. Міне, жәй аяңдап терезенің қатарына келді. Көп тұра алмады, жүрді. Тұтқынның көңілін шын сезіп, аяған тәрізді. Қамыққан көңілді мөлдіреген көздері жұбатқан тәрізді… Сезгіш жүрек нәзік сұлу, көркем қарындасым! Терезенің алдынан екі күнде бір өтесің. Кімсің? Кімнің қызысың? Не ойлап сонша мөлдіреп қарайсың? …Біз халықтың, Отанның дұшпандары емеспіз бе?! Бізге неге сонша аяған жүзбен қарайсың? Кімнің қызы болсаң да рақмет!
Бұл бала біз түрмеге отырғалы терезенің алдынан сан рет өтті. Терезеге көп таяу келмейді. Батылы жетпейді. Бірақ, жүзіне әбден таныс болып алдым. Біртүрлі жақын көріп алдым, бір-екі күн көрінбесе терезеден іздеп отыратын болдым. Келе-келе әлгі қарындас анадайдан ақырын басын изеп, ишарат қылып, менімен амандасып өтетін болды.
Бір күні қызық болды. Бізге біреу «ертең бәлен кісі атылмақ» деген жасырын хабар берді. Түс мезгілі еді. Хабарды алып, біздің бөлмедегілер үн-түн жоқ, тұнжырап отырды. Бәріміздің де иә қол, иә аяғымызда темір шынжыр. Ауыр ой басып мен түрегеп тұр едім. Бір мезгілде көзім терезеге түсті. Әлгі қарындасым келеді екен. Үстінде қос етекті ақ көйлегі, шашында қызыл жібек лентасы. Бұралып жәй аяңдап, терезеге қарап келеді екен. Тұнжырап басып, тұншықтырып тұрған қара тұман шайдай ашылды…
Жұлып алғандайй шынжырларымды шылдырлатып, атқып терезеге шықтым. Жолдастарым да ұйқыдан шошып оянғандай. Шошынысып, жалт-жұлт қарасты.
Маған: «Немене?.. Немене?» десті.
Мен: «Әлгі қарындасым кетіп барады» дедім. Жолдастардың кейбіреулері таң болды…» — дейді.
Иә, Алаштың арда азаматтары қамалған, Сәкендей серінің тағдырына айналған мекеме кәзір де шенділердің құзырлы орны.

Алмахан Мұхаметқалиқызы.
Астана.

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*