Сайт жасау
Home » Жаңалықтар » «ҚАРЫНДАСТАН АЙЫРЫЛҒАН ЖАМАН ЕКЕН»

«ҚАРЫНДАСТАН АЙЫРЫЛҒАН ЖАМАН ЕКЕН»

«ҚАРЫНДАСТАН  АЙЫРЫЛҒАН  ЖАМАН  ЕКЕН»

 (қазақ қыздарының қытайға тиіп жатқан оқиғаларына орай)

 

Қара таудың басынан көш  келеді,

Көшкен сайын  бір  тайлақ  бос  келеді.

Қарындастан  айырылған  жаман  екен ,

Қара көзден  мөлдіреп  жас  келеді .

«Елім-ай» әнінің бұл сөзін білмейтін қазақ жоқ. Солайда ескі жырдың сорабына үңіліп, сойын бұтарлап көрейік.

«Қаратаудың басынан көш  келеді» – мұндағы Қаратауды көпшілік оңтүстік өлкеміздегі Қаратау ретінде меңзейді. Әрине, қисыны бар. Сыр бойына босқан  халықтың Қаратаудан асатындығы да анық. Ал енді бір жағынан қазақта бар «қара шаңырақ», «қара қос», «қара жорға», «қара тамақ найза», т.б. атаулардағы «қараның» тек түске қаратылмағанын ескерсек, «қара» – байырғы, ескі, ежелгі, түп төркін, төл мұра сынды көптеген мәнге ие төл сөзіміз. Қазақ ежелгі мекеніне қарата «қара мекен», «қара жұрт», «қара тау», «қара жартас», «қара орман» сияқты атауларды да қолданған. Олай болса өлең жолындағы Қаратау – біріншіден, тау атын білдірсе; екіншіден бабасының күл төккен, бауыр басқан, кіндік қаны сіңген ескі мекені деген ұғым береді.

Ал, енді ойлаңыз, тыныш-бейбіт өмірде отырған халық неге өз мекенінен ауа, үрке көшті. Тауды неге асты, көш неге таудың басынан құлап келеді?

Қош, сөйтіп, туған өлкесінен туы қисайып, толарсағынан қан кешкен қаралы көшті көзіңізге елестетіңіз. Бұл өлеңнің бірінші жолы.

Ал, екінші жолы – «көшкен сайын бір тайлақ бос келеді». Бұл да жай ұйқас үшін емес. Тайлақ – түйенің бір жастан асып, екі жасқа аттаған жас шағын көрсетеді. Тайлаққа әдетте жүк артпайды. Алайда, кейбір қазақ ауылдары тайлақты үйретіп, кейде мініске, кейде жүк артуға пайдаланады. Алайда сирек кездесетін бұл жағдай адам саны көп, бала-шағалы, жетіспейтін жағдайларда ғана ұшырайды. Ал, соғыс болып, азаматы  өліп, ауылы қан жылап келе жатқан ауылдың тайлағы, әрине, бос келеді. «Неге көшкен сайын?» – деген бір сұрақ тағы туады. Көште еркек, ес жиятын тұлғалар аз, әр бір көш сайын жоқтау айтып зарлаған аналар көш сайын ботасы өлген бозінгендей зарлайды. Көш сайын ботасы енесінен, енесі ботасынан айрылған мұңлық күй шертіледі. Бұл өлең тармағының бір мәні.

Екінші мәні – көшке еріп, таймен жарысқан балалар жоқ. Көшке ерген бота жоқ. Ботаның жоқ болуының тағы бір себебі қырғын ғана емес, атанға да, інгенге де терін құрғатпай жүк артып келе жатқан жұтаң ауылдың малы да күйсіз. Қара бура қалжыраған, қара атаннан жал кеткен. Қара інген ішті болмаған немесе іш тастаған. Осыдан бірнеше жылдың алдында ғана ел бейбіт өмірде отырғанда әрең бір боталаған түйенің ботасы – бұл күнде тайлақ болған. Бұл сурет тек түйе малын ғана меңземейді. Бірі түйенің тайлағын көрсетсе, екіншісі адамдардың күйі де дәл осылай. Атқа мінгенімен азамат шаққа жетпеген жігіт-желеңнің салыны суға кетіп, қансырап келеді. Құдды бос келе жатқан тайлақ сияқты. Бозбала шаққа ұмтылған жас жігіт неге бұлайша қамықты, еңсесі түсіп езілді, шарасыз күймен жай таппай қиналды?

Бұл сауалға өлең шумағының үшінші жолы жауап береді. Ол жол тақырыбымызға өзек болып отырған – «қарындастан айрылған жаман екен» деген сөз.

Қарындастан неге айрылды? Оны біреуге ұзатып жіберді ме? Гәп дәл осы жерде.

Көшпенділер өмірінің тұлпарының тері құрғап, тебінгісі тозбаған кезі жоқ. Ерлері арғымақтан жал кеткенше, қара тұяқтан хал кеткенше шайқасып елін, жерін қорғайды. Көлін қорғаған қызғышша елін – ауылын қорғауды қанына сіңген борыш деп біледі. Алайда, жекпе-жек ұрыста желекті туын қисайтып, жеңіліс тапса, ер санатында ол «өлімге» тең. Жоңғар қолынан жеңілген қазақ батырларының талайының басы жаудың қанжығасында кетті. Аман қалғаны қаша соғысып Қаратау асты.  Мұндайда жеңген жақ, жеңілген елдің ауылын тонайды, малын бұлайды, қызын тартып алады. Қырғидың тырнағына ілінген торғайша шырылдап бара жатқан жас қыздың жан дауысын естіп езілседе, қаны төгіліп, қауқары кетіп, қабырғасы сөгілген ердің амалы жоқ.

Ақтық байлап табынып тал-қайыңға,

Өтті күнің сор қатып маңдайыңда.

Кетті қымыз жауыңның таңдайында,

Кетті қызың жауыңның борбайында, – деп Мұқағали жырлағандай суық, сүреңсіз сурет. Езілген, түршіккен, қан жұтқан қасіретті бейне.

Жасынан көз алдында көктемнің көбелегіндей ерке, шолжаң өскен қарындасы камалат жасына жетпей-ақ, жауының тақымында зар илеп бара жатыр. Бойында қаны, бұтында безі бар еркек кіндікті шыдамас шарасыздық. Қарсы шапқан ағасын жаудың оғы немесе найзасы мерт қылады. Қарындасқа араша бола алмаған шала-жансар ауыл көз жасына, жүрек қанына, ауыздағы зарына ерік береді. «Қааайрааан, қарындасым-ай!», «қарындастан бұлайша тірідей айрылудың жаманын-ай» деген үн тұншығып та, зарланып та шығады. Қанды ұрыстан қаша көшкен ауылдың арманы көп, дәрмені жоқ.

Енді не істейді? «Қара көзден мөлдіреп (мөлтілдеп) жас келеді». Қаны судай ағып, қара басын амандап, құр сүлдерін сүйретіп бара жатқан жүдеу, күйзелген жандардың ащы өксігі көзінен бұршақ-бұршақ жас боп домалайды.

Жалпы, «қарындас» ұғымының қызға ғана емес, бір қарыннан (құрсақтан) өрбіген жақын туыстық әулетке қаратылатынын да ойласақ, осы жолдың екінші мәнін бауырынан, туысынан айрылған елдің жан азасы ретінде де елестеуге болады.

Біз бір шумақ төңірегінде ой өрбітіп, оқырман сізді неге шаршатып отырмыз? Сізді шаршатып отырғамыз жоқ, өзіміз шаршап отырмыз. Неге?

Келмеске кеткір зобалаңды күндердегі қан жылаған қарындас емес, ел аман, жұрт тынышта жаттың қойнына кіріп жатқан қара көз қарындастың намысы мен наласы ұйқымызды бұзды, жүрегімізді жылатты.

Жақыннан бері БАҚ өкілдері жағынан қытайға тиіп жатқан қазақ қыздары жайында ақпарат көп тарала бастады. Бірі шын, бірі дабыра болса да сүйекке таңба боларлық, ертеңге көлеңке түсерлік жағымсыз хабарлар жанды жүдетеді.

Өз басым қытай қоғамында есейдім. Ат жалын тартып міне бастаған 1980-1990 жылдар шамасы аңызды өлке Алтайда бірлі-жарым қазақ қызы «қытайға тиіп кетіпті» десе, шалдар: «астағифиралла, сұбханалла!» деп шошына жағасын ұстайтын еді. 1995-2005 жылдарға келгенде шоғыры азайған сол шалдар мұндай ақпарға: «онысы несі-ей!?» деп үрке қарайтын. Ал, 2005-2015 жылдар кезінде «қытайға тіиіпті» десе: «е, заман солай ғой. Жібі дүзу біреу болса болды. Бейшараны қаңғыртып кетпесін!» деп сенімсіздікпен ғана сөйлейтін болған. Ал, одан кейінгі «шал» аталған шала қазақтар: «екі жас өздері біледі ғой» деп сұле-сапа жауап беретін болыпты. Мысық табандап кірген қытай (ханзу) ұлты осылайша Шынжаңды мекендеген аз ұлттарға тіл, дін, неке жағынан табиғи ассимиляциясын  барынша тездетуде. Өзге ұлтты өзіне сіңіру және өзінен туатын ұрпақтың қанын түркі тұқымдастар арқылы сапаландыру сынды қос мақсатқа қол созуда.

Кезіндегі кеңестік қазақтардың орысты «ұлы халық» санап құлдыққа кіргені сияқты ауыр зұлмат қытайдағы қазақтардың басына да төнді.

1940 жылы Кеңес Одағы өзінің құрамында өмір сүріп жатқан 130 ұлтқа зерттеу жүргізіп: «орыстармен үйленген басқа ұлт өкілдері қанша екен?» дегенде, бірінші орынды Латвия, сосын  Қазақстан алыпты. Көзі көк, шашы сары орыс пен қара көз қазақтың түр ұқсастығы сәйкес келмейтіндіктен, олармен некеге отырған «келін» немесе «күйеу бала» түр-түсі жағынан оңай бөгенайланып, тез танылатын еді. Ұлттық айырмасы өңінен-ақ айқын байқалатын. Ал, қара шұнақ қытайлармен қысық көз қазақтарды айыру тіпті қиын. Сыртқы келбеттегі осы ұқсастық олардың бір-біріне жақындасуына, сіңісуіне кескін ұқсастығының мүмкіндіктерін тудырып отыр. «Келінді» де, «күйеу баланы» да түріне қарап қай ұлт екенін айыра алмайсың.

Қош, арғы бетті арғы бет дейік. Ойдағы орысты, қырдағы қытайды айттық. Мемлекет қытайдікі, не істеседе өзі біледі деп шарасыздықпен өзімізді жұбатайық.

Қара селдей қалың қытайдан Атажұртқа қашып келгендей болған қара басымыз енді қандай жағдайға тап болды? Жоңғар заманында «қарындастан айрылған жаман екен» деп жыласақ, ендігі жылауымыздың аты не? Қазақстанға қоныс аударған немесе сауда-саттықпен жүрген қытай ұлтының өкілдері қазақтың қыздарына үйленіп жатса, біз үндемей қоюымыз керек пе?! Бүгін көршіңнің, ертең қарындасыңның, бүрсікүні қызыңның басына келетін бұл сұмдықты көріп тұрып көрмеске салайық па?

«Ойбай, анау арабқа тиіпті», «мынау түрікке тиіпті» дегендер мұның қасында «айналайын» екенін білуіміз керек. Арап та, түрік те діні бір бауырың. «Қызды қырғыз да алады» деген сөз де жаулықтан шықпаған шығар. Ал қытайлар болса, діні жат, сұмдығы терең, зұлымдығы басым, ниеті бұзықтығымен жер бетінде жиіркенішті саналады. Көршіміз деп тісінің ағын, күлкісінің «тәттісін» сыйлағанымен қазақстанды бір кесек майлы еттей қылғи салуды ойлайды. Ешқашан ашық жаулыққа, соғысқа, територия таласына бармайды. Әуелі экономикалық зәрулік арқылы өзегіңе құрт болып кіруді ойлайды. Сосын туырлығыңды тоқым еткісі, кереге-уығыңды отын еткісі, қызыңды қатын еткісі келеді. «Жүз жылда бір сантиметр жылжып та жеңіске жетуге болады» деп барынша жұмсақ тәсілмен жаулауды көздейді. Заттық зәрулік арқылы рухыңды, руханиятыңды жаулау – олардың басты көздегені.

Осы барыстағы біздің қандай осал тұстарымыз бар? Кез-келген маңқа қытайдың ойлайтыны біздің сол бостығымыз.

Қазақта байсыз, отырып қалған қыз көп. Неке арқылы келетін заңдық тиімділіктерді зерттеген қытайлар біздің қыздарымызды «арзан базар» санап отыр. Бүгін қызыңды алса, ертең қызыңнан туған жиенің кез-келген мүмкіндікке де, мансап пен байлыққа да қол соза алады. Өткен ғасыр басында Испан отарынан азат болған Перу халқы – кечуалар еді. Бірақ отарлаушы испандық креолдар келген сон перулік пен испандық аралас некеден метистер туды.  Ақыры олар бәрін ығыстырып билікті қолына алды. Қысқасы не  керек, метистер жүз жылға жетпей байырғы халық перуандарды (кечуалар) жер бетінен жойып жіберді.

Тура осы тәсілмен әрекеттенгісі келетін қытайлар кеудеңді жарып қан-жоса қылып шаршамай-ақ жүрегіңді суырып алудың оңай жолын, айла-тәсілін жақса біледі. Бұл әр бір хан ұлты азаматының жеке мүдделік көздеуі емес мемлекеттік саясатын тірек еткен арам пиғылы. Қазір де Шынжаң жерінде аз ұлттармен некеге отырған хан ұлтының азаматтарына мемлекет тарапы тағайындап отырған сый-сияпат, қомақты экономикалық жәрдем бар.

Қазір осы тақырып аясында Қазақстан және қазақ жанды ұлтшыл азаматтар «қыздарымызды қорғайық, қорлатпайық» деп айқайлап тұрған сыңайлы, дауысы жер жарады деуге де боларлық. Бірақ манағы қытайдағы қазақ шалдарының өтпелі өміріндегі бастан кешкені, ақырындап бойы мен ойы үйренгені біздің басымызға да келуі бек мүмкін ғой. Қазір елімізде жыл сайын шамамен 100 мың неке қиылса, соның 20 пайызы аралас неке екен. 18-20 жастағы еліктегіш қазақстандық қыздардың ішінде қалталы шетелдік жігітке күйеуге шыққысы келетіндері көбейе бастаған.

Сол үшін де бұл тақырыпты жалаулатып, жарнамалатып айқайлай бергеннен көрі нақты іске көшуіміз керек.

Қазақта «көршіңді ұры деме, өзіңе өзің сақ бол» деген жақсы сөз бар. Одан қалса қызға қарата «қызға қырық үйден тиым» немесе «құнажын құйрығын көтермесе, бұқа мұрындығын үзбес еді», «қаншық көнбесе, төбет төнбес еді» деген тектес талай сөз бар.

Ендеше, не істеуіміз керек? Бел шешіп, білекті сыбанып қыз бен «күйеуді» бауыздап тастайық па? Жоқ, заң аясынан асып ештеңе істей алмаймыз. Дегенмен де жігіттердің сес көрсете жүруінің еш артықтығы болмас.

«Кеңеспен пішкен тон келте болмас» деп ортаға түскен додалы тақырыпты шешу үшін бірнеше жол ұсынғымыз келеді:

Бірішіден, әр отбасы қызына қаршадайынан имани тәрбиені, ұлттық сананы барынша тереңдетіп сіңіруі керек. Бұл арада ата-атаның парызы мен қарызы бәрінен де маңызды. Дініне, ұлтына адал иманды қыз өзгенің таңсығына да, қаңсығына да көз сатпайды. Иман мен сенім берік болса ұрпақ адаспайды, ұжданын жолғатпайды. Мұндайда әр дайым: «ауырған соң ем іздейміз бе, әлде ауырмай тұрып, сырқаттанбайтын жол іздейміз бе?» деген сөз жадымызда болғаны жөн.

Екіншіден, бала бақшада тәрбиеші, мектепте мұғалім, университетте ұстаз ұлтжанды болуы керек. Ұлттың қызын – ұлт анасы ретінде қастерлеп оған иманды болуды, ұлтын сүюді, отанын қорғауды үйрету керек. Отан қорғаудың қарапайым жолы ретінде отарлаушы идеядағы өзге ұлтқа жол бермеу үшін оның азаматына күйеуге шықпауды да санасына сіңірген жөн.

Үшіншіден, имамдар мешітте отырып қана уағыз айтатын тар шеңберді барынша кеңейтіп, мектеп тәрбиесімен, әлеуметтік орта тәрбиесімен қабысатын тәлім-тәрбиелік сабақтарды, уағыздарды ұйымдастырғаны, көбейткені жөн.

Төртіншіден, өзге ұлт өкілдерімен әсіресе шетел азаматтарымен некеленушілердің заңдық, құқықтық мүмкіндік көлемін шектейтін заңдық баптарды қарастырған жөн. Әке-шешесі қазақ, ұлты қазақ балалардың өсіп-өркендеуіне тиімді табиғи механизим жасауға тиіспіз. Жас отбасыларды баспанамен қамтуды оңайластыру қажет.  Осы айтылған негіздемелер банктік және басқа да эконимикалық жеңілдіктерді алдымен жергілікті тұрғындарға қамтуды қарастыруы керек.

«Шетелдік азамат еліміздің азаматшасымен некеге тұрса, Қазақстан азаматығын алуға болады» дейтін заң бабына қосымшалар қарастырылуы тиіс.

Бесіншіден, үрей мен күдікті көбейтетін ақпарттық қорқыныштың алдын алғанымыз жөн. Ел ішіндегі үрей мен жалған сөздер кейде халықты кері деген істерге бет бұрығызып жататын жаман ықпал да болады. Сол үшін де ақпарат құралдары өзгені зор, өзімізді қор санайтын немесе өзге ұлт өкілдерін қорқынышты санау арқылы өз бойымызды соған үйрететін, билететін писихологиялық қысымнан сақтану керек. Жаман нәрсені көп көрсетеміз деп халықтың көзіне де, санасына да үйір қылып алсақ, онда ауру вирусын өзіміз жұқтырған боламыз.

Алтыншыдан, шариғат үкімі негізінде көп әйел алудың заңдаспаған жолдарын жеңілдету мәселесі де қаралғаны жөн. Әйеліңнен немесе қоғамыңнан үркіп-қорқып  «кіші жар» мәселесін ауызға алмағанмызбен қара көз қыздарымыз өзгенің құшағына құлап жатқан жоқ па. Имани және экономикалық қуаты жоғары ер азаматтар «жақсыны жатқа жібермейміз» деп екінші, үшінші жар сүйіп, одан үбірлі-шүбірлі ұрпақ өрбітіп жатса, бұл да ұлттың жыртығын жамайтын үлкен үлес болар еді.

Қорыта келгенде, жоңғар заманында амалсыздан: «қарындастан  айырылған  жаман  екен» деп қан жылаған қазақ баласы, бүгінгі алтын ғасырында көзін бақырайтып отырып қарындасын жаттың жетегіне жіберсе, ұлттық намыс пен ұл ретіндегі рухынан айрылғандық болмай ма! Рухың мен ұжданыңнан айрылғаның – құлдық қамытын кигенің. Құлдыққа бейімделгенің еліңнің ертеңінен, отаныңның ордасынан айрылудың қаупіне бас сұққаның ғой. Ар тазалығы – қыз пәктігінен, ана тазылығынан, ұлттық намыстан бастау алады. Ұлт анасының ары мен жатыры таза болса – ұрпағы ұлағатын жоймайды. Ұлағатын жоймаған ұлт – мәңгілік елінің мәңгілік перзенті бола алады.

«Қарындастан  айырылған  жаман  екен» дейтін зар мынау заманға, қазақ мемлекетіне тіптен жат. Текті жұрттың баласы тексіздікке бас имеуі үшін ұлты мен көзінің көбелегі – қарындастарын жан тәнімен қорғауы тиіс!

Бұл – елдігімізге де, ерлігімізге де ауыр сын мен сынақ болмақ!

 

 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

Жазушы

Қазақстан жазушылар одағының,

Еуразия жазушылар одағының мүшесі.

Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*