Сайт жасау
Home » Сарғайған парақтар » СӨЗ СӘУЛЕСІ

СӨЗ СӘУЛЕСІ

…Мұхаңмен жүзбе-жүз жолығу қуанышы 1940 жылдан кейін туды. Көбірек есімде қалған сәт – 1944 жыл. Өйткені, сол жылы республикалық ақындар айтысы өткізіліп, оны ұйымдастыратын комиссияға мен де мүше болдым.
Айтыс үш күнге созылды. Мұхаң болса маңдайы жарқырап блокнотын тастамай, үнемі бір нәрселерді түртіп алумен болды. Әр ақын сөзін зор зейінмен тыңдап, қошаметшіл көбіктеу сөзді қабағымен тыйып тастаңқырап отырды. Асыл сөзді құлағы шалса, жадырап, жасап қалады.
Бір үзілісте түстеп анық көру ниетімен қасына келдім де:
– Мұха, ақындар сөзін саралау ойындасыз ғой деймін, қаламыңыз түспейді, – дедім.
– Жаңа сөзді, теңеулерді терем. Бұлардың әрқайсысын бір-бір жапырақ қағазбен ноқталап, тілдерін байлап қойдық қой, еріктеріне жіберсек, сөздің не шұрайлысын естір едік, – деп өкініш білдірді. Осы пікірін кейінірек және бір есіне салғанымда:
– Бәлі, сөз шіркінге шекара болушы ма еді, тере білсең байсың, термесең, іздемесең, естімесең сөз екеш сөзге де жарымайсың. Сөз дегеніміз жазушының азығы ғой, – деп масаттана сөйледі. – Уақытың болса мені шығарып сал, жақын жерде – Калинин көшесінде тұрамын.
Бірге келе жатып, Мұхаңның өткен жолы айтыста сөз аңдып отырған қалпын еске түсірдім.
– Бәлі, сен оны әлі ұмытпаған екенсің ғой. Жүр, үйге кіріп сөйлесейік, – деп Мұхаң мені үйге алып кірді. Үйге келгесін, әуелі пәтерін жөндеп бермей жатқан қалалық ұйымдарға өкпесін айтып алды да, сосын сөз туралы үзілген әңгімені қайта жалғастырып әкетті.
Мұхаңа тән қасиет – бір нәрсені бастаса, оны жеріне жеткізбей тынбайтын. Осынша нұрлы сөзді, сонша нәрлі теңеуді қайдан таба береді екен деп таңданасың. Мұхаңның сондағы айтқандарын теп-тегіс жадыңа сақтап қалу қиын. Дегенмен, сол жолғы мәслихатымыздың дені әлі күнге ойымнан кеткен жоқ.
– Сен сөздің дертін қайта-қайта есіме сала бердің-ау. Бірақ, көңіліңе келмесін, сендер оның қадір-қасиетін жете түсіне бермейсіңдер, – деп бір қойды да, кідірмей ойын жалғастыра берді. – Сөз шіркін де адам секілді ғой. Оның да ала-құласы көп. Орнатқан жеріңе қорғасындай құйыла қалатын орнықты сөз бар да, қурайдың басында қылп-қылп етіп ұшып кеткелі тұрған торғайдай ұшқалақ сөз бар. Сіздің жақта арбаға екі атты парлап жекпеуші ме еді. Сонда желісті, күшті атты түпке салады да, ал басын садақша иіп, сәнді қырындап отыратын сұлу жылқыны қасына жегеді. Сөздің де сондай жүк тартқыш түптегісі мен қиғаштап сұлу жүретін маңайламасы болады. Халық соны біліп, сөз екеш сөзді де «одағай сөз, сүйкімді сөз, сайқал сөз, салқын сөз, жылы сөз» деп түр-түске бөліп жүр ғой. Біз жазушы болғандықтан осының барлығын білуіміз керек. Солай мәні мен әріне, әуені мен мүсініне қарап електен өткізіп, сұрыптап алмасақ, жазған шығармаларымыз әлде бірдемеге ұқсап кетер еді. Халық арасында небір жаңа сөз, жаңа ұғымдар туып жатады, бұл табиғи процесс. Солардың шала туғандары өліп, мезгілін біліп туған өміршеңдері қанаттанып, қажетке асады. Құдайға шүкір, сөздік қоры жағынан қазақ тілі ешкімнен кем де, кедей де емес, әдебиетіміздің қаулап өсуінің бір себебі осында жатқан сияқты.
Әңгімеге таң қалғаным сонша:
– Мұха, бұл менің ойыма да келмеген жәйт екен, – деп шынымды айттым.
– Бәлі, о не дегенің! Көрмейсің бе, жазып жүрген жігіттеріміздің біразының тілі сақау, баланың тіліндей әрі шолжаң, әрі жұтаң емес пе? – деп, Мұхаң бір жымиып қойды. – Сен менің ақындар айтысындағы сөз жиғанымды тышқан аңдып отырған мысыққа ұқсатыпсың.
– Ол теңеу ғой, Мұха, көңіліңізге келіп қалып па еді? – деп, ақталған болдым.
– Теңеуің дұрыс-ау, бірақ сөз тышқан емес те, мен мысық
емеспін ғой. Сен сөздің қасиетін жетік білсең, әлгі бір құрғырларға теңемес тс едің-ау, – деп күліп жіберді.
Сасқанымнан: «Әрине, Мұха», – деп, айыбымды мойныма алдым.

(Мемлекет қайраткері Ілияс Омаровтың естелігінен)

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*